Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына біраз уақыт болды. Басында Қазақстан, Белорусь, Ресей біріккен экономикалық бірлестікке кейіннен Армения мен Қырғызстан келіп қосылды. Қазіргі күні бұлардың жағдайы қалай? Әрине, аталған елдерде болып жатқан басты жаңалықтардан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардармыз. Бірақ бұлтартпас заңды дерек көзі – статистика не дейді? Осыны білмек болып, одақтың басты атқарушы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтына кіріп, одақтың статистикалық деректеріне назар аудардық. Олардың кейбірінің қалыңдығы бір кітап боларлықтай екен. Біразын ақтарып шыққанымызбен, соның бәрін ежіктеп көрсетіп отыруға газет мүмкіндігі келмейді. Сондықтан негізгі назарды экономикалық ахуалдың басты көрсеткіші – ішкі жалпы өнім көлемі, оның жан басына шаққандағы көрінісі және орташа айлық жалақы туралы деректерге аудардық.
Алдымен одақтың мүмкіндіктері мен шикізат байлықтары туралы бірер сөз:
Жер шарындағы құрлықтың 14 пайызын алып жатқан одақ аумағында 182,2 миллион халық тұрады. Әлем бойынша мұнай өндіруден 1-інші, (жылына 600 млн тонна), газ өндіруден 2-ші (жылына 700 млрд текше метр), шойын өндіруден 3-ші (жылына 50 млн тонна), электр қуатын өндіруден 4-ші (жылына 1 200 млрд кВт-сағат), болат өндіруден 5-ші (жылына 75 млн тонна), көмір өндіруден 6-шы (жылына 470 млн тонна) орын алады. Картоп, бидай, ет өндіруден де алдыңғы орындарда. Осылай бола тұра өнеркәсіптік өндірістің дамуы тұрғысынан, өзінің шикізат байлықтарының көлемімен салыстыра қарағанда, біршама кенжелеп қалғандығы байқалады. Өйткені мұндағы өнеркәсіптік өндірістің үлесі әлемдік өндірістің 3,7 пайызын ғана құрайды екен. Міне, осының барлығы Еуразиялық экономикалық одақтың даму әлеуеті өте зор екендігін, мұндағы ашылмаған мүмкіндіктердің мол екендігін білдіреді.
Дегенмен жаңазамандық технологиялардың дамуы жағынан әлем елдері жылдам алға басып барады. Бұл жағдай технологиялық даму тұрғысынан әлемдік бәсекеге төтеп беру мәселесінде одақтық дамудың жеделдігіне біршама қысым түсіреді. Міне, осы тұста Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіре отырып, әлемдегі ең дамыған елдердің басын қосып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын негізге алуы, индустрияландыру ісімен түбегейлі шұғылдануы өте дұрыс саясат екендігіне тағы көз жеткізе түскендейміз.
Енді одақ елдерінің жағдайына келейік.
Армения Республикасында 29,7 мың шаршы шақырым аумақта 2 999 мың адам тұрып жатыр екен (2016 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша). Халқының жерге орналасу тығыздығы тұрғысынын алғанда 1 шаршы шақырымға 101 адамнан келеді. Жерінің көлемі Қазақстаннан 91 есе, халқының саны 5,8 есе аз.
Белорусь Республикасында 207,6 мың шаршы шақырым жерде 9 489 мың адам орналасқан. 1 шаршы шақырымға 45,8 адамнан келеді. Жерінің көлемі Қазақстаннан 13 есе, халқының саны 1,8 есе аз.
Қырғыз Республикасында 199,9 мың шаршы шақырым аумақ бар. Мұнда 6 019 мың адам тұрады. 1 шаршы шақырым жерге 30,1 адамнан келеді. Жерінің көлемі Қазақстаннан 13,6 есе, халқының саны 2,9 есе аз.
Ірі көршіміз Ресей Федерациясында 17 125,2 мың шаршы шақырым жер болса, бұл жерге 146 545 мың адам қоныстанған. 8-9 адамға 1 шаршы шақырым жерден келеді. Жерінің көлемі Қазақстаннан 6,2 есе, халқының саны 8,2 есе үлкен.
Сонымен жоғарыдағы көрсеткіштерден айқындалғанындай Қазақстан жерінің көлемі, халқының саны жөнінен де одақтағы Ресейден кейінгі екінші үлкен ел болып табылады.
