19 Наурыз, 2011

Сөз сойыл

1128 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
БАЛҒАБЕК ҚЫ­ДЫРБЕКҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ Сатира сарбаздары! Ауызы дуа­лы, тумысынан сайқымазақ, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжыңбас қалың көп­шілік, “Егемен Қазақстан” газеті өзінің “Сөз сойыл” әзіл-сықақ отауында жарияланатын өт­кір де өтімді, салмақты да сайқымазақ, ша­лым­ды да шат-шадыман әзіл-оспақ туынды­лар­ға, нақты да нанымды фе­лье­тондарға – Балғабек Қы­дырбекұлы атындағы жүлдені жалғасты­ра­ды. Жүлдегерге берілер арнайы диплом, жетпіс бес мың теңге сый-сияпа­ты­мыздың бар екенін ескертеміз. Ат­салысыңыздар, бақ сы­наңыз­дар. Жүлде шарттары: • Жүлдеге сатира-юмор, фелье­тон, әзіл-оспақтың бар­лық айдары арқылы берілген материалдар қатыса алады. Көлемі 3 беттен аспауы тиіс. • Бәйге материал­дары – жа­рия­ланған са­ти­ралық туын­ды­лар ішінен сұрып­талып алынады. • Жеңімпаз арнайы құрылған сарапшылар ал-қасы арқылы анықталады. • Жүлде жеңімпазы жыл басында (келесі наурыз айын­да) анықталып, жа­рия­­ланады. __________ Бәрекелді! «СӨЗ СОЙЫЛДЫҢ СЕРКЕСІ» «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауы бойынша белгілі жазу­шы-сатирик Балғабек Қыдыр­бекұлы атындағы жүлде үшін сайыс жалғасқан болатын. Міне, бүгін жүлде жеңімпа­зы анықталды. Сарапшылар алқасы­ның ше­­шімімен «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында жыл бойғы жарық көрген мазмұн­ды да көркем туындылары үздік деп танылған Ермахан Шай­хы­ұлына Балғабек Қы­дыр­бек­ұлы атындағы жүлде берілді. ЖҮЛДЕГЕР Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. 1966 жылы Түркістан қа­ла­сында дүниеге келіп, 1993 жы­лы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тә­мамдаған. «Қазақ университеті» баспасында редактор, «Түр­кістан» газетінде бөлім мең­ге­рушісі, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде аға оқы­тушы қызметтерін атқар­ған. Қа­зір «Айқын» газеті бас ре­дак­торының орынбасары. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. «Ауыз тие отырыңыз», «Бір түрлі кітап», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Мынауың жынды екен» атты кітаптардың авторы. * * * Жаңа жылға сұрақ: ЕТ АСА БІЛЕСІЗ БЕ? «Ет дегенде бет бар ма?!» деген мақалды қазекем сілекейін ағыза отырып, ынта-шынтасымен айтқан. Қазіргі жастар «Ет – етке, сорпа в морду» деп әжептәуір аран ашатын мақалды әзілге айналдырып жүр. Әрбір әзілдің түп төркінінде шындық жататынын ескерсек, еттің етке, сорпаның бетке құйылатыны рас. Етті қазақ пен қасқырлар өте жақсы көреді. Бірақ екеуінің арасында сәл-пәл айырмашылықтар бар. Қазақ етті қазанға салып, 2-3 сағат буын бұрқырата қайнатып, қамыр салып барып жесе, қасқырлар еттің қанын сорғалата жүріп, жылыдай жегенді ұнатады. Етті қойдың, сиырдың, жылқының тағы басқа адал жануарлардың етінен асуға болады. Ал Жайықтың бойынан болсаңыз,  онда қызыл балықтан да ет аса бересіз. Қазақ аптасына екі-үш рет ет асып жемесе, көңілі көншімейді. Тіпті базбіреулер күнде ет асып жейді десек, шындыққа қиянат жасамаймыз. Әсіресе, Қазақстанның Шығыс, Солтүстік, Батыс облыстарындағы қазақтар бір қойдың етін бір-ақ асса, оңтүстікқазақстандықтар бір қойдың етін соғым етіп, қыс бойы жапырақтап жеп шығады. Сондықтан да болар, Оңтүстік