13 Қаңтар, 2017

Үш спортшыда үміт бар

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырауда әзірге қысқы спорт түрлерінен топ жарардай сайыпқыран спортшылар шыға қойған жоқ. Дегенмен, 2015 жылдан бері қостанайлық Денис Никиша мен Ольга Тихонова, оңтүстіккореялық Ионг А Ким мұнайлы өңірдің қысқы спортын алға оздыруға талпынып жүр. Енді осы үш шорт-трекші таяуда Алматыда жалауы желбірейтін Универсиадаға қатысқалы отыр. Денис Никиша ол Сочиде өткен қысқы Олимпия ойындарында төртінші орынға табан тіреген. Бұдан он жыл бұрын шорт-трекпен етене «достығын» Қостанай облысында бастаған. Қазір оның жасы 21-де. Спорттағы жетіс­тігі аз емес. Екі жыл бұрын әлем чем­пионатының қола жүл­десіне ие болған. Кейін АҚШ-тағы Әлем кубогы үшін тартысты сында да жүлделі үш­тік­тің қатарынан көрінді. Ал Оң­түстік Кореядағы осындай дүбір­лі додада күміс жүлдені иеленді. Денис спорттың осы түріне баулитын секцияға 4-сыныпта жазылыпты. «Біздің сыныптағы оқушыларды бір ер адам мен әйел конькимен сырғанауға шақырды. Алғашқы боп мен жазылдым. Кейін білдік қой, олар Қостанайдағы №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұстаздары Петр және Ксения Гамидовтар екен. Алғашқы қа­дамымды осы ұстаздардың тобында бастадым. Он алты жасымда бірінші рет Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып едім» деп еске алады ол қазір. Ал Алматыдағы Универсиадада Қытай, Оңтүстік Корея спорт­шыларының басты қарсыласы болатынын жоққа шығармайды. Тағы бір спортшы – Ольга Ти­хо­нова да Қостанайдан қанат­танған шорт-трекші. Оның да спорттың осы түрінен жина­ған тәжірибесі аз емес. Бірне­ше рет әлем чемпионаттары мен ку­богын сарапқа салған дода­лар­ға қатысып, айтарлықтай же­тіс­тіктерге қол жеткізген. Бір­неше ха­лықаралық сайыс­тар­дың жүл­дегері атанған. Бірақ Уни­вер­сиадаға алғаш рет қатыс­қалы отыр. Ольганың айтуынша, мұнда топ жаруға мүмкіндігі бар. Өйткені, қазақстандық шорт-трекшілер елімізде өтетін до­даға былтырғы маусымнан бері тың­ғылықты дайындалуда. Күніне 6 сағат жаттығады. «Біздің командамыздың жүл­де алатындай сенімі зор. Өйт­кені, бұл Универсиада өз еліміз­де өтетін­дігі бәрімізге үлкен жауап­керші­лік жүктейді. Демек, Уни­вер­сиа­даның жүл­десін елде қал­дыруға бар шебер­лігімізді сала­мыз», дейді 19 жасар спортшы қыз. Ел намысын қорғауға Аты­рау­дың атынан қатысатын Ионг А Ким Оңтүстік Кореядан келген. Қазақ елін, қазақ жерін жатсынбай, халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын табысты қорғап жүр. Шорт-тректен ел ішіндегі чемпионатта топ жарған. Сонымен бірге, мықты спортшылар қатысқан Азия чемпионатында жүлделі орыннан көрініп, қазақстандық спорттың өрге басуына үлесін қосып келеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