Ал енді елдердің өнеркәсіптік даму деңгейіне келетін болсақ, Арменияда өңдеу өнеркәсібі осы өндіріс түрінің 61,9 пайызын, Белорусь елінде 88 пайызын, Қырғызстанда 77 пайызын, Ресейде 66 пайызын құрағанда, Қазақстанда 39,3 пайызын ғана құрайды екен. Бұл көрсеткіш осы елдер экономикасының тарихынан біршама хабар береді. Кеңес одағының тұсында біздің еліміздің басқа республикалардың шикізаттық базасы ретінде қалып кеткендігін көрсетеді. Қазір біз осы бір олқылықты индустрияландыру бағдарламасын қолға алу арқылы еңсере бастадық. Әрине, индустрияландыру дегеніміз бір күннің немесе бір жылдың ғана шаруасы емес. Ұзаққа кететін үдеріс. Екінші жағынан алғанда, бізде мұнай мен газ, көмір секілді көмірсутегі қорлары мол болғандықтан олардың өндірісі экономикалық салалардағы өңдеу өнеркәсібінің үлесінен басым түсетіндігі шындық. Әйтпесе, Армения мен Қырғызстандағы өңдеу өнеркәсібінің даму деңгейі соншама бір алысқа ұзап кетті деп айта алмас едік. Мұны статистикалық деректер де дәлелдейді. Мәселен, 2015 жылы Арменияда 1 718 миллион доллардың өңделген өнімдері өндірілсе, Қырғызстанда 2 092 миллион доллардікі өңделген. Ал Қазақстанда – 25 936 миллион доллардың өнімдері. Салыстыра қарасақ, біздікі 15-12 еседей артық. Белорусь елінде жағдай басқаша. Мұндағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 39 465 миллион доллар. Сонда жері шағын, елі шағын, ІЖӨ-сінің көлемі бізден үш еседей кем ел өңделген өнімдерді бізден 1,5 есе артық шығарып отыр. Міне, осының барлығы Кеңес Одағының кезіндегі біздің шикізат шылауында қалғандығымыздың кесірі.
Сонымен жалпы ахуал түсінікті. Енді елдердің қазіргі жағдайына назар аударайық. Ол үшін әңгімені мемлекеттердің жалпы қуатын айқындайтын ІЖӨ көрсеткішінен бастайық. Бұл мәселеге келсек, 2015 жылдың қорытындысында Арменияда 10 561 миллион доллардың, Белорусь елінде 53 508 миллион доллардың, Қырғыз елінде 6 572 миллион доллардың, Қазақстанда 184 359 миллион доллардың, Ресейде 1 332 086 миллион доллардың өнімі өндіріліпті. Мұның өзі Ресей Қазақстаннан 7,2 есе экономикалық қуатты, ал Қазақстан Армениядан 17,4 есе, Белорусьтен 3,4 есе, Қырғыз елінен 28 есе қуатты деген сөз.
Бірақ мұның өзі елдер экономикасының жалпы көлемі туралы түсінік бергенімен, оның халық жағдайына жасайтын әсер ету мүмкіндігін аша алмайды. Ол үшін біз ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемін айқындап алуымыз керек. Еуразиялық экономикалық комиссия ресми түрде жариялап отырған статистикалық деректерге назар аударсақ, бұл жайында мынадай мәлімет бар: 2015 жылдың қорытындысында елдегі ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы жылдық көлемі Арменияда 3 515 доллардан, Белорусь елінде 5 639 доллардан, Қырғыз елінде 1 154 доллардан, Қазақстанда 10 478 доллардан, Ресейде 9 099 доллардан айналған. Демек ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі жағынан 2015 жылдың қорытындысында Қазақстан бірінші орынға шығып отыр.
Біз неге жоғарыда келтірген деректерімізде 2015 жылдың қорытындысын негізге алып отырмыз. Себебі 2016 жылдың деректері толық емес. Еуразиялық экономикалық комиссияның есептерінде 2016 жылдың қорытындысы әлі жасалмаған. Өйткені мұндай қорытындыны әзірге елдердің үкіметтері де жасап үлгірген жоқ. Сондықтан одақтың атқарушы органының сайтында 2016 жылдың қыркүйек, қазан айына дейінгі деректер ғана келтірілген. Бірақ сол кезеңнің өзінде 2015 жылғы жалпы жағдайдың өзгере қоймағандығын байқадық. Мәселен 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы деректерде осының алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ішкі жалпы өнім көлемі Арменияда 100,5 пайыз, Белорусьте 97,1 пайыз, Қырғыз елінде 102 пайыз, Қазақстанда 104,4 пайыз, Ресейде 99 пайыз көрсеткіш көрсеткені келтірілген.
Енді орташа номиналдық айлық жалақы туралы сөз қозғасақ, 2015 жылдың қорытындысында Қазақстан бұл жөнінде де топ бастап тұр екен. Яғни орташа айлық жалақы көлемі Қырғызстанда 206 доллардан, Арменияда 386, Белорусьте 413, Ресейде 560, Қазақстанда 565 доллардан айналған. Ал орташа зейнетақы жағдайына келсек, бұл жағынан Ресей мен Белорусь зейнеткерлерінің біршама жақсы тұратындығы байқалды. Мәселен Ресейде ол 173 доллар, Белорусьте 156, Қазақстанда 122, Арменияда 85 доллар көлемінде болып шықты. Қырғыз елінде бұл жөніндегі дерек келтірілмеген. Осы ретте биыл елімізде орташа зейнетақы көлемі 25 пайызға көтерілетіндігін айтуға болады. Демек, бұл жөніндегі кемістік те еңсеріледі деп есептейміз. Өйткені өткен 2016 жылы Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне қаржы күткендегіден әлдеқайда мол түсті. Мемлекеттің халық алдында мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жақсы мүмкіндігі бар.
Сонымен қорыта айтқанда, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы жағдайы осал емес. Экономикамыздың әлеуеті мен қуаты жағынан Ресейден кейінгі екінші елміз. Ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі, жалақы көлемі жағынан алдыңғы орындамыз. 2016 жылдың қорытындысы біздің ел үшін экономика саласындағы жағымды жаңалықтарға толы болды. Жылды табыспен қорытындыладық. Демек одақ ішіндегі алар орнымыз еңселенбесе, төмен түскен жоқ деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»