Алматыда Универсиада-2017 ойындарына қатысатын спортшылардың бір күндік калория нормасы талаптары анықталды.
Дирекция мәліметіне қарағанда, 4000-4500 калория аралығында болады. Енді атлеттер үшін ас мәзірін дайындаған кезде осы норма ескеріледі.
Спортшыларға арналған тәуліктік тамақтану нормасында ет, сүт өнімдері, астық бұйымдары секілді маңызды өнімдер қарастырылған. Сондай-ақ, атлеттердің дұрыс зат алмасуын сақтау үшін оларға пайдалы сусындардың барлық түрлері ұсынылады.
Осылайша қысқы ойындар 110 000 килограмға дейінгі мөлшерде ет өнімімен, соның ішінде қой, жылқы, тауық және күркетауық етімен қамтамасыз етіледі. Универсиада-2017 спортшылары мен қатысушыларына арналған тағам үлестіру бекеттеріне шамамен 6100 кг-ден ұн өнімі мен 60 000 кг-дан астам сүт өнімі жеткізіледі.
Универсиада кезінде спортшылар мен ресми делегациялар мүшелері, FISU техникалық делегаттары, халықаралық техникалық мамандар (ITOs), ұлттық техникалық мамандар (NTOs), еріктілер, БАҚ өкілдері, медициналық қызметкерлер, Ұйымдастыру комитеті, FISU Family өкілдері тамақтандырылатын болады. Сондай-ақ, Атлеттер ауылында қазақтың ұлттық, еуропалық жерортатеңізілік, азиялық, вегетериандық және халал секілді бес тағам түрлерін дайындайтын 1000 орынға шақталған асханалар жұмыс жасайды.
Универсиада еріктілері үшін тамақтандыру ланч-бокстар түрінде ұсынылады. Сондай-ақ, әрбір нысанның коммерциялық аймағында көрермендер мен жанкүйерлерге арнап тамақтандыру ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Алматы қаласының Тұтынушыларды қорғау департаментімен бірлесе отырып, Универсиада-2017 ойындары кезінде Тамақтандыруға бақылау жүргізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешені дайындалды. Осылайша спортшылар мен қонақтардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы қамтамасыз етіледі. Нысандарда гигиеналық нормативтердің қаншалықты сақталып отырғандығын тексеру бағытында зертханалық зерттеулер мен аспаптық өлшемдер жүргізіледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