18 Наурыз, 2011

Халықаралық маңызы бар заң жобалары мақұлданды

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жа­новтың жетекшілігімен өткен жалпы отырыста депутаттардың талқысына бірнеше заң жобасы шығарылды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. «Патент құқығы туралы шарт­ты ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Әділет минис­трі­нің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Камал Бұрханов қосымша түсінік бер­ді. Баяндамашы қазіргі жағ­дай­да ғылыми-техникалық әлеует жа­салатын зияткерлік меншік са­ла­сын­дағы үдерістердің маңызы күн өткен сайын артып келе жатқанын айтты. «Халықаралық патенттеу сала­сын одан әрі жетілдіру, ең ал­ды­мен, әлемде бар үздік техно­ло­гияларды қолдау. Ол үшін мемлекеттер зияткерлік меншікті барабар қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Біздің өнертабыстарды шетелде қорғауды, басқа мемлекеттер қо­сыл­ған халықаралық шарттарға қо­сылу және шетелдік өнертап­қышт­ар алдында тиісті міндеттемелер алу арқылы қамтамасыз етуге болады. Осы жағдайда, шетелде біздің өнертабыстарға патенттерді алу және шетелдіктер Қазақстанда патентті алу жөнінде бірыңғай қа­ғи­даттар мен бірыңғай ережелер қам­тамасыз етіледі. Қазіргі таңда өнертабысқа патентті алу 90-жыл­дардың басында қосылған Патенттік кооперация туралы шартпен (142 мемлекет қатысушы) және Еу­разиялық патенттік конвенция­ның (9 ТМД мемлекеттері) рәсім­деріне сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, патенттеу саласын бұдан әрі жетілдіру мақсатында 2000 жылғы 1 маусымда 140-тан астам мемлекеттің қатысуымен Дү­ниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) қамқор­лы­ғы­мен шақырылған Дипломатиялық конференциясында Патент құқығы туралы шарт қабылданды, осы шарт 2006 жылғы 1 қаңтарда кү­шіне енді. Осы шарт өтінімді беру, патент алу және сақтау талаптарын жеңілдетеді», – деді Ә.Аманбаев. Патент құқығы туралы шартқа қосылу азаматтарға ұсынылған құ­жаттарға формальді талаптарды біріздендіруге және жеңілдетуге, құ­жаттарды ресімдеу кезінде жіберілетін қателіктерді азайтуға, патентке құқықтарды жоғалту жағ­дайларын азайтуға бағытталған артықшылықтарға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, патенттеудің қиын рәсімдерін жойып, патенттік ведомстволар өз функцияларын тиімді түрде жүзеге асыра бастайды және сол арқылы өз шығындарын да қысқартады. Заң жобасы талқылаудан кейін толықтай мақұлданды. Келесі кезекте «Шанхай ынты­мақта­стық ұйымына мүше мемле­кеттердің терроризмге қарсы құра­лым­дары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы, сондай-ақ «Қа­зақстан Республикасы мен Ита­лия Республикасы арасындағы страте­гиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жо­басы, «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әс­керлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қой­малары жанындағы тыйым салын­ған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сы (екінші оқылым) талқыға салынды.