1991 жылғы шілде айында Талдықорған облысындағы «Қапал-Арасан» шипажайында демалған едім. Димаш ағаның, Дінмұхамед Қонаевтың жеке сауықтыру шипажайы да сол жерде болатын. Санаторийдің сол кездегі бас дәрігері Базарбек Тұрғанбаев мені ертіп барып сол кісімен арнайы таныстырды. Димаш аға мұнда жылда келіп демалады екен. Жанында жеке дәрігері, жүргізушісі және аспазы бар. Димекеңнің саяжайы алты бөлмелі болып шықты. Бізді, үш-төрт кісіні қонақ бөлмесінде өзі қарсы алды. Келгенімізге қуанғаны жүзінен көрініп тұрды. Қайдан келгенімізді, ауыл-аймақтың жағдайын, қалай демалып жатқанымызды сұрады. Ағаның жанында үш-төрт сағат отырып қалыппыз. Шығып бара жатқанымызда әрқайсымыздың қолымызды алып тұрып, өзіне келіп тұруымызды өтінді. Есікке дейін шығарып салғанының өзінен үлкен кішіпейілділікті, қарапайымдылықты аңғардық.
Бұдан кейін Димаш ағаға мен жиі-жиі барып тұрдым. Аға массажды өз бөлмесінде, ем-домды көпшілікпен бірге қабылдайтын. Мені өзіне ерекше іш тартып тұрды, қасында болғанымды қалады. Таңғы асты ішіп, ем-домды алғаннан кейін ағаның жанында болуды мен де әдетке айналдырдым. Бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, серуенге шығатын кезде мені күтіп отыратын болды. Мені қасына ертіп, үнемі бірге жүретін болдық.
Бір күні мені тез жетсін деп Димекең көлігін жіберіпті. Спорттық киіміммен бара салған едім, аға костюм-шалбар киіп келуімді тапсырды.
– Галстугің жоқ болса, шифонерді ашып, қалағаныңды ал, – деді. Өзімде галстук бар екендігін айттым.
– Онда тез киініп келе қой, сыртта екі көлік күтіп тұр, – деді.
Сөйтіп, біз Талдықорғанға кеттік. Ағаның жанында жүріп, қаладағы талай басшылардың үйінде қонақта да болдық. Күндердің күнінде менен өзінің жанына көшіп келуімді өтінді. Жеке дәрігері бір шаруалармен сұранып кеткен екен. Жанына көшіп барып едім, риза болып қалды. Мүмкіншілік болған кезде біз де ол кісіні арнайы жерге қонаққа шақырып тұрдық. Зухра жеңгеміздің дүниеден өткеніне үш жылдай болған кез еді, дін басшыларын, имамдар мен демалушыларды шақырып, ас беріп, құран да оқыттық. Ризашылығын білдіргісі келді ғой деймін, бірге жүрген күндерден естелік болсын деп бірге суретке түсу үшін Талдықорғаннан арнайы суретші шақырыпты. Суреттің сыртына өз қолымен: «Құрметті Аппазға! 10.07.1991 жыл. «Қапал-Арасан» деп қолтаңба жазып берді. Оған қоса мекен-жайы, телефон нөмірі жазылған есімхатты, Жапонияға барғанда алған бір галстугін сыйлады. Сондай-ақ, ол кісі Талдықорған қаласындағы кітап дүкендерінің бірінен «Нәубет» деген кітап алдыртқан еді, қолтаңбасын қойып, оны да маған сыйға тартты. «Алматыға жолың түссе хабарлас» дегені әлі есте.
Бүгінде Димекеңмен түскен сол сурет те, «Нәубет» деген кітап та Шымкент қаласындағы Қонаев мұражайында сақтаулы тұр.
Мен содан кейін Димаш ағамен кездескен жоқпын. Қу тіршіліктен қол тимей, әне барамын, міне барамын деп жүргенде сұм ажал ағамызды өмірден алып кетті.
Дінмұхамед ағамызбен он бес күндей бірге жүріп, дәмдес болған сәттерімді еске алып, ол кісінің алып түлғалы ұзын бойын көз алдыма елестете отырып, айтылған ақыл сөздерін, есіме түсіріп, бөлісуді жөн көрдім. Димаш ағамен жүздескенде аңғарғаным – бөгде сөзге жоқ, өзі өмір бойы шылбырын ұстаған саясаттан әңгімені аулақ бұрып, көбіне адамның жеке басының абзал қасиеттерін сөз етеді екен.
