Кенже бала туралы тақырып іссапарда жүргенде, Макинканың қарттар үйінде болған кезімде ойға оралып еді. Қарсы алдымда жанарымен жер шұқып қазақтың қара шалы отырды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, уақыттың қатал тезі тоздырғанымен, бір кезде екі иығына екі кісі мінгендей атпал азамат болғандығы андағайлап көрініп тұр. Сол азамат бүгінде тағдырдың салған жүгін көтере алмай, еңкіш тартқан, еңсесі төмен түскен. Еңсесі ғана емес, рухы да. Саусағының ұштары тынымсыз дірілдейді. Әлде жүйке, әлде сары уайымның салдары. Жүзіндегі айғыз-айғыз әжім өкінішпен өткен өмірдің терең соқпақтары тәрізді.
Бар айтары тәубә. Несі тәубә, қай жетістікке тәубә?!. Асарын асап, жасарын жасап, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жер басып тірі жүрген сегіз бала асқар тау әкеге қарамай кетіп, қарттар үйін паналап отырғандығы ма? Сол кезде ойыма қазақтың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан кенже бала дәстүрі оралған. Кенже бала дәстүрінің, қасиетті ұғымның оңбай ойсырағанынан шығар-ау, бұрын мұндай үйдің төріне озбақ түгілі, босағасынан аттап көрмеген қариялардың бойдағы қуат, жанардағы от азайғанда қарттар үйін паналауы.
Кенже ұл дегеніміз кім? Кенже бала – отбасының ең кішісі. Ықылым заманнан бері шаңыраққа ие болып қалу, ата-ананы бағу осы кенже баланың маңдайына жазылған парызы мен қарызы еді. Бүгінгі күні осы дәстүрдің пышақпен кескендей сап тыйылуы орны толмас өкінішке ұрындырып отыр.
– Өздеріңіз білесіздер, біз сегіз ағайындымыз ғой, – деді үй иесі Қонысбай, – қазір төртеуіміз Астанада, төртеуіміз Көкшетауда тұрамыз. Ал кемпір-шал ауылдан кеткісі келмейді. Қаншама шақырдық, енді қалған өлшеулі ғұмырды дүниенің рахатын кешіп, біздің ортамызда өткізіңдер деп. Отбасындағы үлкені болған соң інілеріме де ептеп құлаққағыс қылып көрдім. Бірақ, олардың ешқайсысы ауылға барғысы келмейді. Тіпті, әлдебір себептермен отбасынан ажырасқан, қазір уақытша жұмыссыз жүрген кіші інімнің де кемпір-шалдың қолына барып тұруына әбден болар еді. Ата-анамыздың жастары да сексенге таяп қалды. Енді ауылдық жерде мал ұстау, мал ұстағаны былай тұрсын, күнделікті суын тасып ішу, пешін жағу оңай емес қой. Әйтеуір, ел іші болған соң, елбесіп-селбесіп күн кешіп жатыр.
– Қазір қай жаққа қарасаң да мұндай көрініс тұнып тұр ғой,–деді төрде отырған Төребек ақсақал, – біздің елде 12 баласы бар отбасы бар еді. Әлгілердің тоғызы ұл. Солардың барлығы ұясынан қанаттанып ұшқан құстың балапандары тәрізді жан-жаққа тарап кетті де, шүйкедей кемпір-шал құдды бір жетімдер құсап ауылда қалды. Тіпті, айтуға ұят. Қазақтың бір әке-шеше он баланы асырай алады, ал, он бала жиналып ата-ананы асырай алмайды дегені рас сөз. Кей-кейде ойлайсың, сонда ата-аналар жанын жалдап, еңбек етіп, осы балаларды не үшін өсірді? Күнді түнге, түнді күнге ұластырып, табаны тастан таймаған тарланбоз тәрізді уақытпен санаспай еңбек етіп, әрбіреуін киіндіріп, ішіндіріп, өресі жеткенше тәлім-тәрбие беріп, оқытып-тоқытқан еңбегінің өтеуі осы болып па?
