Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен сенатор Әли Бектаев аймақ әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі сенаторларды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпаратпен таныстырды. Ж.Түймебаев облыста ауыл шаруашылығы қызу қарқынмен дамып келе жатқаны, аймақта жылыжайлар саны арта түскені, мақта өсіру саласында да ірі жобалар іске асырылғаны туралы айтты.
Сенаторлар Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуде Парламенттің заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Б.Бекназаров «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары белгіленген стратегиялық бағдарламаларды іске асыруға арналған жүзден астам заңдардың қабылданғанын атап өтті.
Төраға орынбасары Парламент қабылдаған тарихи құжат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияға Түркістан тұрғындарының назарын аударды. Б.Бекназаров ширек ғасырда елімізде ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік саладағы өзгерістер болғанын атап өтті. «Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен стратегиялық көзқарастары еліміздің дамуында қазақстандық табысты жолды нақты белгілеп, өсіп-өркендеуге мүмкіндік берді», – деді Төраға орынбасары.
Парламент қабылдаған заңдарды түсіндіре келіп, Б.Бекназаров «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының ережелері туралы айтып берді. Ол заңдардағы орман, су қорын пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлерден шөп шабу және онда мал жаюға қатысты ережелерді одан әрі жетілдіру көзделіп отырғанын түсіндірді. Жергілікті өзін өзі басқару туралы заңға жайылымдарды басқару мен пайдалану мәселелері бойынша шешімдерді талқылау мен қабылдауға азаматтарды тартуға бағытталған ережелер қосылатын болады.
Кездесу барысында аймақ жұртшылығы осы саланы жетілдіру туралы өз ұсыныстарын айтып, институттық реформаларға қолдау білдірді және оларды іске асыруға белсенді қатысуға әзірліктерін жеткізді.