13 Қаңтар, 2017

Алау көтерушілердің есімдері анықталды

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елімізде Алау эстафетасына қатысатын 16 қала Универсиада алауын көтеру құрметіне лайықты тұлғалардың есімін анықтады. Саны мың болатын алау көтерушілердің 70 пайызын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17 мен 28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр. Сонымен қатар, ел спорты мен қоғамдық өмірінде үлкен еңбектер атқарып жүрген белсенді азаматтар да алау көтеру құрметіне ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінен 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, сондай-ақ, түрлі жылдары Қазақстанға талай жеңіс сыйлаған басқа да көптеген спортшылар бар. Естеріңізге салсақ, алау көте­ру­шілерді іріктеу үш кезеңнен тұрды. Іріктеудің бірінші кезеңі 1 қыркүйек күні басталып, республикамыздың барлық жоғары оқу орындарын қамтыды. Университеттер ішкі байқау қорытындысы бойынша өз өті­німдерін қалыптастырды. Екін­ші кезеңдегі іріктеу барысына об­лыстық орталықтардағы Эста­фетаны өткізумен айналысатын аймақтық штабтар қосылды. Штаб­тардың міндеті алау көтерушілерді іріктеу барысын бақылап, байқау кезінде беделді әрі тартымды деген үміткерлерді өткізіп алмауға бағытталды. Екінші кезеңде алдыңғы Уни­версиадалардың жеңімпаздарынан, спорт, ғылым және мәдениет саласындағы жұлдыздардан құралған қатысушылар анықталды. Іріктеудің үшінші кезеңінде Алау эстафетасына қатысқысы келгендер www.torchrelay.kz сай­тындағы өтінімді толтырып, алау көтеруші атанды. 2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтатылмақ. Бес күн аралығында әрбір облыс орталығында Алауды жағуға арналған салтанатты шара және Эстафетаның өз кезеңі өткізілетін болады. Алау эстафетасы өңірлерде өткізілгеннен кейін 16 алау көтеруші Алауды Алматыға жеткізіп, Универсиаданың ашылу салтанаты кезінде бір тостағанға біріктірмек. Студенттік ойындар астанасында алауды 100 адам көтеріп өтеді. Жалпы алғанда, Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолмен жүріп өтпек, оның 200 шақырымында алау кө­те­рушілер жүрмек. Студент­тік ойындардың ресми әуета­сы­малдаушысы – «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша, Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді. Ал 29 қаңтарда Универсиада-2017 іс-шарасының ресми ашылу салтанаты өтеді. Алау эстафетасының аймақ­тар­дағы бағдарламасын келтіре кетсек, 25 қаңтарда Астанада Универсиада Алауы тұтатылған соң, 26 қаңтарда Алау облыс ор­та­лықтарында Өскемен, Павлодар, Көкше­тау, Петропавл, Қостанай және Қа­ра­ғанды қалаларында жағылады. Ал 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Аты­рау және Ақ­тау қалаларында тұтатылмақ. Қы­зыл­орда, Шымкент, Тараз, Талды­қорған қалалары 28 қаңтарда кезек алса, 29 қаңтарда Алматыдағы Алауды тұтату салтанаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтпек. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