Мен көрген Алматы өте әдемі қала, әсіресе, жазда. Іле Алатауының етегінде орналасқан шаһардың кез келген жерінде тұрып, басыңды көтерсең, шыжыған шілдеде де ұшар басын мұз басқан тауларды көресің. Алатау шатқалдарынан асаулана аққан мұздай су Алматы ауасын салқындата сарқырайды. Мұнан да бөлек, 130 ұлттан құралған шаһардың тату тұрғындары сияқты, қаланы көмкерген жайқалған ағаштар оның ажарын аша түседі.
Айтқандай, дәл осы жолдарды мен аяқталған жылда Кореяда корей, ағылшын, жапон, қытай тілдерінде күн сайын жарық көретін «Аджу Бизнес Дейли» халықаралық іскерлік газетінде жаздым да. Осы мақалам 2016 жылы 24 қарашада корей тілінде жарық көрді. Енді мақаламның мазмұнын бұзбай, Қазақстандағы ең таралымы үлкен газетке елші ретінде достық ниетпен ұсынып отырмын.
Мұндай сұлу сипатты, шежірелі Алматы тәуелсіз Қазақстан мен жаңа тарихтың куәлігі іспеттес. Қазақстан бұған дейін де екі рет астанасын ауыстырған. Қазақ АССР-інің тұңғыш астанасы Қызылорда болса, 1927 жылы бұл статус Алматы қаласына көшіпті.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, аймақтарды біркелкі дамыту мақсатында елордасын қазіргі Астана қаласына ауыстырған. Алайда, Алматы әкімшіліктік қала дәрежесінен айырылғанымен, бұл мемлекеттің мәдени және қаржылық-экономикалық орталығы саналады.
Оңтүстік мегаполистің 1 миллион 700 мың тұрғыны бар, Қазақстанның ІЖӨ-нің 22 пайызын береді. Республика бойынша сауда-саттық көлемінің 41 пайызын құрайды. Алматыда қаржылық институттардың 90 пайызы орналасқан. АҚШ, Ресей Федерациясының, ҚХР, Германия елдерінің Бас консулдықтары да осында. Аса беделді БҰҰ, ЕҚДБ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ХВҚ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдардың кеңселері де Алматыда орналасқан.
Мен қала көшелерімен жиі қыдырамын. Соңғы уақытта мұндағы электрондық таблолардан, автобустардан, тіпті кішігірім дүкен әйнектерінен де Алматының жаңа логотипін жиі көзім шалады. Онда 1000 саны мен Алатаудың келбеті, қызыл алма, Күн шапағаты сияқты атрибуттар бейнеленгенін көріп жүрмін. Кейіннен білгенім: бұл логотип ең үздік нышан ретінде «Алматының 1000 жылдығы» байқауында үздік атанған екен.
Осы байқаудан бастау алған бұл шаһардың 1000 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өтілді. Қала әкімшілігі осы халықаралық ұйыммен бірігіп, тамаша мерейтойлық шаралар ұйымдастырды. Бұл – мерекенің тарихи мәні өте жоғары.
Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін тарихын қалпына келтіріп, әдебиеті мен мәдениетін зерттеп, мемлекет тұтастығына сәйкестендіруге көп күш-қуат, қаражат пен қажыр жұмсады. Нәтижесінде 2014 жылы «Алматы Халықаралық мәдени форумында» бірінші қарар қабылданып, яғни Алматының жасы туралы ЮНЕСКО атына Үндеу жазылды. Келесі жылы-ақ ЮНЕСКО аясында 2016 жылы атап өтілетін мерейтойлық даталарға Алматының 1000 жылдығы қосылды.
Әрине, қалалардың дәл жасы қашанда даулы мәселе. Бірақ Алматының жайлы климаты мен географиялық орналасуына қарап, мұнда әлімсақтан, ежелгі замандардан-ақ адамдар өмір сүргенін түйсінесің. Және мұны біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырларда осы жерде өмір сүрген скифтердің тарихи зерттеулері де дәйектейді. Оған қоса, 1969 жылы бір топ қазақ ғалымы Есік қорғанынан Алтын адамды тапқан. Бұл алтын киімді адам сол замандардағы мәдениеттің жарқын айғағы. Сол сияқты Ұлы Жібек жолы бойында, яғни Кіндік Азияда, Еуразия орталығында дамыған ежелгі мәдениеттің болғаны даусыз.
Ғалымдардың мәлімдеуінше, Х ғасырдың өзінде мұнда майда өндіріс, әкімшіліктік басқарма, сауда-саттық пен мәдениет, қаланың қызметтік құрылымы болған. Демек, бұл Х ғасырдан бастап ХІ ғасырдың соңына дейін Қазақстанның оңтүстік-шығысында және Түркістан аумағында дәуір кешкен Қараханид әулеті кезінде Алматы шаһары болды деген сөз. Алайда, мұны айғақтайтын тарихи құжаттық деректер аз болғандықтан, тура 2016 жылы Алматыға 1000 жыл болады деп айту қиын. Сондықтан қазір ғалымдар қаланың жасын әлі де зерттеуде. Демек, қаланың жасы мың жылдан да тереңде болуы бек мүмкін.
Ал қазіргі заманауи Алматы 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде «Халықаралық инновациялық форум» өткізіп келеді. Мақсат – қаланың дамуына Орталық Азияның назарын аударып, Алматыны әлемдік орталықтардың біріне айналдыру. Өзім де V инновациялық форумға қатыстым. Мендегі осы қалаға деген құрмет оның дамуына, әлемдік деңгейдегі қалаға айналуына, бизнес пен өмір сүруге жайлы болуға үлесімді қоссам деген құлшынысымды оятты.
Алматы Еуразияның оазисі ретінде биыл өтетін Универсиада мен Астанадағы ЭКСПО-дан кейін әлем назарын өзіне аударады. Жаңа Жібек жолы бойында Еуропа мен Азияға ашылған алып қақпа ретінде өз орнын айшықтай түсетініне сенемін.
ЧЖОН СЫНГ МИН,
Корея Республикасының Алматыдағы
Бас консулдығының бас консулы
АЛМАТЫ