11 Қаңтар, 2017

Ақтауда ұзақ жылдар бойы салынған үй пайдалануға берілді

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11-01-17-aktau

Ақтау тұрғындарына 10 жыл салынған тұрғын үйдің 15 пәтерінің кілті табысталды, деп жазады lada.kz. Айта кетейік, 12 шағын аудандағы 36 үйдің үлескерлері құрылыстың аяқталуын 2006 жылдан бері күтіп келді. Бұл үй құрылысының ұзаққа созылуы компанияның сотқа тартылу салдарынан болған еді. Ол үлескерлер құйған 250 миллион теңгенің 110 миллионын ғана құрылысқа жұмсаған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 200 миллион теңге қайтарылуы тиіс қаржы бөліп, жаңа мердігер тағайындады. Осы он жыл ішінде үлескер Анара Батыхованың отбасында үш бала дүниеге келді. Оның отбасы да қоныс тойын тойлаушылар қатарына ілікті. «15 пәтердің кілтін табыстады, бұл әзірге тек бір ғана кіреберістікі. Жуық арада қалған отбасыларға да кілттері беріледі. Тұрғын үй иелерінің барлығының атынан облыс әкіміне көмек қолын созғаны үшін алғыс айтамын», - деді үйдің тұрғыны Анара Батыхова. Сондай-ақ, жергілікті билік тұрғын үйде лифттінің болмауы себепті басқа кіреберістегі тұрғындарға қоныстануға рұқсат бермей отыр. Өйткені, лифт құдығына адамдар құлап кетуі мүмкін. Ал, Ақтау әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов қаңтар айының ортасына дейін лифт орнатуға уәде берді.