13 Қаңтар, 2017

Сайлаушылар көтерген мәселелер заңда көрініс табады

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
KZK_0188 Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин  жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды. Ол алдымен  «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауыттарына барып, олардың өнімімен танысты. Содан кейін осындағы еңбек ұжымымен кездесті. Мәжіліс басшысы алдымен қостанайлық машина жасаушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен  құттықтап, осы уақыт ішінде еліміз қол жеткізген табыстарға назар аударды. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың сарабдал сая­саты­ның арқасында 25 жыл ішінде еліміз алдымен өтпелі уақыт­тың барлық қиындықтарын жеңіп, зор табыстарға жетті. Қазақстанды жаңа, ырғақты даму жолына түскен елге айнал­дырды, – деді Нұрлан Зайрол­лаұлы. Мәжіліс Төрағасы алдымен еліміздің экономи­калық қарышты дамуы оның әлеуметтік өмірінің көтерілген­дігінен көрінетінін тілге тиек етті. Ол мысалдарға сүйене сөй­леді. Еліміздегі әлеуметтік салаға жұмсалған шығындар 25 жыл ішінде 26 миллион тең­геден 4,8 триллион теңгеге дейін өскен, бұл ел бюджетінің 46 пайызын құрайды. Мемлекеттік индустриялық- инновациялық бағ­дар­лама аясында елімізде жүз­деген кәсіпорын ашылды, соның арқасында жыл сайын 270 мың жұмыс орны құрылды. Зейнетақы мен жәрдемақы өсті. Ауыл шаруашылығын дамытудың бағдарламалары жүзеге асып келеді, ауылды көтеру қолға алынды. Елдің экспорттық әлеуеті экономикалық дамудың кепілі болды, бүгін 2500 түрлі өнім 119 елге экспортталады. Бизнесті меншік иелері мен кәсіпкерлер дамытып отыр. Спикер ел экономикасында өңдеу өнеркәсібінің шикізат секторының алдына шыққанын айтты. Автоөнеркәсіп осындай өсудің айғағына және экономика локомотивіне айналды. – Өңірлердің инвестиция­лық климаты жақсарып ке­леді. Машина жасау – соның жар­қын мысалы. Ин­дус­триялық аймақтар құрылды, онда ав­тобөлшектер зауыты са­лынатын болады, – деді Н.Нығ­матулин машина жасаушы­лар алдында. Расында, Қос­танайдағы қос зауыт тек өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып келеді. «СарыарқаАвтоПром» зауыты былтыр 5 мың машинаны сапқа қойды. Мәжіліс Төрағасы мұнан кейін депутаттардың заң шы­ғару қызметіне тоқталды. Ол депутаттар күзгі каникулдан бергі уақыттың ішінде 9 заң қабылдағанын, ал Мәжілістің жаңа шақырылымы жұмысын бастаған өткен жылдың нау­рыз айынан бүгінге дейін 51 заң жобасын қарап, оның 40 шақтысына Президент қо­лы қойылғанын жеткізді. Нұр­лан Зайроллаұлы соның ішін­де әлеуметтік өзекті мәселе­лер – мін­детті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру туралы, жайылым, республикалық бюджет, экс­тремизм мен терроризмге қар­сы күрес, волонтерлық қыз­мет туралы заңдарға тоқталып өтті. – Медициналық сақтандыру жарнасынан азаматтардың 15 санаты босатылады, олардың арасында мүгедектер, көп балалы аналар, балалар, зейнеткерлер секілді әлеуметтік аз қорғалған жандар бар. Меди­ци­налық сақтандырудың арқа­сында азаматтар өзінің отбасы­лық бюджетінен бір тиын шы­ғармай тексеріліп, денсаулы­ғын түзейтін болады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Сонымен қа­тар, Н.Нығматулин еліміздің Пар­ламент депутаттары қабылдаған барлық заң халықтың жағдайын жақсарта түсу үшін әлеуметтік реформаларға бағытталғанын айтты. Машина жасаушылар ұжы­мын­дағы кездесуде жұмыс­шылар Мәжіліс Төрағасына түрлі сұрақтар қойды. Соның ішін­де қостанайлық машина жасаушылар шығарған көліктер сапасы туралы оның пікірін білгісі келді. – Парламент гаражындағы көліктердің 90 пайызы – қазақ­стандық өнім. Мен қостанайлық машина жасаушылар шығарған машиналар сапасын жоғары бағалаймын. Мұнда көліктер тереңдетіле құрастырылады, қазақ­стандық мазмұнды игерген, – деді Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы. Мұнан кейін Н.Нығматулин Қостанай ұн комбинатына бас сұғып, шығарған өніммен таныс­ты. Экспортқа шығарылатын ұнның төрттен бірі Қостанай кәсіпорындарында өңделеді. Қостанай ұн комбинаты соның бірегейі десек болады. Онда тәулігіне 350 тонна ұн тар­тылып, 90 тонна макарон бұйымдары өндіріледі. Кәсіп­орын өнімі отандық нарық­ты толтырумен қатар, оны Ау­ғанстан, Қырғызстан, Түрік­мен­стан және Грузия сатып алады. Мәжіліс Төрағасы қан құю орталығының жұмысымен танысқан соң, сапарын қоста­найлық медицина қызмет­керлерімен кездесумен аяқтады. Онда Нұрлан Зайроллаұлы Парламент Елбасы тапсырмаларын орындауға белсене қатысатынын ерекше атап өтті. Мәртебелі қонақ дәрігерлер алдында халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне арнайы тоқтап, 2018 жылдың басынан өмірге жолдама алатын заң­дардағы жаңалықтар туралы айтып берді. Төрағаның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс қоржынының 40-50 пайызы болатындай етіп тағайындау есебінен бірыңғай әлеуметтік атаулы көмекті төлеу және отбасының барлық мүшелеріне жәрдемақы тағайындау қайта қаралады. Сонымен қатар, мүгедектер мен көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жеңілдетілетін болады. Заңдардағы басқа да жаңалықтар сөз болды. Мәжіліс Төрағасы Тәуелсіздіктің 25 жылында Елбасының еліміздегі ырғақты дамудың және бейбіт, тату-тәтті өмірдің кепілі екендігін айтып өтті. Н.Нығ­матулин медицина қызмет­кер­лерін толғандырған әлеуметтік меди­циналық міндетті сақтан­дыру, жас мамандарды дайындау, біліктіліктерін арттыру және ауылдағы ауыз су туралы сұрақтарына жауап берді. Ол өзінің сапар маңы­зына тоқтала келе, сайлаушылар­мен кездесулер елдегі экономи­калық және әлеуметтік мәселе­лерді анығырақ білуге ықпал ететіндігін айтты. Сайлау­шылар қойған сұрақтар, мәселе­лердің шешімі депутаттар қабыл­дайтын заңдардан көрініс табатын болады. Сапар мақсаты да осы. Нұрлан Нығматулиннің сапарына орай, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңір жұртшылығының атынан рахмет айтып, заң шығарушылық қызметте табыс тіледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