«Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы Алматыға оралды
Оқырман есінде болса, дәл 1 желтоқсан күні Алматы әуежайынан арнайы экспедиция Антарктидаға аттанып кеткен-ді. Араға 42 күн салып «Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы аман-есен Алматы әуежайына сәрсенбі күні таң алдында ұшып келді.
Оңтүстік қиырдан өздеріне аманатталған тапсырмаларды абыроймен орындап оралған экспедиция мүшелерін әдеттегідей БАҚ өкілдері мен экспедиция мүшелерінің ең жақын адамдары қарсы алды. Отандастарымызды тағатсыздана күткендер ара-
сында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Ұлттық география қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (QazaqGeography) өкілдері болды.
Әуежайға келгендер команда көшбасшысы, белгілі альпинист Мағжан Сағымбаевты, танымал спортшылар Ілияс Ғалымбеков, Юрий Юшин мен Дәулет Шәріповті қуана құттықтады. Көзі қарақты оқырман әу баста экспедицияның құрамында 7 адам бар болғанын білсе керек. Антарктиданы бетке алған қазақстандықтардың бір бөлігі 23 желтоқсанда өз міндеттерін орындап, қайтып келген болатын.
Экспедиция құрамындағы алғашқы топтың мүшесі Арман Баймұхамедов өздеріне жүктелген тапсырмаларды тиянақты түрде жүзеге асырғанын айтты.
– Біздің топ Алматыға 23 желтоқсанда келіп қонды. Бұл экспедиция негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқанын білесіздер. Ал бізден кейін сапарлары жалғасқан, кеше 11 қаңтарда ғана Қазақстанға қайтып оралған топқа 16 желтоқсанда ел Тәуелсіздігі тойланып жатқан кезде Мемлекеттік туымыз бен Қазақстан халқы Ассам-
блеясының байрағын Антарк-
тиданың ең құзар шыңы – Винсон биіктігіне қадау жүктелген болатын. Ал мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті атынан Қазақстан Ұлттық география қоғамының мүшесі ретінде жолға шықтым. Бұл сапарға үлкен іріктеу жүрген. Жас ғалымдар өздерінің зерттеп жүрген ғылыми жобала-
ры арқылы ҚазГео ұйымдастырған байқауға қатысты. Таңдау біздерге түсті. Біздер Антарктида құрлығында микробиолог Әлия Ерназаровамен бірге алдын-ала мақұлданған ғылыми жобалар бойынша зерттеулер жүргіздік. Экстремалдық жағдайда атмосфераның адам ағзасына әсеріне қатысты сынақтар жасалды. Бұл сапар өзін өзі толығымен ақтады деп ойлаймын. Қазір өзіміз жинаған мәліметтер бойынша бірінші есеп бердік. Ақпан айының соңына қарай, атқарылған ғылыми жобалар бойынша тек ҚазГео-ға толықтай есеп береміз. Сол сияқты суға қатысты да қызықты мәліметтер жиналды. Бұл жоспарда қаралмаған жоба болатын. Мүмкіндігіне қарай мұны да зерттеулерге қосу қарастырылуда, – деді эпидемиолог дәрігер Арман Баймұхамедов.
Сол сияқты экспедиция мүшелерінің әрқайсысының өзіндік ғылыми жұмыстары бар болғанын айта кетелік. Яғни, экспедиция аясында экология, биология және адам физиологиясы бойынша да зерттеулер жүргізілген. Әрине, айдан астам уақытта адам аяғы тие бермейтін Антарктида материгінде ҚазГео командасы түрлі қиыншылықтарға төтеп бергенін мақтанышпен атап өткен жөн. Әбден шыныққан, ұзақ та қауіпті сапарға машықтанған спортшыларымыз бен жас зерттеушілеріміз осының бәрін еңсерді.
Осылайша Қазақстаннан бастау алған «Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы Еуропа мен Оңтүстік Африканы басып өтіп, Чилидің Пунта-Аренас қаласына аялдап, өздеріне берілген тапсырмаларды түгел орындап, туған елге оралды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