Ілкі заманда кенже ұл ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай өте қымбат бала болатын. Өйткені, ол осы қара шаңырақтың мұрагері және нақ иесі. Сол есептен де ата-ана оған үлкен жауапкершілік артып, өзінің ақыл-кеңесін айрықша ілтипатпен беруге тырысатын. Өзге баладан гөрі кенже баланы көбірек еркелететін. Әрине, отбасының үлкен балалары да ата-анасына көмек берулері керек. Бірақ, негізгі салмақ кенже баланың мойнында.
– Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын біздің отыз үйлі Егіндіағаш ауылында әулеттің қара шаңырағын ұстап қалған ағамның баласы, Мұқыш шалдың немересі Қазбек қана. Жасымыз жер ортасынан ауғаннан кейін жүріп-тұру қиын. Сонда да алтын бесік ауылды аңсап, сағынып барамыз. Сағыныштың самалы көкіректегі көп ойды тербеткенде, туған жердің гүлі түгілі, жусанын сағынасың. Сондай сапарда ат басын тірейтін жер – осы Қазбек отырған қара шаңырақ. Атамыз Мұқыштан қалған қара шаңыраққа ие болып қалған Қазбек інім мен Раушан келінімді осы білгендіктері үшін айрықша жақсы көремін. Келінімнің маңдайынан иіскеп, інімнің арқасынан қағамын. Біздің ауылда бұлардан басқа, қара шаңырақтың берекесін қожыратпай ұстап қалған кенже бала және жоқ, – дейді белгілі айтыскер ақын, журналист Жұмабай Есекеев.
Кенже бала жалғыз бір ғана шаңырақтың иесі емес екен. Бір шаңырақ, бір әулет былай тұрып, бұл дәстүрдің тұтас ауылға қатысы бар. Айталық, әр шаңырақта кенже бала қалып, шаңыраққа ие болып, түтін түтетіп отырса, сол шаңырақтан әлденеше бала өрбімес пе еді. Бала болса, шағын ауылдардың түп қазығы болып отырған мектеп те жабылмайды. Елде бас көтерер азаматтар ұйысып, қауымдасып еңбек етсе, тіршіліктің тынысы тарылмайтындығы ақиқат.
Демек, кенже бала ғұрпы әулеттің ғана тағдыры емес, тұтас ауылдың, елдің тағдырына әсер етеді екен. Бұл күнде кенже баланы туған жердің топырағынан табан аудартқан бір есептен, жаппай жұмыссыздықтың салқыны. Егер ауылда жұмыс болып, ай сайын тұрақты жалақысын алып отырса, кенже балалар ата-анасына қамқор болып, әлпештеп бағып, аялап күтіп шаңырағында отырмас па еді. Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып кетті.
– Жас келген соң денсаулығың да сыр береді. Ал, уақытылы дәрігерге көрініп, күтіну үшін қарттарға қалалық жер қолайлы. Әйтпесе, туған топырақтағы, өзгені былай қойғанда, жусанның иісі де ем ғой бізге,–дейді Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, даңғайыр диқан Тұрлыбек Әбілпейісов, – елдегі қорымда менің жеті атамның зираты жатыр. Мен үшін ең қымбаты да сол. Сол даланың әр тасы, әр бетегесі менің көз алдымда. Қазір өзім Бауыржан есімді баламның қолындамын. Қуанышы мен қайғысы астасып, алма-кезек келетін мына өмірде сан жағдайлар болып жатады ғой. Қабырғаны қаусатқан қайғылыға сабыр айту, көңіл білдіру, тойға барып төбе көрсету міндет. Соның бәрі Бауыржан мен келіннің мойнында. Аллаға шүкір дер отырамыз. Ал, қазақтың кенже бала ғұрпы, несін айтасыз, тамаша дәстүр еді ғой. Бір есептен менің ойымша әке шын мәнінде өзінің болмыс-бітімімен, бойындағы барлық қасиеттерімен әке болуға тиісті. Сол биіктен көрінсең ғана өзгені былай қойғанда, өз үйіңдегі бала-шағаға беделді боласың.