Қазақстанда туған экономистер көп. Соңғы уақытта банкротқа ұшырап жатқан банктер мен фирмалардың басшылары әлгі етті аямай асып жейтін Шығыс, Батыс, Солтүстік Қазақстаннан екендіктері шәк келтірмейді. Қазақ сүйген қызына өлең арнаса, сүйікті асына мақал шығарады. «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» дейді. Нағыз пәлсафа. Сосын қазақтың қарны ішінде емес, мына саусағының ұшында болады екен. Саусағы күймей, қарны тоймайды. Сондықтан қазақты суып қалған тағаммен алдаймын деу – бос әурешілік. Сол секілді, қазаққа ет асуды үйрету де жұмыртқаның тауыққа ақыл айтуымен бірдей. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы. ____________________________ ҚОЯН КЕЛЕ ЖАТЫР! Итке мініп, түйе айдаған, Алдына есек өңгеріпті. Бұл не деген ғажайып аң Артына ешкі бөктеріпті. Шын қазақ бол­са­ңыз­дар осы жұмба­ғымды ой­ланбай ше­шіңіз­дер­ші, кәнеки? Әрине, бұл ит аяқты, түйе ерін­ді, есек құлақты, ешкі құй­рықты қоян ғой. Әңгімемізді жұм­­бақтан бастаған себебіміз, кәдім­гі қояныңыз жұмбағы көп аң. Өйткені, оның жыл атын алып жылжып келгенде қысы қатты, жазы жұмсақ, мінезі елең-селең, бітімі ойқы-шойқы, бас­қан ізі қиқы-жиқы, жүрісі ұйқы-тұйқы, ойыны астан-кестең бо­латын еж­елгі әдеті. Сүйінші жұртым! Міне, ос­ын­­дай мінез-құлқымен, келбет-кейпімен, болмыс бітімімен қоян, яғни қоян жылы келе жатыр. Қоян қоңыр қойдай момын аң екені дүние жүзіне аян. Жан-жануар арасында қорқақтар кон­курсының алтын жүлдегері, зә­ре-құтсыздар ғылымдарының кан­­дидаты, су жүректер қоғамы­ның мүшесі. Бірақ «орыс арақтан қорқады, арақ қазақтан қорқады» дегендей, ең қызығы сол қазақ­тар, (соның ішінде Қытай мен Монғолияда тұратын қазақтар да бар) осы қояннан (анығы қоян жылынан) өлердей қорқады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен қаймықпаған, қужақ Голоще­ки­нің «Кіші Октябрінен» ықпа­ған, қазіргі экономика қысымы­нан қысылмаған қазекемдер қоян­ның қысымынан қатты сасады. Та­рих­қа көз салсақ, оның да себептері бар екен. Қояныңыз жайшылықта, өмір­­де момын болғанымен, жыл атын алып, 13 жылда бір соққанда арыстан айбарлы, жолбарыс жо­талы, айдаһар тісті болып келеді. Ертедегі қазақтардың ауызша жазылған архивтерінде өте құ­пия әрі ғажап ғылыми деректер сақ­талған. Одан қоян жылының ау­ыр зардаптарын оқысаңыз, ұйық­тап жатқанда шошып ояна­сыз немесе ояу отырсаңыз ұйық­тап кетесіз, тамақтанып отыр­саңыз өңешіңізден ас түгілі, арақ та өтпейді. Сол құжаттарға түңіл­сек те үңілсек: 1867-68 жылғы жал­пақ елді жайпаған жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылғы үрей­ді алған үлкен қоян жұты, 1891-92 жылғы күшті алған кіші қоян жұты, 1915-16 жылғы жұрт­тың ақыр-тақырын шығарған тақыр қоян жұты. Астапыралла, осы жұттар миллиондаған мал-жан­ды жұтып, қазақ елін жұта­тып кеткен! Қойекеңнің соңғы соқ­қысы 1963-64 жылы Кеңес өкі­ме­тінің керегесін қиратып кете жаз­дады. Малды аудандардың қора­лары қаңырап, малшылар аңырап қалды. 