Алматыдай үлкен шаһарда «Ақсай нанын» жемейтін адам некен-саяқ болар. Өйткені, 200-ден астам нан-тоқаш түрін пісіретін комбинат өнімдерінің дәмін қазір алматылықтар ғана емес, Талдықорған, Астана, Қызылорда, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларының тұрғындары да татып отыр.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева, Мәжіліс депутаттары – Серік Сейдуманов, Жәмила Нұрманбетова, Серік Құсайынов, Гүлнар Бижанова, Ольга Шишигина Алматы қаласындағы аса қуатты және ірі кәсіпорынның бірінен саналатын «Ақсай нан» өнімдері комбинатының цехтарын аралап, жұмыс үдерісімен танысты.
Кездесуде Мәжіліс депутаттары алдымен мемлекеттік бағдарламалар туралы сөз қозғады. «Бұл бағытта 500 миллионнан аса шаруашылық нысандары өз күштерін біріктіре алады. Бізге уақыт талабына сай жаңа инновациялық технологияға негізделген, ауыл шаруашылығының барлық өнім түрлерін өңдеп, пайдаға асыратын соңғы үлгідегі агроөнеркәсіптік индустрияны дамыту қажет. Бұл жаңа бағдарлама, міне, дәл осы мақсатты көздейді», – деді Г.Исімбаева.
«Ақсай нан» комбинаты қызметкерлерінің қойған сауалдарына жауап берілді. Сондай-ақ, депутаттар соңғы жылдары ел Парламентінде агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа заңдар қабылданғанын атап айтты.
Депутаттар, сондай-ақ, пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған кеңейтілген жиынға қатысып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