Қысқы Универсиадаға келетін Қытай мемлекеті өз тарихында тұңғыш рет Алматыға ең көп спортшы аттандыруға бел байлап отыр. Жастар арасындағы спорт додасына бұл елден 119 спортшы студент қатысатын болады. Аспанасты елінің өкілдері Универсиада-2017 ойындарында 12 қысқы спорт түрінен жүлделі орындарға таласады.
Ал бұл деректер 2017 жылдың 5 қаңтарында Харбиндегі Спорт университетінде Алматыдағы студенттік ойындарға қатысатындардың есімдері жарияланғаннан кейін аян болды. Көрші елдің спортшылары Қытайдың 7 провинциясы мен автономиялық аймағында орналасқан 17 университеттің студенттері болып табылады. Осылайша Қытай бүкіл тарихында ең көп спортшы санын осы студенттік спорт делегациясы құрамында жіберуге шешім қабылдаған.
Қытайдың Студенттік спорт федерациясы өз спортшыларының әлеуетін жоғары бағалап, мықты құрама жиналғанын айтады. Қытайлықтар Алматыдағы қысқы Универсиада кезінде 12 спорт түрінен 60-тан аса жарысқа қатысатын болады.
Қазақстан баспасөз клубы таратқан ақпарат көздерінің хабарлауынша, Универсиада-2017 ойындары кезінде Қытай спорт делегациясына жетекшілік ететін Янг Лигуо спорттағы жетістіктермен қатар, әртүрлі елдердің жастары арасындағы достық қатынас аса маңызды екенін, сондай-ақ достықтың іргетасы осында қаланатынын атап өтті.
– Біздің спортшылар Қазақстан мәдениетімен танысып, шетелдік жастармен достық байланыстар орнатады деп үміттенемін. Қабылдаушы жақ күнде дерлік бірлескен кездесулерді ұйымдастыратындықтан, түрлі елдерден келген жастар бір-бірімен достасып кетеді деп ойлаймын, – деді Янг Лигуо.
Сол сияқты Қытайдың спорттағы жас дарындары өз елдеріндегі 300 миллионнан аса тұрғынын шаңғы мен конькиді үйренуге жігерлендірмек көрінеді. Универсиада-2017 қатысушылары Қытайдағы колледждер мен университеттерде қысқы спорт түрлерін насихаттауды жалғастырады. Қытайдың Студенттік спорт федерациясы да спортшылардың осы идеясын қолдай отырып, ел аумағындағы оқу мекемелерінде қысқы спорт түрлері бойынша жарыстарды жиі өткізіп тұрмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