1945 жылы фа­шис­тердің күлін көкке, жеңісін желге ұш­ырған Кеңестің керемет қуатты танкілері малды ауыл­дарға кө­мекке келгенімен, қоян жылы­ның қары мен қырына әлі келмей қоясы шығып қалғанын көзіміз көрді. Міне, қоянның күші қайда жатыр! Демек қоян­нан қорқып қана қоймай, одан сау адам сауысқаннан бетер сақ­тануы да керек. Сақтан­баған­дар­дың бетін қойекең сауыс-сауыс етіп кетуі қиын шаруа емес. «Сақтансаң – сақтармын» деген сөз бар ғой. Бұл жылы әсіресе жұтқа ұшырап қалатын малды ауылдан гөрі жұтқан сайын жұтына беретін пәтшағар парақорлар ауылы сақ болғаны жөн. Өйткені, қоянның аяғы ұзын болғанымен, қолы қысқа. Сон­дық­тан ол пара алғанды иттің «несінен» де жек көреді! Олай болса жемқорлар мен парақор­лар, суыққолды сұмпайы сұға­нақ­тар жыл бойы пара дәметпей омалып отыра тұрғаны өте дұ­рыс. Есесін одан кейінгі жыл­дары еселеп қайтарып ала жатар. Дегенмен олар пара беретіндер ауыздарын «ұрып» кетіп, ұлып қалып, жоспарын орындай алмай ұят баспас үшін ұлу жылына келісімшарт жасап қойғаны өте орынды болмақ. Атын атамай-ақ қояйық, бірақ сотекеңдер мен қаржыпол­дың тегін малтабар­ла­ры да «ей, тәйірі, қоян ба?» деп қоқырайып қоянмен қоян-қолтық айқасқа өте қатты бара бермесін. Өйткені, оның қысы ғана емес, сұсы да, мысы да өте басым түсе береді. «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» дегендей, аты аталған «алғыштар» бір жылға шыдай тұрсын. Пара алмай-ақ күн көріп жүрген адал адамдарды сол арамдардың қанды көздері көріп, керең құлақтары естіп жүр ғой. Олардың тоңмойыңдары, қо­ла­пайсыз қолдары мен бастары темір торды сағынса, өздері білсін, бірақ түбі айтпады демесін. Қоянның бір қасиеті жыл атын арқаланып қай заманда келсе де ұры-қары сияқты ұрланып келмей, қыр көрсетіп, қырланып, суығын сүйретіп, сұс көрсетіп сұрланып келген. Оның мұндай мұңға батырар мұндарлық әдетін жақсы білетін қазекеңдер бая­ғыда оған үй-жай, ас-су әзірлеп, аузын алуға қам жасаған. Қойе­кең құрметіне Қоянды, Қоянжан, Қоянөлмес деп жер-суларға ат беріп, Қоянды жәрмеңкелерін аш­ып, жатса жастығы, тұрса төсегі, жесе жемі, ойнаса ойыншығы, қуса қуыршағы мен құйыршығы болған. Қоян келген бетте жаңа туған балаларына ел Көжек деп ұлына, Ақкөжек деп қызына ат қойып, алдынан шығарып, аузы­на түкіртіп, басқан ізіне аунатып әбден риза қылған. Алдаркөседей айлакерді тудырған қазақ та қу емес пе, шөп жейтін қоянға тәтті де дәмді өсімдіктер өсіріп, оған қояншөп, қоянжүзгін, қоянжын, қоянжүн, қоянсүйек деп ат беріп, айдар тағып, осы шөптерден қо­ян­гүл, қоянқұйрық, қоянбеде, қоян­жапырақ деген «гүл-пара» жасап ұсынған. «Берген перде бұзады» деген рас екен, Қоян жылы бұған жылы жүз танытып, үш жүзге бірдей жүз шайыс­пайтын жүз күндік райын да, шырайын да көрсеткен дейді. Бұл рас та болар, өйткені Қазақстан егемендік алғалы 1-2 рет келіп кеткен қоян қасқа тісін ақситқан жоқ. Қазақпыз. Мұны ұмытпайық. Құдайға құл, БҰҰ-ға мүшеміз. Ғасырлар жылжыған сайын біз де жыбырлап жылжып, өзгеріп келеміз. ХV-XVIII ғасырда Қаза­қия атанып, дәстүр, салтымыз, әдет-ғұрып, жөн-жосығымыз, «Же­ті жарғымыз» бар іргелі ел болдық. Шара бар ма, ХХ ға­сырда дінсіз, тілсіз, арақсыз аяқ аттамайтын, ғасыр соңында парасыз баспайтын орыс тілді, қытай киімді, кәріс мінезді халық болуға айнала жаздап­пыз. Алайда айнымас ата сал­ты­мыз оң жолға салып саналы салтымызды қайта қолға алдық. Олай болса, Қоян жылының да ырым-тыйымдарын, әдет-ғұрпын естілердің есіне сала кетейін. Қоян өте өсімтал аң. Ол жы­лына 3-4 рет балалайды. Сондық­тан биыл өмірге сәбилер көп келуі әбден мүмкін. Тек келін-кепшіктерді маңдайдан бір теуіп, көжектеріне көже бермей кететін қоянқылықтан сақтасын