13 Қаңтар, 2017

Қазіргі күннің қажеттілігі

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Көпшілікке белгілі, 2017 жылдың 1 қаңтарында «Кейбір заңнамалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Осыған сәйкес, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 51-бабына азаматтарды Қазақстан аума­ғын­да уақытша тұратын орны бойынша тір­келуге міндеттейтін түзетулер енгізілді. Белгілі болғандай, аталған түзетулер әсері­нің алғашқы күндері қоғамда түрлі пікір­лер, азаматтардың шағымдары мен арыздары пайда болды. Осы орайда бүгін біз еліміздегі Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл мекемесінің аталған мәсе­ле бойынша ұстанымын негізге ала отырып, бірқатар мәселелерді сөз етуді жөн көрдік. Заңнамадағы аталған өзгерістердің ұлттық және халықаралық құқық нормаларына сәйкес келуі туралы айтсақ, Конституцияның 21-бабы Қазақстан аумағын­да заңды түрде жүрген әрбір адам­­ның еркін жүріп-тұруына және тұр­ғы­лықты мекенді өз қалауынша таңдап алуына құқықтық кепілдік беретінін атап өту қажет. Сондай-ақ, Азаматтық және сая­си құқықтар туралы халықаралық пактінің 12-бабы кез келген мемлекеттің аумағында заңды жүрген әрбір адамға бұл аумақ шегінде еркін жүріп-тұру және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын ұсынады. Алайда, аталған баптың 3-тармағына сәйкес, заң бойынша мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың рухани құндылығын, басқалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жоғарыда аталған құқықтар ешбір шектеулердің нысаны бола алмайды. Осылайша, азаматтардың тұратын орны бойынша қосымша уақытша тіркеуді енгізуге қатысты қабылданған шаралар халықаралық және ұлттық құқықтың жоғарыда келтірілген ереже­леріне қарама-қайшы келмейтінін па­йымдап айтуға болады. Қазіргі уақытта, елде тіркелмеген аза­мат­тардың саны едәуір екені бай­қалуда. Осылайша, сарапшылардың пікірі бо­йынша, қалалардағы халықтың 20-50 п­айызы ресми статистикаға енгізілмеген. Мұн­дай жағдай азаматтардың әлеуметтік қолдауларға, бірінші кезекте, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы игіліктерге қол жетімділігін айтарлықтай шектейді. Тағы бір айтар жайт, тұрғын үйлердің меншік иелері көп жағдайда өздерінен мекенжайларды жалға алушыларды тіркемейді. Бұл олардың салықтардан бұлтаруына, осылайша, қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол ашады. Осыған байланысты, мемлекет енгізген шаралар негізді әрі оң сипатқа ие. Өйткені, «жасырын көші-қон» деп аталатын мәселе шешіледі және заңсыз пайда табушылардың әрекеттеріне тосқауыл қойылады. 2016 жылдың қыркүйегінде Пар­ламент Мәжілісінде тиісті жұмыс тобы­ның жоғарыда аталған заңның ол кез­дегі жобасын талқылау үшін бірқатар оты­рыс­тар өтті. Оған белгілі құқық қор­­ғау­шылар, саясаткерлер, қоғам­дық қай­рат­керлер қатысты. Олардың кейбіреу­­лерінің пайымдауынша, қабыл­данып жат­қан жаңа өзгерістер туралы халықты ақ­парат­тандыру өз деңгейінде жүргізілмеген. Ішкі істер министрлігінің болжамы бойынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы (ХҚО) тіркеуді ресімдеу процедурасы 15-20 минуттан аспайтын болуы қажет. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 7 қаңтарынан бас­тап заңсыз жалға беруші азаматтар 10 АЕК немесе 22 960 теңге мөлшерінде және тіркелмеген тұрғындар 7 АЕК немесе 15 883 теңге мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны мәлімденген еді. Сонымен қатар, азаматтар бірінші бұзушылық кезінде ескерту алады, тек қайталама бұзушылық көрсетсе, көрсетілген айып­пұлды төлеуге тартылатыны туралы айтылған болатын. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері елордалық ХҚО-дағы кезектің көп болғанын анық­тағанын да айта кетуіміз керек. БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы Қазақ­станның басқа да қалаларындағы ХҚО-лардағы тіркеуді ресімдеудегі ұзақ күту­лер туралы ақпараттар көп жариялану­да. ХҚО-лар қызметкерлері үшін азамат­тар­дың көптеген мәселелеріне жауап беру де қиындықтар тудыруда. Бұл уақыт­ша тіркеуді ресімдеу процедурасы­на байланысты ақпаратпен жеткілікті түр­­де қамтылмаудың себебінен орын алуда. Тағы бір мәселе, полиция орган­­­дары­ның өкілдері тексеріс жүргізу кезін­де азаматтарға жеке ақпараттың қомақты тізілімін ұсыну талабы бар бланкілерді көрсететін көрінеді. Азаматтардан осындай ақпараттардың талап етілу заңдылығы туралы және олардың жеке өмірінің мәліметтерінің қорғалу құқықтарының бұзылуына қатысты қауіптену жөнінде мәселе туындауы заңды. Сондықтан, жаңа заңды іске асыруға байланысты мәселелер уәкілетті органдардың қызме­тін жетілдіруді қажет ететіндігі анық. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»