Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2017 жылы Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін мән-маңызы жоғары 10 негізгі оқиғаға шолу жасады. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алмасу алаңында аталған институт директоры Ерлан Қарин биыл Орталық Азия елдері үшін аса маңызды саналатын оқиғалар туралы айтып берді.
Бірінші маңызды оқиға – әлемдік тауар нарықтарының бірте-бірте қалыпқа келуі, Орталық Азия елдерінің экономикаларында конъюнктураның жақсаруы.
Институт директоры 2017 жылы əлемдік тауар нарығының қалыпқа келуі күтілетінін жеткізді. Мұнай бағасының өсуі мен оның жыл бойы 50-65 доллар аралығында тұрақталуы нəтижесінде 2017 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы былтырғы көрсеткіштен шамамен 20-25%-ға артады. Бұл Қазақстан шикізат экономикасының 2-2,5% мөлшерінде елеулі өсімін көрсетеді.
Екінші маңызды оқиға Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия жəне Иран сияқты мемлекеттердің ішкі саяси үдерістеріне байланысты.
Спикердің айтуынша, 2017 жыл Орталық Азия елдері үшін жергілікті трендтерден бөлек, сыртқы ойыншылардың ішкі саяси үдерістері де айтарлықтай маңызды болады. «Биыл Ресейде президенттік сайлауға дайындық жүреді. Сонымен қатар, күзде Қытайда ең басты саяси оқиға – Коммунистік партияның ХІХ съезі өтеді. Онда ҚКП ОК-нің, ҚКП ОК Саяси бюросының жəне ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің құрамы едəуір жаңарады деп күтіледі.
АҚШ-та жаңа əкімшіліктің келуімен негізгі мемлекеттік құрылымдарда жаңа топтар қалыптасады. Аппарат алаңының қайта құрылуынан елдің жаһандық стратегиясы əрі қарай қалай əзірленетіні шешіледі. Бір жағынан, Ауғанстандағы тұрақсыздық, Ресейдің белсенділігі мен Қытайдың қарқынды өсуі жағдайында АҚШ Орталық Азия аймағында өз мүддесін сақтап қалса, екінші жағынан, жоғарыда көрсетілген мемлекеттердің Орталық Азия елдеріне қатысты іс-əрекеттері көп жағдайда «Трамп факторына» байланысты болады.
Түркиядағы конституциялық реформаға қатысты референдум мен елдің президенттік басқару жүйесіне көшуі, сондай-ақ, осы жылдың мамыр айында өтетін Ирандағы президенттік сайлау да аса маңызды оқиғалар болып табылады. Жалпы алғанда, аймақтағы жəне аймақтан тыс негізгі ойыншылардың ішкі саяси үдерістердің жаңа кезеңіне өтуі Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылдарының одан арғы траекториясына жанама да, тікелей де əсерін тигізеді», – дейді Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
Келесі маңызды оқиға Орталық Азия халқының демографиялық жағдайына байланысты болып отыр.
Спикер 2017 жылы Орталық Азияның демографиялық дамуында бетбұрыс болатынын атап өтті. «Аймақтың халқы 1991 жылы 51 млн болса, соңғы 25 жыл ішінде халықтың саны 34,4%-ға ұлғайып, 2016 жылдың басында 68,6 млн адамды құрады. Ал соңғы 5 жылда өсімнің орташа қарқыны 1,2%-дан 1,7%-ға дейін жеткен. Осындай оң үрдістің сақталуы 2017 жылы Орталық Азиядағы халық санының 70 миллионға жетуіне немесе одан да асып жығылуына мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Е.Қарин.
Аймақтағы тағы бір маңызды оқиғалардың бірі Өзбекстанның жаңа басшылығымен байланыстырылып отыр.
Институт директоры атап өткендей, 2017 жыл Өзбекстанның жаңа басшылығы үшін алғашқы əрі маңызды жыл болмақ. Осы жылдың «Халықпен диалог жəне адам мүддесі жылы» деп жариялануы, мемлекеттік басқару жəне сот жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ, елдің əлеуметтік-экономикалық саласын ырықтандыруға қатысты жарияланған негізгі реформалар ұлттық маңызға ие болып қана қоймай, бүкіл аймақтың дамуына тың серпін бермек.
Түрікменстан мен Қырғызстандағы президенттік сайлаулар да аймақтағы маңызды оқиғалар қатарына кірді.
Спикер биыл Түрікменстан мен Қырғызстанда президенттік сайлаулар өтетініне назар аударды.
Орталық Азия елдері үшін аса маңызды алтыншы оқиға – Таяу Шығыстағы шиеленістер контексінде аймақта террорлық қауіп-қатерлердің сақталуы.
Институт директоры Сирия мен Иракта қақтығыстардың жалғасуына байланысты терроризм қауіп-қатері әрі қарай да қауіпсіздік саласындағы халықаралық күн тəртібін қалыптастыратынын атап өтті. «Соның шеңберінде Орталық Азияның кейбір елдерінде радикализмнің ішкі алғышарттары мен терроризм қаупі сақталып қалады. Таяу Шығыстағы ахуалдың өзгеруі жағдайында орталықазиялық содырлардың қайта келу қаупі де бар», – дейді ол.
Жетінші маңызды оқиға – Ауғанстандағы тұрақсыздықтың сақталуы.
Стратегиялық зерттеулер институтының шолуына сәйкес, 2017 жылы Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай өте күрделі болып қала береді. Негізгі сын-қатерлер көп жағдайда елдің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігіндегі шекаралас аймақтардағы «Талибан» қозғалысының əскери белсенділігіне, сондай-ақ, ДАИШ пен əл-Каиданың белгілі бір жақтастарының болуына байланысты туындауы мүмкін.
Келесі маңызды оқиға Орталық Азия халқының Интернеттегі белсенділігіне байланысты.
Соңғы жылдары Орталық Азияда Интернет пен əлеуметтік желілерді қолданатын халық үлесінің артуы байқалады. 2010 жылдан бері оның көлемі 2 есеге ұлғайды – 14,5 млн адамнан 29,9 млн-ға дейін. Шолуға сәйкес, биыл Орталық Азияда Интернет қолданушылар саны кемінде 30 млн адамға немесе аймақ халқының 45%-ына жетеді.
Тоғызыншы маңызды оқиға – Орталық Азия аймағында қытайлық инвестиция өсімінің жалғасуы.
Болжам бойынша, 2017 жылы Қытайдың аймақтағы экономикалық үрдіске араласуы нығая түседі. Оған Қытайдың Орталық Азия елдері үшін басты сауда серіктесі ретіндегі позициясының сақталуы мен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы қозғаушы күш болуы мүмкін.
Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген шолуға сәйкес, аймақтағы оныншы маңызды оқиға – әлемдік ауқымы бар аса маңызды іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырған Қазақстанның биыл әлем назарында болуы.
Биыл Қазақстан аймақтық жəне халықаралық үдерістерге белсенді қатысады. 2017 жылдан бастап еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енді, сонымен бірге, Қазақстан Универсиада-2017, ЭКСПО-2017, ШЫҰ саммиті жəне АӨСШК бастамасының 25 жылдығы сияқты маңызды халықаралық оқиғалардың алаңына айналады. Осы орайда, стратегиялық зерттеулер институтының шолуына сәйкес, биыл Қазақстанның әлем назарында болуы аймақтағы аса маңызды оныншы оқиға саналып отыр.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»