дейік. Бір ерекше айта кететін жай, екіқабат келіншектер қоян етіне жерік болып қалмасын. Бетін аулақ қылсын, зәуі сайтан оған жерік бола қалса одан көзі тостағандай, құлағы қалқайған, еріні жыртық, бірақ желмен жарысатын желаяқ туа­ды. Реті келсе сол келіндер қоян етін жемегені дұрыс болар еді. Тіпті жегісі келіп өліп бара жатса, туғанға дейін 24 сағат бұрын немесе туғаннан соң 24 сағаттан кейін жеуге рұхсат. Ұмытпай тұрып айта кетейін, ана қоянда айдалада кездескен жетім көжек­ті ба­уы­рына алып емізе беретін мейірімділігі мен балажандық қа­сиеттер тағы бар. Бұдан қазақы келіндер ғибрат алсын. Қоян туралы ел ішінде шикі сөз, қисық-қыңыр, мақал-мәтел­дер көп-ақ. «Түлкі жүйрік – дыбыс жоқ, қоян жүйрік – тыныс жоқ», «қоянның қарасын көріп қалжасынан түңіл», «қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді», «қоянды қамыс өлті­реді» деген сияқты намысқа тиетін қағытпа­ларды олар­дың құла­ғына жеткізбеген жөн. «Қоян аяғын жеген», «қояндай зы­тып», «қояндай қор­қып», «қояндай бұғып» дегендерді жыл бойы айтуға болмайды, қояннан ұят бо­лады. Қоян дегеніңіз басын бұрмай-ақ, жан-жағын 360 градус көріп отыратын көре­ген жануар. Сол сияқты ұзын құлағын қайшылап-қайшы­лап жіберіп, алыс-жақын­дағы сыбыс пен сыб­дырды естіп отыра­тын «өне­рі» тағы бар. Менің қоян туралы ар­тық-ауыс, теріс-керіс, қаңқу ой-пікір ай­та бер­меңіздер дегенім сол ғой. Егер аңшылардың қақ­панына не тұзағына байғұс қоян байқамай түсе қалса, оның аузына бір сәбіз тістетіп, босатып жіберсе, сауап­тың үлкені сол болады және аңшылардың сол сәттегі тілегі мен батасы періштенің құлағына бірден шалынады. Ұмытпай тұрып айта кетейін, қоян жылы Наурыз мерекесін ала келеді ғой. Бұл күні ұлттық салт-дәс­түрі­мізге сәйкес «қоян мен та­зы», «қоян то­бығын жұту» ойын­дары, «қо­ян қаш­­ты» салт­тары ұмыт қал­ма­сын. «Жиен­құ­­рық­қа» ал­саң да осы мерекеге қоян тұ­мағын, қоян ішік киіп, қоян жүн орамал тартқан өте жа­рас­ты іс. Алайда «нау­рызкөжеге» қоян етін, сүтін қо­суға бол­майды. Солай бо­ла тұрса да қоян­ның өті «қоян­шық» дертіне мың да бір ем! Айтқандай, ыр­ым бойынша қоян жы­лы туғандар қоян бауыз­­дамайды, оны ұр­май­ды, сөкпейді, боқ­­та­майды, қор­қыт­пай­ды, жаман сөз айт­­пайды. Тү­сінде де бұ­лай етуге бол­май­ды. Бірақ бұл жы­лы туған сәби­лерге Қоян­бай, Қоян­күл, Ақ­қоян, Тоқ­қоян, Кө­жек, Көжек­бай деп ат қо­юы міндетті түрде. Бұл жақ­сы ырым әрі қоян жы­лын сый­лау болып табылады. Ойбай, қоян келіп қалды! – Уа, Қойеке, төрге шы­ғыңыз! Наурыз тойына дәл келдіңіз. Не ішесіз, не жейсіз? Қоян сәбізден салат, қоя­наяқ­тан қуырдақ бар. Қоян­жұттан коньяк жұтыңыз, қо­ян­бедеден құрғақ шараптан татыңыз! Нау­рызкөжеден ау­ыз тиіңіз! Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ. Арқалық. _______________________ МЕН ЖАЙЛЫ МӘТЕЛСЫМАҚТАР Қоян көлеңке­сі­нен қорқады. * * * Бөрі байлауға көнбес, қоян айдауға көнбес. * * * Қоянның қарғысы қасқырға жетпейді. * * * Көкпар тартқандікі, қоян қаққандікі. * * * Қоян өзін қойға балайды да, «Әттең» деп құлағына қарайды. * * * Бір жылға қоян терісі де шыдаған. * * * Қашқан қоян жат­қан қоянды ала кетеді. * * * Күштілердің ал­дында – қоянменен бірдейміз, Әлсіздердің ал­дын­да – қоян емес, пілдейміз. _______________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.