11 Қаңтар, 2017

Қаланы ауылға айырбастағандар

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
81094731_w640_h640_nizouhod8Ақтөбе облысы Ойыл ауданы тұрғындарының барлық тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке тәуелді. Облыс орталығы алыс. Темір жол да жақын емес. Сондықтан да халықтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Егемендіктің елең-алаңында ауылдардың ажары тайып, жұрт қалаға қарай қоныс аударған еді. Қазір керісінше, ауылды өркендетуге ниетті. Оған төменде келтіріліп отырған екі мысал да дәлел бола алады.  

«Мирастың» мұраты

Қуаныш Қыстаубаев – Ақтөбе қаласындағы жайлы орны мен қызметін тастап, Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылына қоныс аударған азаматтардың бірі. Осында «Мирас» шаруа қожалығын құрып, кәсібінен нәсіп таба бастады. Қазір шаруашылығында 87 ірі қара, 90 жылқы, 100-ден астам қой бар. – Негізгі мамандығым – тарихшы. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргенмін. 1994 жылы Ойылға отбасыммен көшіп келіп, осы кәсіпті қолға алдым. Қазір шаруашылықта мал басы өсті, 10 шақты жұмысшы бар. Ай сайын тұрақты жалақыларын алады, шама-шарқым жеткенше көмектесіп тұрамын. Ауылға келген соң бұрынғы кеңес дәуірінен қалған бос тұрған наубайхананы қалпына келтіріп, жөндеп, соның орнынан өз қаржыма наубайхана аштым. Бұл істі кейін зайыбым Күлжамал қолға алды. Өткен жылы 18 миллион теңге несие алып, наубайханамызды кеңейтіп, оған қажетті заманауи құрылғыларды сатып алдық. Бүгінгі күні онда нан, кон­ди­тер­лік өнімдер, сондай-ақ, тұшпара, тар­тыл­ған ет сатылады. Сондай-ақ, аудан­дағы бірқатар мектептерде асхананы жал­ға алып, оқушыларға ыстық тамақ дайын­даймыз. Қазір қырыққа жуық адамды жұ­мыспен қамтып отырмыз, – дейді Қуаныш. Зайыбы Күлжамал аудан орталығында шағын маркет ашып, онда азық-түлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арзан бағамен ұсынылады. Шыны керек, тұрмыс-тіршілікке қолай­лы қаладан ауылға қоныс аударуға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Қуаныш пен Күл­­жамалдың ісіне күмәнмен қараған­дар да болды. Алайда, уақыт өте келе олардың ойы­ның дұрыстығына көздері жетті.  

Бау-бақшаны баптаған бағбан

Екпетал ауылының тұрғыны, жас бағбан Расул Ерсейітов те облыс орталығынан қоныс аударған азамат. – Бұрын Ақтөбе қаласында тұр­дым.­ Еурожөндеумен айналыстым. Денсау­лы­ғыма байланысты құрылыстан қол үзуге тура келді. Жолдасым Жазира оқу бітірген соң жас маман ретінде ауылға көшіп келдік, қазір ол мектепте мұғалім. 2009 жылдан бау-бақшалықпен айналысамын. Нәтижесі жақсы. Үйімнің аула­сындағы аядай жерге еккен бау-бақшамды тамшылату әдісімен суардым. Оның құралдарын қолдан жасауға тура келді. Алғашқыда жеке үйімнің ауласындағы үш сотық жерге құлпынай өсірдім, – дейді ол. 2014 жылы құлпынай өсіретін аумақ­ты кеңейтіп, одан алынатын өнім мөлшері туралы толыққанды жоба әзір­леп, байқауға ұсынған екен, облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Ақтөбе стартап» байқауында үздік танылып, нәтижесінде 2,5 миллион теңге несиеге ие болған. Расул Ерсейітов «Ойыл құлпынайы» деген атаумен өсірген өнімін аудан, ауыл базарларына шығарады. Жас бағбан үйінің ауласындағы үш сотық жермен шектелмей, құлпынай алқабын 1,5 гектарға жеткізді. Одан әр жазда үш рет өнім алады. Расул құлпынайды жылыжайда да өсіргісі келеді. Бос жатқан жерлерді түрлі жеміс ағаштарының бағына айналдыру да ойында бар. Ойыл селолық округінің әкімі Дәурен Бисебаев Ақтөбе қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Амангелді Жалмағамбетов пен Гүлжан Әмірованың Ойылға қоныс аударып, өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқанын айтқан еді. Ал ауданның өзге ауылдарына барып, шаруамен айналысып жатқандар қатары жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, бір бүйірдегі Қараой ауылына облыс орталығынан барып мал өсіріп отырғандар бар. Мұның өзі ауылдардың ажары кіре бастағанының айқын дәлелі. Олай болатын да реті бар. Өткен жылдың соңына қарай аудан орталығы – Ойыл селосына көгілдір отын барды. Әр ауылда ауыз су мәселесі шешілген. Электр қуаты тұрақты беріліп тұр, телефон байланысы, интернет жұмыс істейді. Елді мекендердің барлығында мектеп, балабақша, медпункт, кітапхана, клуб, сауда орындары бар. Ақтөбеден Ойылға баратын күре жол асфальтталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы