Есіл ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6,9 миллиард теңгенiң бу қазандығы салынуда. Бұл өңірдегі ең ірі әрі тұрғындар сұранысындағы аса қажет жоба саналады.
Мердiгер компания – «Щучье қазандық-механикалық зауыты» ЖШС бас директоры Марат Ахметовтің айтуынша, нысанда бүгiнде геодезиялық жұмыстар толық аяқталған, аумақ қоршалып, вахталық қалашық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, болашақ қазандықтың iргетасы қаланып, қабырғалары көтерілген.
– Жобаның жалпы құны 6,9 миллиард теңгенi құрайды. Бу қазандығын салу аудандағы барлық жеке үй секторын, мемлекеттiк мекемелер мен жеке кәсiпорындарды жылумен үздiксiз қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, бұл жобаны жүзеге асыру қаланың экологиялық жағдайын барынша жақсартатыны белгілі. Өйткенi, осы нысанды пайдалануға беру нәтижесінде 10 ұсақ бу қазандығы өз жұмыстарын тоқтатады. Қазандық жұмыс жоспарында көрсетілген мерзiмде, яғни 2018 жылдың қыркүйек айында толық қуатында іске қосылады, – дейді Марат Нұрсейітұлы.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы