13 Қаңтар, 2017

Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы басты қарсыластары кімдер?

501 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
yeleusinov 1 Кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусінов жартылай орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын болды. Бұл - кәсіпқой бокста көптеген жұлдыздар шыққан, қазір де бәсеке аса күшті салмақтардың бірі. 2016 жылғы Олимпиада триумфаторы бұл дивизионда болашақта кімдермен айқасуы мүмкін? Олардың ішіндегі ең мықтылары кімдер? Egemen.kz жартылай орта салмақтың үздіктері туралы әңгімелейді.  

Мэнни Пакьяо

pakiao

Эммануэль Дапидран «Мэнни» Пакьяо (58-6-2, 38 KO) жайлы білмейтін адам кемде кем. Ол 1978 жылы 17 желтоқсанда Филиппиннің Кибаве қаласында туған. Өмірінде болған қиындықтарға қарамастан шаршы алаңда үлкен жетістіктерге жеткен. Алғаш рет кәсіпқой боксқа 1995 жылы қаңтар айында ең минималды салмақ дәрежесінде шыққан. Алғашқы жылдың өзінде-ақ 11 қарсыласын жеңгеннен кейін салмағын екі дәрежеге көтерді. Барлығы сегіз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған бірінші әрі қазіргі уақыттағы жалғыз боксшы. Ол аса жеңіл салмақта (WBC, 1998-1999), екінші жеңіл салмақта (IBF, 2001-2003), жартылай жеңіл салмақта (The Ring, 2003-2005), екінші жартылай жеңіл салмақта (WBC, 2008; The Ring, 2008), жеңіл салмақта (WBC, 2008-2009), бірінші жартылай орта салмақта (The Ring; IBO 2009-2010), жартылай орта салмақта (WBO, 2009-2012, 2014-2015, 2016 қазіргі уақытта) және бірінші орта салмақта (WBC, 2010-2011) әлемнің бірінші боксшысы атанған. Сонымен қатар, Пакьяо бокстағы карьерасын бастағаннан бүгінге дейін барлығы 12 салмақ дәрежесінде жекпе-жек өткізген. Өткен жылдың 9 сәуірінде Тимоти Брэдлимен жұдырықтасқаннан кейін бокстан кететінін мәлімдеген болатын. Алайда, сол жылдың тамыз айында қайта оралғанын хабарлап, 5 қарашада шаршы алаңға шықты. Бұл күні ол WBO нұсқасының әлем чемпионы атағы үшін Джесси Варгаспен айқасып, жеңіске жетті. Филиппин спортшысының мансабындағы ең айтулы кездесулердің бірі кіші Флойд Мейуезерге қарсы 2015 жылдың 2 мамырында өтті. Әлемдік БАҚ беттері мұны тіпті, ғасыр жекпе-жегі деп те жариялап жатты. Бір айта кетерлігі, Пакьяо бұл кездесуде жеңілгеніне қарамастан 120 миллион доллар ақша алды. Пакьяо жайлы белгілі тұлғалардың пікірі де аз емес. Солардың бірі, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әйгілі Майк Тайсон кіші Флойдпен өткен кездесуі жайлы өз ойымен бөліскен: «Пакьяо ылғи да бірінші шабуылдағанды жақсы көреді. Соққысы – мығым, қорғанысы – берік. Қандай жағдай болмасын Флойд бұрын-соңды болмаған ауыр соққылар алады. Өз басым Мэнниге жанкүйерлік етемін», ­– деген еді.  

