«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев қыс мезгілінде темір жол көлігінің жүрісі мен жолаушы тасымалының қалыпты қызмет атқаруын қамтамасыз ету туралы селекторлық жиналыс өткізді.
Қыс басталғалы бері ауа райының қолайсыздығы Қазақстанның барлық аймақтарында төтенше жағдайлар тудырды. Қар көшкіні, бұрқасын, қатты жел, көктайғақ күрделі көлік проблемаларына алып келді. Бірнеше ұшақ сапарлары кейінге шегеріліп, көлік жолдары жабылды. Желтоқсан айы ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 156 жабылу оқиғасы тіркелді. Жаңа жылдың 5 күнінде көлік қозғалысына 50 рет шектеу қойылды.
Кейбір жол телімдерінде ондаған көлік, жүздеген адам қар тұтқынында қалып қойды. Ауа райының күрделі жағдайында темір жол қозғалысы баяулаған жоқ, бірқалыпты жұмыс істеді. Бұл кезеңде пойыз көліктің ең қолжетімді және қолайлы түрі болып, жолаушылар ағынының едәуір өсіміне әкелді. Жолаушылар саны жаңажылдық мерекелер кезінде анағұрлым өсті. Ауа райының күрделі жағдайында темір жол кешенінің қалыпты қызметін қамтамасыз етуге «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ көп көңіл бөледі.
«Барлық қызметтер күшейтілген, айрықша жұмыс тәртібіне көшірілді. Қауіпсіз және үздіксіз тасымалды қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қолданылуда», – деді Қ.Алпысбаев өзінің сөзінде. Желтоқсанның соңғы он күнінде және қаңтардың басында көбінесе ұзын құрамды жолаушылар пойыздары жұмыс істеді. 44 жолаушылар пойызына қосымша 500 вагон, кейбір күндері тіпті 7200 орын сыйымдылығы бар 80-ге жуық қосымша вагондар тіркелген.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Н.Қилыбайдың айтуынша, 50 мыңнан астам жолаушы қар құрсауынан шығарылған. Өткен жылдың желтоқсанында 2 млн-нан астам жолаушы тасымалданыпты. Бұл – 2015 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 100 мың адамға көп.
Желтоқсан айынан бері қарай тұтастай алғанда 746 мың текше метр қар шығарылып, 81 мың км темір жол тазаланған. Селекторлық жиналыс кезінде Ақмола, Қарағанды, Павлодар жол бөлімшелерінің жетекшілері ауа райының күрделі жағдайында тасымалды қамтамасыз ету бағытында қолданылып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Ал компания басшысы Қ.Алпысбаев қосымша тіркемелерді іске асыру үшін жолаушы вагондарының толық резервін пайдалану керектігі жайында тапсырма берді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»