Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу талабы әлемдік тәжірибеде бар. Сондықтан тіркеу институты халықаралық тәжірибеге сай келгендіктен, ешкімнің де еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді. Мұндай тіркеу барысы көптеген елдерде бұрыннан жүргізіледі, өйткені, бұған экономикалық және әлеуметтік саясатты жоспарлаудың тікелей қатысы бар. Мәселен, Ресей, Латвия, Литва, Молдова, Эстония және Грузия секілді елдерде тұрғындардың бірыңғай тіркелімі қалыпты түрде іске асырылады. ГФР-де муниципалдық қызметтер тіркеуді мекенжайға келгеннен кейін екі апта ішінде жүргізеді. Егер келгені, кеткені жөнінде уақтылы хабар бермесе немесе біреудің мекенжайын пайдаланса, онда бірден 50 мың еуро мөлшерінде айыппұл төлетеді.
Сол сияқты, Австрияда тіркеуге тұру үшін полицияға жеке куәлігін, үйді жалға беру немесе сатып алу туралы келісімшартты ұсынады. Ал Израильде полиция азаматтарға жеке куәлігінің ішіне қосып, оның тұрғылықты мекенжайы көрсетілген қосымша парақша береді. Бельгияда да тұрғылықты мекенжай жеке куәлікке енгізіледі. Осындай тәртіптер бұдан басқа елдерде де бар. Оңтүстік Кореяда жергілікті билік органдарына тіркелу білім алуға, мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін аса қажет.
Демек, жалпы алғанда, біздің елде азаматтарды мекенжай бойынша жүргізіліп жатқан тіркеу барысы әлемдік стандарттарға сай келеді. Оның үстіне, Қазақстанда мекенжай және уақытша тұрғылықты жері бойынша есепке алу о баста-ақ заңмен қаралған. Бұл бүгін ғана айтылып отырған жай емес. Мәселен, бұл орайда, Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені (Үкіметтің 05.04.1993 жылғы қаулысы), Халықты тіркеу мен құжат беру ережесін (Үкіметтің 10.07.2000 жылғы қаулысы), Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін (Үкіметтің 01.12.2011 жылғы қаулысы) айтуға болады.
Демек, қазіргі қолданыстағы заң азаматтардың мекенжай бойынша міндетті тіркелуін көздейді. Мұндай міндет «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда да (51-бап, 2-тармағының 1-тармақшасы) қаралған. Ал тіркелмей тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған (2001 жылғы ӘкҚБК 377-бап, және жаңа ӘкҚБК 492-бабы). Әрине, бұған дейін пәтер иелері үйінде тұрған адамдарды тіркеуге міндеттелмейтіні рас еді. Соның салдарынан пәтер жалдаушылар – солардың арасында студенттер, басқа өңірлерден жұмыс істеуге келген адамдар, тіпті, өздері қалағанның өзінде нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркеуге тұра алмады. Мұның кері әсері сол, олардың мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеуметтік игіліктерді пайдалануға қолдары жетпеді.
Сондықтан, заңды бұзбас үшін олар іс жүзінде өздері тұрмайтын мекенжайлар бойынша жалған тіркеулерді жүргізу жолдарын іздеді. Көбінесе мұндай мекенжайларда он шақты, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрды. Ал олардың бәрі нақты қайда тұратынын іс жүзінде ешкім білмеді. Осындай жағдайларды криминалдық элементтер сәтімен пайдаланды, оны іс жүзінде Ақтөбе мен Алматыдағы экстремистік ағымды ұстанушылардың әрекеті көрсетіп берді. Міне, енді түсінікті болып отырғандай, осы жағдайларға байланысты 2016 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен біз айтып келе жатқан бірқатар қосымша шаралар қабылдауға мүмкіндік туды.
Осылайша, аталған заң енді бірқатар кемшіліктің орнын толтырып, келеңсіздіктердің алдын алып отыр. Осыған орай, пәтер иелеріне үйлерінде тіркеусіз тұрған азаматтар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Мұндай амал бір пәтерге үймелетіп адамдарды тіркей беру мәселесін ғана емес, сонымен қатар, тіркеусіз тұру жағдайын да азайтпақ. Оған қоса, тіркеусіз тұрудың мерзімі үш айдан бір айға қысқарып отыр. Себебі, бұрынғы ішкі көші-қонды тіркеу ережесі бойынша үш айдан астам мерзімге уақытша тұруға келгендер ішкі істер органдары арқылы уақытша тұрғылықты жері бойынша есепке алынатын. Демек, уақытша келген азаматтарды есепке алу жүргізілгенімен, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша заңды тіркеу бекітілмеген еді. Енді аталған заң арқылы «Көші-қон туралы» Заңдағы құқықтық ағаттықтың орнын толтыру мақсатында «уақытша келу (тұру) орны» түсінігі енгізіліп, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 51-бабына сай уақытша келген тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндеттеліп отыр.
Бүгінде бұл мәселеге байыппен қарағандар уақытша келген тұрғылықты жері бойынша тіркеліп жатыр. Оған мысал ретінде Астана қаласын алуға болады. Елордамызда бұл заң талаптарын жүзеге асыру бірқалыпты жүруде. Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясының қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды қабылдауда. Онда келушілерге қолайлы жағдай туғызу және тіркеуден тез өту үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көші-қон полициясының жұмыс орны қала ауданы бойынша және халықтың санына орай төрттен алты орынға дейін ұлғайтылды.
Бұл орайда, азаматтардың назарына тағы бір саларымыз, уақытша тіркелу үшін үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі болуы қажет. Есте ұстайтын тағы бір жайт, үй иесі міндетті түрде бірге еріп баруы тиіс немесе оның сенім білдірілген адамы болуы керек. Ал тіркеуге тұратын адамнан жеке куәлігі мен тұрғылықты орны бойынша тіркелуі үшін 226,9 теңге көлемінде мемлекеттік бажды төлегендігі туралы түбіртек қажет.
Тіркеудің тәртібі мен шарттарын жеңілдету мақсатында әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған адамдарға қолайлы болу үшін тіркеу өтініш келіп түскен күні ресімделеді, бұрынғы тұрғылықты орнынан алдын ала тіркеу есебінен шығып кету талап етілмейді. Өйткені, бұрынғы мекенжайдан шығу бірден автоматты түрде жүзеге асырылады, белгілі бір мекені жоқтар үшін әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталықтарында тіркелу қарастырылған, жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе жарамсыз болып қалған жағдайда уақытша берілетін жеке куәлік бойынша тіркеу көзделген. Заң талаптары орындалуы үшін мұның бәрі ескерілуі қажет.
Жалпы алғанда, біздің еліміздегі тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүддесін барынша тиімді қорғауға, сондай-ақ, ішкі көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Серік САЙЫНОВ,
Ішкі істер министрлігі
Көші-қон полициясы департаментінің бастығы