Барлық білімін, қабілетін өз халқына арнап, рухани болмысын пәк ұстап, кісілікті тек еңбектен іздеген адам екен. Алды кең, адамды ашық-жарқын өзіне тартып отыратын. Еңселі түрінен нұр жауып тұрғандай ғажап жан екендігі білінетін. Дидарласқан шақтарымызда менің байқағаным: Димекеңнің жүзінен риза болған мейірімді күлкі көрінетін. Өте жоғары мәдениеттілік, сыпайылық, тазалық, ұқыптылық, имандылық, инабаттылық және кішіпейілділік қасиеттерімен қоса, әңгімешіл екен. Бір көрген адамның атын ұмытпай, ешкімді жатырқамай, бұрыннан танитындай үйіріп әкететін қасиеттеріне таңғалдым.
Димекең тағамды талғап, тек адал асты ғана жейтін еді. «Пейіш жемісі» деп алманы аршып жеуді, маған да тамақтан кейін алмадан көріңіз деген сыпайы ұсынысты әдетке айнал-
дырғаны әлі көз алдымда. Димекеңнің жұмсақ дауысы Алатаудың салқын самалындай есіліп тұрушы еді.
Бүгінде өзім, Алла аманшылығын берсе, тоқсанға жақындап қалдым. Өмірде талай қайраткерді көріп, дәмдес болдық, жақсы көңілмен сыйластық. Ал Димекеңнің болмысы солардың ешбіріне ұқсамайтын. Ағамыздың ақыл-парасаты биік, иманды дидарынан дүние балқып тұратын жан еді. Шипажайда күнде Димекеңмен бірге жүретінімді көрген өзге демалушылардың көбі менен ол кісімен таныстыруды, бірге суретке түсуге көндіріп беруімді өтінетін.
Димекең екеуміздің әңгімеміз таусылмайтын. Талай естеліктерін тыңдадым. Бірде ол кісі Қытайға барған сапарында Қазақстандағы геология ғылымы туралы баяндама жасаған екен. Қапшағай көлінің қалай пайда болғаны, Медеу мұз айдынының қалай салынғаны туралы да өз аузынан естідім. Бірге өткізген уақыттың бәрінде таза ауада, табиғат аясында серуендегенді жақсы көретін. Ол кісі мерген де болған екен. Димекең өз дәуірінің саясаты мен заңына орай әділ болуға тырысты. Өзінің айтуы бойынша да, жазған естеліктерінде де «Шамам келгенше қиянатқа жол бермеуге тырыстым» деп бастайтын әңгімесін. Қызметтен қуылып, партиядан шыққан талай бастықтың Қонаевтан қолдау тауып, әділ шешімді сол кісіден көргенін талай жерде талай адамнан естіп жүрміз.
Ол кісіні заманында өзге елдердің президенттері құрметтепті. Мәселен, АҚШ-тың президенті Дуайт Эйзенхауер 1960 жылы «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым, саясаткер халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы» деген екен. Ал Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру «Мейірім шуағымен, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» деп баға берген.
Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, Димекеңнің есімін жұрт үлкен құрметпен атайды. Қонаевтың өмірінен, қызметінен жас ұрпақ қандай өнеге, қандай тағылым алады? Енді соған тоқталып көрейік.
Біріншіден, үлкен қызметте жүрсе де адамгершілігін сақтап, ел алдындағы қызметін адал атқара білді. Димаш аға саяси көсем ғана емес, рухани көсем де бола білді. Ал рухани көсем алдында халық қашанда бас иеді.
Екіншіден, ол қандай биікке шықса да, лауазымның уақытша, адамгершіліктен басқасының баянсыз екенін терең ұққан.
Үшіншіден, Жаратқан иеміз оны текті етіп жаратыпты. Білімділігі, көрегендігі бір басқа, алдына келген адамның ар-ожданын ардақтап, сыйлап, мәртебесін көтеріп сөйлесетін. Кісінің сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдайтын.
Ол кісінің тағы бір қасиеті. Құдайды жоққа шығарған қоғамда Алласын ешқашан аузынан тастаған емес. «Қапал-Арасан» шипажайында ағаның «Иасын» сүресін ұзақ оқығандығы туралы сондағы молда кісі айтқан болатын.
Шай үстінде әзіл айтып, әйтеуір ішімізді пыстырмайтын. Мақалдатып, мәтелдетіп, шешен сөйлейтін, аздаған ақындығы да бар еді. Көңілі қандай кең, жаны дархан болса, жүрегі де жомарт еді. Шет мемлекеттен жеке есеп-шотына түскен каржыларды жетім-жесір, қарттар үйі, әлсіз, науқас жандарға аударып отырыпты.
Мен осылайша Димекеңнің жанында 15 күндей бірге болып, ақыл-кеңесін тыңдадым. Менің үлкен тұлғамен бірге болған сол күндерім тәлімге толы бір мектептей болды. Қазақта Димекеңдей көсем тұлғалы, данышпан, дарынды жан кемде-кем екендігіне көз жеткіздім. Мұны Алланың маған берген сыйы деп есептеймін.
Аппаз ДОСҚАРАЕВ,
тыл және еңбек ардагері,
Арыс қаласының құрметті азаматы