Ғалымдар Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) үздік деп таныған «Пенанг» клубының жартылай қорғаушысы Фаиз Субри соққан голдың құпиясын түсіндірді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Малайзиялық футболшыға Ференц Пушкаш атындағы сыйлық 9 қаңтар күні Швейцарияның Цюрих қаласында өткен салтанатты кеште табысталған.
Бұл голды 29 жастағы Субри ел чемпионатында «Паханг» командасына шамамен 35 метр жерден белгіленген айып добынан соққан болатын. Оның бағыттаған соққысы сөзбен айтып жеткізгісіз траекторияда ұшып, алыс тоғыздыққа кірген.
Ғажайып гол физика заңымен түсіндіріледі. Жыл голын салу үшін малайзиялық аяқдопшыға «Магнус әсері» көмектескен. Оған сондай-ақ, мұндай соққы жасау үшін ауа райының қолайлығы мен қақпамен арадағы қашықтығы да септігін тигізіпті.
Алғаш рет «Магнус әсерін» неміс физигі Генрих Магнус 1853 жылы жазған. Бұл физикалық құбылыс айналмалы дененің сұйықтық және газ ағыны кезінде айналып ағуынан пайда болады. Айналмалы нысан өз ортасында құйын тәрізді қозғалыс жасайды. Нәтижесінде дене тура ұшпай, өз бағытын өзгертеді. Футболшылардың әсіресе, айналдыра соққы жасағанының құпиясын ғалымдар осы құбылыспен түсіндіреді.