Елордада Мәжіліс депутаттары Сот-сараптама орталығында болып, аталған институт басшылығымен және сарапшылармен кездесу барысында саланың өзекті мәселелері сөз етілді. Және де Парламент қабылдаған жаңа заңнамалық актілердің ережелері түсіндіріліп, оның орындалу барысы талқыға түсті.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова қазіргі таңда Парламентте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасының басымдықтарына кеңінен тоқталды. Елдегі сарапшылық функцияларды бір мемлекеттік органның ішінде орталықтандыру нормалары заңдық құжаттың негізгі жаңашылдығы екендігі де ерекше аталды. Заң жобасымен елімізде жекеменшік сот сарапшылары институтын дамытуға және сот сарапшылары палатасын құруға ерекше ден қойылған. Бұл ретте, жаңа заң жобасының ережелері бірқатар кодекс нормаларымен сәйкестендірілгендігін айта кету керек. Тағы бір белгілісі, заң жобасында сот-сараптама қызметі айтарлықтай кеңейтіліп, жаңа ұғымдармен толықтырылып отыр.
Ал Әділет министрлігі Сот-сараптама орталығының директоры Исидор Борчашвили, өз кезегінде, еліміздің сот-сараптама мамандары шығарған шешімдері әлемнің 90-нан астам мемлекетінде мойындалатындығын жеткізді.
«Халықаралық деңгейге шығу үшін аккредиттеуден өтуіміз керек. Елімізде мықты мамандардың барлығын дәлелдеуге тиіспіз. Астанадағы Сот-сараптама орталығы былтыр аккредиттеуден сәтті өтіп, биыл кеңеюде. Жалпы, Қазақстанның сот-сараптама мамандарының шығарған шешімдері дәлел ретінде әлемнің 90-нан астам мемлекетінде мойындалады», деді И.Борчашвили.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанына дейін Орталық сот-сараптама институтының аккредиттеу ауқымы кеңейтіледі деп күтілуде, сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында орналасқан зертxаналарға сапа стандарттарын енгізу жоспарланған.