13 Қаңтар, 2017

Арнаулы жасаққа артылар жүк ауыр

534 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елімізде бүгінгі күннің көрінбейтін батырлары баршылық. Олар туралы белгілі бір себептерге байланысты көп айтыла да бермейді. Дегенмен, бүгінгі күннің батырлары қызмет ететін топ ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» деп аталған арнайы жасағы болды дер едік. Болды дейтініміздің өзіндік себебі бар. Бірақ бүгінде оның аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Оларға жүктелетін міндет те ерекше. Өйткені, небір қанқұйлы террористік шабуылдарға тойтарыс беріп, ел тыныштығын жан-тәнімен қорғайтын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» секілді арнайы жасағының қызметі орасан қауіп-қатерге толы. Ал осы қазақстандық  арнаулы қызметі 1990 жылы дүниеге келді. Ол 1974 жылы, яғни сол кездегі Кеңес Одағының МҚК төрағасы Ю.Андроповтың жетекшілігімен құрылған баяғы атышулы «Альфа» бөлімінің Алматы қаласындағы бір бөлімшесі ретінде қызметін бастады. Жалпы, бұл Алматы қаласындағы арнаулы қызмет бөлімшесі Кеңес Одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 7 Бас басқармасының 12-ші тобы болып дүниеге келді. Бұл топқа, қазір, әрине, айта беруге болады, маңызды міндеттер жүктелді.  Оған тек Қазақстандағы ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Алтай өлкесінде террорлық әрекеттер орын ала қалған жағдайда соларға қарсы күрес жүргізу жүктелді. 1991 жылы еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін аталған арнаулы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына алынып, 1992 жылы қаңтарда Президент Жарлығымен «А» бөлімі құрылды. Ал 1996 жылы бұл бөлім «Арыстан» деп аталды. Жалпы, осы арнаулы қызметтің сол құрылған алғашқы жылдарынан бастап, оның ыстық-суығын осы кезге дейін татып, небір айтулы оқиғаларды бастан кешкен жандардың әңгімесі енді тарихқа айналары да сөзсіз. Ендеше, сол арнаулы қызметтің ішінде жүрген жандардың бірі, яғни сонау 1994 жылдан бері ҰҚК арнаулы қызметінде еңбек етіп келген полковник Файзолла Қаменовтен сыр тартып, өткен оқиғалардың барысына тағы бір көз жүгірттік. Әрине, естімеген елде көп дегендей, арнаулы қызметтің қыр-сырын бір кісідей білеміз десек те, қатардағы жедел уәкілден «Арыстан» арнаулы қызметінің басшылығына дейін өскен полковниктің айтары көп екен. Ол кезде бұл топ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі болып аталған еді. Бүгінде осы арнаулы бөлім терроризмге қарсы күресте ең тәжірибелі күштік құрылым болып табылады. Ал қалған, мәселен, ішкі істер органдарындағы, Қорғаныс министрлігіндегі  арнаулы жасақтар осы «Арыстан» қызметінің ұйымдастыруымен, жетекшілігімен қимыл-әрекет жасайды. Негізгі шабуылдарды ұйымдастыратын және соларды тікелей жүзеге асыруға атсалысатын  «Арыстан» арнаулы қызметі ғана. Арыстан қызметі алғаш құрылған кезде Алматы қаласында бір ғана бөлімі болған еді. Кейін, 1998 жылы қазіргі Астана қаласында негізгі бөлім ашылды. Содан кейін аз уақытқа Ақтау қаласында да бір бөлімше жұмыс істеді. Онда арнау­лы қызмет сарбаздары Каспий теңізінде  жаттығулар жасаумен айналысты. Қазір, әрине, ондағы бөлімше жабылды. Бірақ «Арыстан» қызметінің нұсқаушылары өзге құрылымдардың арнаулы бөлімшелерін дайындайды, жаттықтырады. Біз мұны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Себебі, осы арнаулы қызмет нұсқаушылары бүгінгі күні теңдессіз жаттықтырушыларға айналып отыр. Оның өзіндік мәнісі бар. Әрине, «Арыстан» арнаулы қызметінің 25 жылдық тарихында талай оқиғалардың болғаны ақиқат. Небір адам ойламаған тосын жағдайлар да кездесті. Бірақ сондай қиындықтардан, күрмеуі көп күрделі сәттерден бөлімше жігіттерінің аман-сау өтуі ғана емес, сол жедел тапсырмаларды тиімді орындаудың, шығынсыз қимылдаудың нәтижелері зор болды. Мәселен, сонау 1992 жылы Шымкент қаласында автобусты басып алған қарулы топты жою шаралары сәтті өтті. Ол автобусты жолаушыларымен кепілдікке алған түрмеден қашып шыққан сотталғандар болатын. Міне, осы кезде қас-қағым сәтті  тиімді пайдалана білген арыстандықтар небәрі төрт секунд ішінде автобусқа басып кіреді. Көз ілеспес шапшаңдықпен қимылдаған  олар баскесерлердің мылтық кезенуіне де үлгіртпей, лезде бұғаулап тастайды. Бұл жерде құпия тәсілдердің қолданылғаны сөзсіз еді. Кейін анықталғанындай, дәл осы Шымкент әуежайындағы  автобусты басып алған қарулы сотталғандар құрсауынан кепілдікке түскен жолаушыларды дін аман құтқару амалының әлемде баламасы болмаған екен. Мұны да Ф.