Дэнни Гарсия

Danny Garcia Boxing Workout

Дэнни Гарсия (32-0, 18 KO) – орта салмақтағы әлі жеңіліп көрмеген жұлдыздардың бірі және бірегейі деуге болады. 1988 жылы 20 наурызда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында туған. Ол бірінші жартылай орта салмақта және жартылай орта салмақта бокстасады. Бірінші жартылай орта салмақта WBC (2012-2015) және WBA (2012-2015) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ, жартылай орта салмақта WBC нұсқасының қазіргі әлем чемпионы. Кәсіпқой рингке алғаш рет 2007 жылдың қараша айында жартылай орта салмақта шыққан. Мансабындағы айтулы жекпе-жектің бірі 2011 жылдың сәуір айында  Нейт Кэмпбелге қарсы өтті. Америкалық жылдамдығы мен техникасының мықтылығынан Кэмпбелді 100-90, 99-91 және 98-91 есебімен жеңді. 2012 жылдың наурыз айында ол төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған әйгілі Эрик Моралеспен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, WBC тұжырымы бойынша жаңа әлем чемпионы атанды. Дәл сол жылдың шілде айында бірінші орта салмақта WBA нұсқасы бойынша «суперчемпион» Амир Ханмен біріккен жекпе-жек өткізді. Төртінші раундта оны екі рет нокдаунға жіберіп, ешкім күтпеген жеңіске жетті. Осылайша, титулдарының басын біріктірді. Ресейдің белгілі сарапшысы Александр Беленький оның талантына жоғары баға беріп, жылы лебіздерімен бөлісті: «Гарсия – мықты боксшылардың бірі. Көпшілігі оны жоғары бағалайды. Оның кемшін тұстарын атап айту қиындау. Қай қырынан алып қарасақ та мықты. Сауатты қорғана біледі, ал соққылары дәл тиер болса, есеңгіретіп жіберуі мүмкін. Әйгілі Амир Ханды жеңгеннен кейін оның атағы күн санап арта берді. Көпшіліктің алдында белгілі адамдарды жеңіп, таныла бастады. Мәселен, Лукас Маттиске қарсы кездесуде оған ешкім сенім артпаған еді. Бірақ ол одан да басым түсті. Бір сөзбен айтқанда Гарсия үздіктердің бірі», – деді бокс сарапшысы.  

Кіші Кит Турман

Keith Thurman vs Шілio Diaz

Кіші Кит Турман (27-0, 22 KO) 1988 жылы 23 қарашада АҚШ-тың Флорида штатындағы Клируотер қаласында туған. 2015 жылдан бері WBA (Regular) белбеуінің иегері. Ол кәсіпқой бокста алғаш рет 2007 жылдың қараша айында бірінші орта салмақ дәрежесінде шыққан. 2008 жылы өзінің жетінші жекпе-жегінде бұған дейін жеңіліс көрмеген Омар Белді бірінші раундта-ақ сұлатып салды. 2009 жылдың сәуір айында қызық жайт болды. Мексикалық Франсиско Гарсиямен айқасы кезінде бірінші раудта бір-бірімен бастарын соғып алды. Нәтижесінде кездесу сол жерден аяқталып, ұйымдастырылмаған жекпе-жек ретінде шешім қабылданды. Турман мансабында көптеген жеңістерге жеткен. «Андердог» (жеңістен үміті аз спортшы) ретінде қатысып, талай чемпионды жасқандырған. Мәселен, 2010 жылы Солтүстік Американың және АҚШ-тың чемпионы Фавио Мединаны ұтса, 2012 жылы бұрынғы АҚШ чемпионы Орландо Лораны, сондай-ақ жеңіліп көрмеген Брэндон Хоскинсті нокаутқа түсірген. Сол жылдың 24 қарашасында бұрынғы әлем чемпионы Карлос Кинтароны төртінші раундта-ақ сұлатып түсірген. Осы жеңілістен кейін Кинтаро мансабын аяқтағанын жариялады. 2013 жылы ол тағы бір жеңілмеген спортшыны нокаутқа жіберген. Орта салмақта өткен жекпе-жекте 27 шілде күні аргентиналық Диего Габриэль Чавесті жеңіп, WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атанды. Ал 2013 жылдың соңында мексикалық Хесус Сото Карасты есінен тандырып, белбеуін қорғап қалды. Сонымен қатар, бұрынғы әлем чемпионы Хулио Диасты 2014 жылдың 26 сәуірінде мерзімінен бұрын жеңді. Дәл осы жылдың желтоқсан айында ешкімге есе жібермеген италиялық Леорнардо Бундуді (31-0-2) ұпай бойынша ұтқан.  

