13 Қаңтар, 2017

Үлкен жауапкершілікпен үндескен үндеу

319 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ЕВРАЗИСКИЙ Жалпы, биылғы жылдың 2 нау­рызында еліміздің БҰҰ-ға мүше болып қабылданғанына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде көптеген іс-шаралар бірлесе атқарылғаны белгілі. Ендігі кезекте Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі және оның қосалқы органдарымен күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сындарлы іс-қимыл жасайтын болады. Президенттің Үндеуінде былай делінген: «Біз жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжымдық жауапкершілік қалыптастырылып, Кеңестің мүше елдері арасында ХХІ ғасырға сәйкес келетін, мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру маңыздылығы түсінігін нығайтуға ұмтыламыз». Шынында да, Елбасы бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымын қайта құру туралы бастама көтеріп, тіпті оның штаб-пәтерін ауыстыру жөніндегі пікірін де білдірген еді. Өйткені, әлемде көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін таба алмау­да. Бұл орайда Үндеуде жылына бір рет немесе екі жылда бір рет Кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізу туралы ұсыныс та қолдауға лайық. Себебі, кез келген күрделі мәселені күш бірік­тірмесе, шешу өте қиынға соғады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси үндеуі дер кезінде жарияланды және Қазақстанның өз жұмысын серпінді бастауына оң ықпалын тигізетін болады деуіміз керек. Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құрамына кіру Қазақстанның тарихи жеңісі ретінде бағаланып отыр. Оның байыбына бару үшін ең алдымен аталған халықаралық белді де беделді ұйымға тұрақты емес мүше болу елімізге несімен пайдалы дегенге ой жүгіртіп көрсек.  Әрине,  БҰҰ қызметі бойынша мықты маман емес екенім де рас болар, бірақ еліміздің сыртқы саясат ведомствосында жұмыс істеген жылдар ішінде біраз жайттан хабардар болғанымды да қаперге сала кеткім келеді. БҰҰ Жарғысының 24-бабына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесіне халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті ұстап тұру жөніндегі басты міндет жүктелген. БҰҰ-ның басты «алты органының» қатарынан табылатын Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігінде 15 мемлекет болса, соның оны дауыс беру арқылы сайланады. Қазір БҰҰ құрамындағы 193  мемлекеттің басым дауысын алған Қазақстан үшін бұл – үлкен жетістік. Өйткені, тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бергі уақытта еліміз әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнықтыру бағытындағы көптеген игі істерге бастамашылық танытты. Бұл бастамалар халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болып келеді. Енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азиядағы өткір деген мәселелерді де күн тәртібіне шығара алады. Бізге берілген жаңа мәртебе ешқандай да қаржылық құйы­лымды қажет етпейді. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде БҰҰ бюджетіне қосымша қаржы құйсын деген талап жоқ. Ал тұрақты мүшелер, әрине, өздерінің басымдықты рөліне байланысты қосымша шығындар шығаруына тура келеді. Мәселен, бітімгершілік операцияларын жүргізу үшін қашанда қосымша қаражат қажет. Тұрақты мүшелер Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция екендігін қаперге сала кетейік. Аталған бестік ядролық клубқа кіреді.  Осындай ірі державалармен қатар отырып, өзекті деген жаһандық мәселелерді талқылау Қазақстан үшін мәртебелі болғанымен, өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Еліміз 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндетін абыроймен атқарады деген нық сенім бар бәрімізде. Осы арада Қауіпсіздік Кеңесінің Бас Ассамблеядан айырмашылығы қандай деген сауалға да жауап бере кеткен жөн деп білемін. Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше басты басқару органдары бар екендігі белгілі. Ұйымға мүше-мемлекеттер Бас Ассамблеяға, Қамқоршылар кеңесіне, Экономикалық және әлеуметтік кеңеске өз өкілдерін жібере алады. Ал Қауіпсіздік Кеңесіне өкілді жіберу өте қиын екендігін айта кеткен орынды. Ең алдымен, сайланып алуың керек. Бос орын тек он екендігін, оған таласушылардың қатары бірнеше ондап саналатынын да назардан шығармайық. Әрине, Қауіпсіздік Кеңесі классикалық «әлемдік үкімет» бейнесінен алыстау шығар, алайда, өзгелермен салыстырғанда хрестоматиялық идеалға ең жақын келетіні осы екендігін көреміз. Ал енді Қауіпсіздік Кеңесі нақты немен айналысады дегенге келсек, әрине, әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтаумен айналысады деп қысқа қайыра салуға болар еді. Оның артында бір елдің екіншісіне әлімжеттік көрсетуін тыю, өзара дүрдараздықты тарқату, кейбір астамшылыққа барғандарды орнына қою сияқты өткір мәселелер жатыр. Ең бастысы, ушыға түскен жанжалдарды шешуде араағайындық жасауына мүмкіндігі бар. Егер кейбір шодыр мінезді елдер жай сөзді түсінбесе, онда барлығы ұстануға міндетті экономикалық санкциялар мен сауда эмбаргосын енгізу де еш қиындық туғызбайды. Тек елдердің бұл мәселеде бірауыздығы керек. Тіптен, жағдай асқынып, мойындалмай бара жатса, онда БҰҰ әскері – бітімгершілік контингенті кіргізілуі де әбден мүмкін. Тұрақты емес мүшелер Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысында дауыс беруге өзгелермен тең құ­қықты. Алайда, бестіктің кез келген қарарды вето қою жолы­мен қабылдатпай тастауға құқы бар. Қазақстан, әрине, ондай вето құ­қығына ие емес. Дей тұрғанмен, кез келген шешім қабылдауда елі­міздің пікірі маңызды. Шешімдер қа­былдауда дауыстың үштен екі­сіне ие болу керек. Яғни, кез келген шешімді қабылдауда 15 мүшенің кем дегенде 9 дауысы керек. Олай болса, Қазақстанның берген дауы­сы өте маңызды болатынына көз жеткізу қиын емес.  Бұл жерде мәселе өзіңнің халық­аралық мүдделеріңді алға жылжытуда ғана емес. Барлық мәселе бестік құрамындағы елдер енді Қазақстанмен екі жыл ішінде санасып, барынша тіл табысуға тырысатын болады. Қысқасы, Қазақстан – бүгінде БҰҰ тарапынан маңызды шешім­дер қабылдауға қажетті тоғыз дауыс­тың біріне ие ел. Ал Қауіпсіз­дік Кеңесінде төрағалық ауыспалы болғандықтан, елдер алфавит бойынша 1 ай сайын ауысып отырады.  Осы тұрғыдан келгенде, 15 мү­шенің бірі ретінде Қазақстан бір рет Қауіпсіздік Кеңесінде 30-31 күн төрағалық етеді. Сөйтіп, ха­лықаралық белді де беделді ұйым құрамындағы екі жылдық мү­шелігіміз біздің халықаралық деңгейдегі іс-әрекеттерімізге соны серпін қосатын болады. Яғни, экономикаға инвестиция тар­туға, жаңа технологияларды әке­луге, халықаралық жобаларға қаты­суға мүмкіндік береді. Ең бас­тысы, елімізге тиімді шешімдерді қа­был­дату машықтарын үйретеді. Жанболат ҮСЕНОВ, Еуразиялық кеңестің халықаралық қатынастар жөніндегі директоры