Кенже баланың қара шаңырақтан ат құйрығын үзіп кетуінің тағы бір себебі, келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас. Оның да себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр. Бағзы замандағыдай әр шаңырақтан әлденеше баланың өрбуі сирек көрініс. Қазір қалалық жерді былай қойып, ауылдың өзінде бір-екі баламен ғана шектеледі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жұтаңдығынан! Ал психолог мамандардың айтуына қарағанда, жалғыз-жарым өскен балалар өзімшіл. Тек өз қара басын ғана ойлайтын адам болып қалыптаспақ. Ал ондай келіннің көпшілік ортада, жаңа отбасында сыйыса беруі мүлде қиын.
– Моңғолия қазақтарында ұлтымыздың бұрынғы дәстүріне әлі күнге дейін қылаудай кіршік түскен жоқ, – дейді облыстық филармонияның әншісі, мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметова, – жолдасым, жазушы Ерболат Баяттың ата шаңырағына келін болып түскенде қиналғанымды көрсеңіз ғой. Өзінің нақты қайын атасы былай тұрсын, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атасының атын атауға болмайды. Сөз арасында атаңның атына ұқсас сөз кетіп қалса, ұятқа қаласың. Жалғыз ол ғана емес, сан ғасыр бойы үзілмей жалғасып келе жатқан ата дәстүр мұқият, мүлтіксіз сақталған. Қазақтың қазақтығын танытатын да, қазақты ел қылатын да осы ата дәстүріміз. Шаңырақтың кенже келінін ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың адамдары қалтқысыз сыйлап, құрмет көрсетеді. Кенже келін де өз кезегінде сыйластыққа сызат түсермеуге тиісті. Кенже келіннің қолынан ет жақын ағайын-туысты былай қойғанда, көрші-қолаң, ауыл-аймақ ас ішеді. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, алыс-берісті реттеп, барлық іс-әрекетке ұйытқы болып отыратын да кенже келін.
– Өр Алтайдың арғы бетіндегі, Қытай еліндегі қалың қазақ ата дәстүрге мықты, – дейді Қытай мемлекетінің еңбегі сіңген әншісі Төкен Ілияс, – оларда да қарттар үйі бар. Бірақ, бір қуанатыным, өзге ұлттың қарияларының қай-қайсысы болмасын кездесетін сол қарттар үйінде бірде-бір қазақ жоқ. Ол ең алдымен, кенже балалардың қара шаңыраққа ие болып қалуынан. Тіпті, талантты, дарынды балалардың өзі шаңырақтан ұзап кетпей, ата-анасының қасында отыр. Егер оқып-тоқып, білім алса, тәп-тәуір қызмет істеп кетер еді. Бірақ, олар өз мүддесінен ата-ананың алдындағы парызын жоғары қойып отырғандар.
Сөз түйінінде, шарпысқан пікірлердің шындығы – кенже бала дәстүрінің әулеттің ғана емес, ауыл тағдырына қатыстылығы дер едік. Демек, жиырма бірінші ғасырда болашаққа қалт-құлт етіп бара жатқан қараша ауылдарымыздың шаңырағы ортасына түспеуі үшін, перзенттеріне жарық дүние сыйлап, өмір дейтұғын ғажайып сыйды ұсынған ата-аналар ботасынан айырылған Аруанадай боздап қалмауы үшін қазақ қоғамына кенже бала дәстүрі ауадай қажет екен. Ал енді соны қалпына қалай келтіреміз? Әңгіменің бар түйіні осында.
Байқал БАЙӘДІЛОВ, журналист
КӨКШЕТАУ