ісі заман талабына сай жаңаша құрылғанда ғана тиімділік әкелетін болады
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Осылайша елімізде медициналық сақтандыру жүйесі қайта қолға алынды. Бұл ретте біз заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болған, бүгінде медицина саласының білікті маманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВАҒА жолығып, қазіргі жүйенің тәуекелдері қаншалықты жан-жақты ескерілгендігін және өзге де сұрақтарымызға жауап беруін өтінген едік.
– Зәуреш Жұманәліқызы, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі жатыр. Бұған қандай факторлар ықпал етті?
– Жаһандық қауіптер – әлемде қарт адамдар санының өсуімен, ең алдымен, инфекциялық саналмайтын аурулардан туындайтын денсаулық сақтау саласындағы шығынның артуынан, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесіне ресурс қамтымдылықты жаңа технологияларды енгізу есебінен артып отыр. Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, өткен онжылдықта жыл сайын әлемдегі денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы өсімі 350 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда экономикасы дамыған елдерде әрбір адамға медициналық қызмет көрсету 3000 АҚШ долларын құраса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде 2011 жылы ол орташа есеппен 3300, ал АҚШ-та 8500 долларға дейін жетті. Бұл елдерде денсаулық сақтаудағы шығын ІЖӨ-нің 7 пайызын (Чехия), Германияда 11 пайыздан жоғары, АҚШ-та 17 пайызын құрады.
Денсаулық сақтауды қаржыландырудың салмағы әдетте (ІЖӨ-нің 2,5 пайызы) мемлекеттік бюджетке түседі. Мемлекет тарапынан тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлкен маңыз беріліп келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әлемдік дағдарыстарға қатысты экономикалық қиындықтарға қарамай, мемлекеттің әлеуметтік саясаты өзгеріссіз қалады – ел тұрғындарының денсаулығын қорғау басым бағыт саналады және денсаулық сақтау секторын қаржыландыру төмендемейтін болады дегенді ұдайы айтып келеді. Соңғы 10 жылда жүйені мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,3 есеге өсіп, 2015 жылы 867 миллиард теңгені құрады. Алайда, мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Мәселен, 2015 жылы әрбір адамға шаққанда денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы шамамен 49 мың теңгені құрады. Бұл – өте аз.
– Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолданысқа енгізгеннен не ұтамыз?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізудің негізгі мақсатын бірнеше қырынан қарастыруға болады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тұрақтылығы; тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету; денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйымдар бәсекелестігін құруға бағытталған жаңа экономикалық қатынастарды дамыту; нарыққа бағытталған басқару жүйесін енгізу және медициналық көмекті ұйымдастыру; тұрғындардың үнемі өсіп отырған сұраныстарын қанағаттандыру үшін денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестігін және қаржылық-тұрақтылығын құру; жаңа медициналық технологияларды ендіру және медициналық мекемелердің негізгі құралдарын дер кезінде жаңартып отыру үшін жағдай жасау; медициналық мекемелердің бюджетін толықтыра және медициналық мекемелердің (мемлекеттік және жекеменшік) арасындағы бәсекелестікті арттыра отырып, тұрғындарды жоғары сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және сақтанушылар құқығын қорғау институтын құру. Ең бастысы – тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін ояту. Бұл үшін бюджеттік ұйымдар медициналық қызметкерлерін бәсекеге қабілетті болатындай жалақымен қамтамасыз етулері қажет.
МӘМС тұрғындар арасында, әсіресе, ірі кәсіпорындардағы, сондай-ақ, мемлекеттік ұйымдар мен ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге бағытталған. МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмысшының (тұрғындар) ынтымақты жауапкершілігі негізінде құрылады және медициналық ұйымдардың экономикалық еркіндігі, олардың МӘМС бағдарламасына кеңінен қатысуы арқылы бәсекелестік орта қалыптастыру көзделеді. Қаржыландырудың жаңа арналарының пайда болуы – жұмыс берушілер мен жұмысшылардың медициналық сақтандырылуы, яғни мемлекет, кәсіпорын мен тұрғындар арасындағы денсаулық сақтаудағы жауапкершілікті тиімді бөлісу үшін алғышарттар жасайды.
– Мемлекеттің МӘМС-ке төлем жасалуын 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыруына не себеп болды?
– Негізгі себебі, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) күнтізбелік жылға бірдей есептелген, сондықтан асығыстыққа бармау жағы алдын ала ойластырылды. Кез келген қаржылық қатынастар жылдың басынан енгізілуі тиіс. Сөйтіп, мемлекеттің МӘМС Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай – қор) төлейтін төлемдері 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы кіріс келтіретін жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылардың, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың аударымдары мен төлемдері де 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 шілдесіне ауыстырылды. Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 5, 6 және 7-баптарында қарастырылғандай, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алатын жеке тұлғалардың құқығы мен денсаулық сақтау ұйымын таңдау және МӘМС жүйесінен алатын медициналық көмек ауқымын анықтау 2018 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асырылатын болады.
– МӘМС енгізу ерікті медициналық сақтандыруды дамытуға кері әсер етпей ме?
– Ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) қосымша бағдарлама болып табылады. Сондықтан оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қатар қоюға болмайды. Өйткені, МӘМС – мемлекеттік әлеуметтік бағдарлама, ал ЕМС – кәсіпорындардың өз қызметкерлерін әлеуметтік қорғау жөніндегі жергілікті бағдарламасы. ЕМС жұмыс берушілер үшін қосымша ауыртпалық екенін де айта кету керек.
Сонымен бірге, МӘМС шеңберінде медициналық қызмет көрсетудің жаңа моделі келесі кемшіліктер мен тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Жүйені толық қаржыландырмаудың салдарынан еңбек нарығы сегменттерінің «көлеңкеге» кетуі тәуекелі де анық байқалады. Өйткені, ауылдық елді мекендерде өзін өзі жұмыспен қамтығандар қарасының көп, өз кезегінде ондайларда жұмыссыздық мәртебесі де болмайды, сол секілді әйелдердің көп бөлігі үй шаруашылығында. Сондықтан олар МӘМС бойынша медқызмет пакетімен қамтамасыз етілмейді. Заңда мемлекет жұмыссыздар қатарында тіркелгендерді сақтандыруды қамтамасыз етсе, үй шаруасындағы әйелдер өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарында қалып қояды. Мұның барлығы әйелдердің, әсіресе, жүкті әйелдер денсаулығының нашарлауына алып келмей ме? Егер жұмысшының жалақысы кешіктіріліп берілсе, не болмаса оның жұмысы мезгілдік (уақытша) сипатта болса, онда МӘМС шеңберінде дер кезінде көмек көрсетпеу жайы (әрине, бұл уақытша факторлармен байланысты емес, мұның бір бөлігі МӘМС туралы заңда қарастырылған) нақты шаралар алуды қажет етеді.
Қазіргі таңда тиісті министрлік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеуде. Бұл жоғарыда айтылған кейбір олқы тұстардың оңтайлы шешіліп, МӘМС-тің тиянақты атқарылуына мол мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»