Келл Брук

brook

Келл Брук (37-1, 25 KO) 1986 жылы 3 мамырда Ұлыбританияның Шеффилд қаласында туған. Өз елінің BBBofC нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақта (2009-2010), сондай-ақ IBF (2014-2016) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. Кәсіпқой бокста рейтингі төмен 16 жекпе-жек өткізген. 2008 жылы отандасы Барри Джонсты 7-раундта жеңіп, Ұлыбритания чемпионы атанды. 2010 жылдың 12 наурызында польшалық Кшиштоф Биениасты (39-3) 6-раундта нокаутпен жеңіп, жартылай жеңіл салмақта WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық әлем чемпионы болды. Ал 2012 жылдың наурыз айында британиялық Мэттью Хаттонды ұпай бойынша жеңіп, бірінші орта салмақта IBF нұсқасы бойынша интернационалдық титулына қол жеткізді. Брук талай жетістіктерге жеткен. 2013 жылдың 26 қазанында бұрынғы әлем чемпионы Вячеслав Сенченконы нокаутпен ұтып, IBF титулына міндетті үміткер атанды. Ал 2014 жылдың 16 тамызында бұған дейін жеңіліп көрмеген Шон Портермен кездесіп, аталмыш титулды тартып алды. Айта кетейік, оның есімі қазақ жанкүйерлері үшін Головкин арқылы жақсы таныс. Оған дейін ешкімге есе бермеген Брук өткен жылдың қыркүйек айында орта салмақта қазақстандық боксшыдан оңбай ұтылды. Кездесудің 5-раундында техникалық нокаутқа түскен болатын. Бір ескере кетерлігі, алғашқы төрт раундта үш төреші жеңіске британиялық лайық деген шешім қабылдаған.  

Тимоти Брэдли

bradley

Тимоти Брэдли (33-2-1, 13 KO) 1983 жылы 29 тамызда АҚШ-та туған. Бірінші орта салмақта (WBC, 2008-2009, 2011; WBO, 2009-2012), жартылай орта салмақта (WBO, 2012-2014, 2015-қазіргі уақытта) әлем чемпионы. Бүгінгі күннің үздік спортшыларының бірі. 2010-2016 жылдары әлемнің мықты боксшыларының тізіміне тұрақты түрде кіріп тұрған. Ал Руслан Проводниковқа қарсы кездесуі жылдың үздік жекпе-жегі атанды. Бұған дейін 12 мәрте титулды айқас өткізген. Оның 11-інде жеңіске жетіп, біреуінде есе жіберген. Мансабында 11 әлем чемпионымен кездесіп, жеңіске жетсе, тек Мэнни Пакьяоға екі рет ұтылған. Pound for Pound рейтингінде 3-орынға (2013-2014) дейін көтерілген. Жартылай орта салмақта шаршы алаңға алғаш рет 2004 жылдың тамыз айында шыққан. 2005 жылдың 23 қыркүйегінде кәсіби бокстағы жекпе-жегінде мексикалық Франсиско Риконаны ұпай бойынша ұтып, WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанған. 2009 жылдың 4 сәуірінде Тимоти WBO чемпионы отандасы Кендалл Холтпен біріккен жекпе-жек өткізді. Алғашқы раундта Холт оған сол қолымен тура соққы бағыттап, кәсіби мансабында алғаш рет нокдаунға жіберді. Дегенмен, мықтының аты мықты. Дер кезінде есін жиып, лайықты қарсыласа білді. Төрешілердің шешімімен ұпай бойынша жеңіп, WBC және WBO титулдарының басын біріктірді. Дайындаған Аян Әбдуәли