Қаменов үлкен қанағат сезімімен айтып өтті. Жалпы, «Арыстан» қызметінің басты мақсатының бірі – тіпті, елге дұшпандық әрекет жасайтын террористердің өзін шама келсе тірідей ұстау. Иә, бірден көзін жойып жібермеу. Әрине, бірден қырып салу түк те емес. Кейбір елдерде террористермен саудаласып жатпайды, бірден көзін жояды да жібереді. Бірақ террористерді тірідей қолға түсірсе, қосымша ақпарат алуға болады, сыбайластарын табуға мүмкіндік туады. Әйтсе де мұның өзіндік қиыншылықтары бар екені анық. Автобусты басып алған­дарды ұстаудың өзіндік амалы болса, ұшақты басып алғандарға қарсы қолданар амал басқаша болып келеді. Сол секілді пойыз, көліктің басқа түрлерін немесе әртүрлі ғимараттарға кіріп бекініп алған лаңкестерді қалай, қайтіп, қолға түсіруге болады дегендей, сан тәсіл ойластырылады. Мұндай жерлерде және қарапайым халық қаптап жүреді. Міне, осындай жағдайда өзіңе де, өзгеге де нұқсан келтірмей, тек қатердің көзін қауіпсіздендіре білу қажет. Осының бәрі ұзақ жаттығу мен орасан дайындықтың арқасында келеді. Соның нәтижесінде бірде-бір жедел шаралар бірін бірі қайталамайды, бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан да аталған арнаулы қыз­метке келемін дейтін жігіттерге ерекше талап қойылады. Олардың әрқайсысы кем дегенде спорттың бір түрінен жетік хабары болуы тиіс. Бойы, салмағы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, дене бітімі, арыстандай айбаттылығы, жолбарыс­тай қайраттылығы, қырандай бүрер қанаттылығы, т.б. бәрі ескеріледі. Өйткені, бұларға күнделікті түсер ауыртпалық өте көп. Олар басқа елдердің бетке ұстар арнаулы қызметтерімен, мәселен, Ресейдің «Альфа», «Вымпел» топтарымен, Өзбекстанның «Бүркіт», Тәжікстанның «Альфа», Қырғызстанның «Альфа», сол сияқты Американың «Дельта», Гер­манияның «ГЗГ-9»  және т.б. елдердің арнаулы топтарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасады. Тек Ұлыбританияның сонау Ұлы Отан соғысы кезінде құрылған «SAS» деген арнайы әуе-десанттық қызметі  ғана жабық, олар ешкіммен араласпайды. Осындай қызықты мәліметтерді де отставкадағы полковник Файзолла Қаменовтен естіп, білдік. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда террористерді бұғаулауда «Арыстан» секілді арнаулы қызметтің атқаратын ісі өте зор. Соңғы кездері елімізде бой көрсеткен бірқатар лаңкестер шабуылының бетін қайтарған, оларды тауып, тұншықтырған осы қызмет сардарлары. Олардың осы қызметі, ісі, қатысқан небір шаралары туралы көп айтуға болады. Бірақ бұл арада, ең басты мәселе, «Арыстан» арнаулы қызметінің жігіттері ел үшін, халық үшін басын бәйгеге тігіп, қандай қауіп-қатерден  де еш тайсалған  емес. Сондықтан да оларды бүгінгі күннің батырлары десек, еш қателесе қоймаспыз. Өйткені, ана бір жылы Елбасы  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы орналасқан «Арыстан» базасына барған кезде  арнаулы қызмет сарбаздарын осылай деп атады. Біздің бейбіт, мамыражай өмірді қорғап жүрген азаматтардың еңбегі жайлы ақпарат құралдарында көп айтыла бермесе де, ерлердің еңбегі еленетініне баса тоқталды. Бертін келе Боралдай мен Ақтөбе облысында орын алған терактіде лаңкестердің көзін жойған осы сарбаздар екені қазір баршаға аян.  «Арнаулы жасақтардың командирлері мен жауынгерлерінің қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілмейді. Бұл жөнінде біз көп әңгіме жасамаймыз. Ол түсінікті. Сіздердің жұмыстарыңыз туралы электронды бұқаралық ақпарат құралдары да көрсете бермейді. Бірақ сіздердің жұмыстарыңыз, әсіресе, қазіргі заманда өте маңызды екенін білдіру үшін мен осында келіп отырмын», деген еді сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»