Қасым Аманжолов – 100
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», – деген едіңіз-ау, аяулы Қасым аға! Ендеше, айтыңызшы, тыңдап көрейік. «Аманжол Рақымжанның Қасымымын, Мен қалған бір атаның ғасырымын. Біреуге жұртта қалған жасығымын, Біреуге аспандағы асылымын. ...Өмірге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын. Дауылдай өртке тиген өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!» Осылайша жыр дауылын сапырып ғұмыр кешкеніңізге қалың қазақ жұрты еш шүбә келтіріп көрген емес. Бүгінде туған халқымыздың ортасында жүрсеңіз, «Қасым Аманжолов ақын 100 жасқа толды» деп алақайлап бөркімізді аспанға атар едік. Бірақ, «өзі де, көзі де жоқтың» кері болғандай... Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуының жер-жерлерде аталып жатқанына шүкіршілік етеміз. Ал сол Мұқағали көзі тірісінде: «Бүгін менің туған күнім, Ой, пәле-ай! Мына адамдар неғып жатыр тойламай?! ...Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, – Мынау – шапан, – Мынау – атың, мін! – демей?!» – деп налығаны да есімізде. Қасым аға-ау, кейде тірілердің сөйтетіні бар. Сіздің де: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытамын, Өзімді, әйелімді, жас баламды», – деп ашынғаныңыз енжар жандарға шығарған үкімдей еді-ау. Мұқағали екеуіңізді теміржол рельсінің қос тағанындай етіп қатар алуымыздың да өз жөні бар. Өйткені, біздіңше, екеуіңіздің болмыстарыңызда рухтық біртұтастық, керемет құдіретті ұқсастық барлығын сезінетіндейміз. Сіз жайында енді Мұқағалидың өзін сөйлетіп көрейікші: «Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым. «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің Әммесінен Қасымның десі басым. ...Жеді, Тынды... Керемет дерттер төніп, Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп. Қасым деген - қалғыған жанартау ғой, Жанартау ғой, Жанды да кетті өртеніп. ...«Бір күй бар домбырамда...» (Иесі Қасым ), Қасым солай болмаса, несі Қасым!? Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын!..» Біздің де мақсатымыз – Мұқағали сөзімен қайталасақ, «Қасымын есіне алсын!..» деген ойдан туындайтын жай. Отан соғысы майданына аттанып, Орал өңірінің тұсынан өтіп бара жатқаныңызда: «Оралым, менің Оралым, Кетейін алып майданға, Айтпақшы, қайда бораның?!» – деп боранның өзін майданға ала кетпекке, кек толы жүрегіңізді жауға бомба етіп жаруға даяр едіңіз. Ал жауды жеңіп, елге оралып келе жатып: «Келемін қайтып, өлеңімді айтып», – деумен бейбіт-бағзы өмірдің жырын қайта толғаған едіңіз. «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз» аты өлең-әндеріңізге қоса, композиторлар Әблахат Еспаев пен Мұрат Ыбыраевтардың сіздің «Ақ сәуле», «Туған жер» атты жырларыңызға жазылған әндері Қазақ радиосы мен теледидарларының алтын қорына еніп, сан сахналардан шырқалып келеді. Жә, жетер, қайран Қасым аға, әйтеуір, еліңіз аман, жұртыңыз тыныш. Есіл ерін қандай жұрт елеусіз қалдырар дейсіз. Ұйқыға бейімдеу халықпыз ғой, мүмкін, ояна алмай жатқан шығармыз. Айтпақшы, Қасымның кіндігін кескен, туып-өскен өлкесі Қарағанды мен Қарқаралысы, армысыздар!? Өзгені қайдам, әйтеуір, халықтың ересек буыны дауылды жыр сұңқары Қасым ақынын мәңгілік қастерлеп, естерінде сақтайтынына титімдей де күмән жоқ. Рухыңызға тағзым етеміз, асыл ағатай! Тұяқберді ШӘМЕЛОВ, Қазақстанның халық әртісі, Құмарбек СЫДЫҚҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері. Алматы.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше