Ақсеңгірліктер халқымыздың салт-дәстүріне адал екенін әйгіледі
Алты алаштың баласы бас қосқан Ақсеңгір атты ауылға биыл әз Наурыздың шуағы молынан құйылыпты. Ел тәуелсіздігінің мерейлі 20 жылдығы қарсаңында облыста көтерілген әр елді мекенде 20 мың түп ағаш көшетін егу бастамасын қызу құптаған олар көктем мерекесінде өзге де көптеген мәдени шараларды жүзеге асырды. Атап айтсақ, Ақсеңгір ауылындағы орталық стадионға 13 киіз үй тігіліп, арнайы іс-жоспарға сай әзірленген шаралар көрінісі дүйім жұртшылықтың көкейінен шыққаны бірден көзге түседі.
Мұсылмандық парызын адал өтеу мақсатында Меккеге үш рет қажылық сапар шеккен Сауытақын қарияның жасы биыл тоқсанға келіпті. Ауылдастарына ақ бата арнаудың реті, әрине, осы кісінің жөні деп ұйғарылғаны, қандай жарасымды. Жалпы, бұл өңірде жасы тоқсаннан асқан қариялар аз емес екен. Отан соғысының ардагері Орысбек Рахимов, Мүтәш, Ынтыбай ата, Сара, Кеуерхан апа тәрізді сүйегі асыл жандардың құрметі өз алдына бір бөлек. Ал, Алтын және Күміс алқа тағынған ардагер аналар қатары 80-нен асып жығылады. Оған бір ғана Мэлс пен Мәкеннің шаңырағынан өсіп-өнген 16 баланы қосыңыз. Ол бөлек айтылып, жеке жазылатын тақырып.
Міне, күн шұғыласына молынан малынған биылғы мерейлі мерекеде осынау ардагерлердің бәрін құрметтеп, оларға сый-сияпат жасаған, ардақты аналарға кәжекей кигізіп, орамал салған әкімдіктің ықыласына жиналған ел дән риза.
Наурыз – ұлттық салт-дәстүрді санаға сіңіретін салиқалы мейрам. Сондықтан әрбір үй өз дайындығына сай әзірлеген көріністерін ортаға салды. Қыз ұзату, келін түсіру, құда күту, шілдехана, бесік той рәсімін жасау, тұсаукесер, сүндет той салтанатын айшықтау не деген өнегелі дәстүрлер десеңізші. Мәре-сәре болысқан жұртшылық, бір-бірінің мәртебесін кеу-кеулей көтеріскен ағайын. Ежелгі салтын ертеңгі ұрпақтың қолына дәуірлете тапсырып отырған осындай өрелі елдің өзің де бір бөлшегі екеніңді сезінгенде, кеудеңді ерекше сезім билейді екен.
Бұл күн ақсеңгірліктер үшін есте қаларлық болды. Мәселен, алдын ала арнайы сатылған 300-ден аса лоторея бойынша ұтыс алғандар мәре-сәре. Жүлделері де ауыз толтырып айтарлықтай. Тоңазытқыш, теледидар, кілем, микротолқынды пеш, ұялы телефондар, үтік, тағы басқа ұтыстар тізбесі жетерлік. Ән айтып, би билегендер де сыйлықтан құр қалмады. Наурыз көже ішуден өткен жарыс тіпті қызық. Сахнадан ән әуеледі. Алтыбақанда тербетілген жастардың алаулаған жүзінен нұр шашылды.
Алматыдан арнайы шақырылған эстрада әншісі Ермек Балжігіттің өнеріне жерлестері тәнті көңілмен қол соқты. Көптен бері мұндай кең көлемді шараны тамашаламаған ауыл адамдарының шаттығында шынында шек жоқ. Иә, ұйымдастыра білсе, көпшіліктің жылда бір келер көктемгі төл қуанышын айта жүрерліктей етіп өткізуге әбден болады екен-ау.
Ақсеңгір ауылы асыл тұқымды ақтылы қой өсіруден атағы аумаққа кең жайылған құтты мекен еді. Кезінде тың игеру дүрмегімен ұйымдастырылып, кейін мал шаруашылығын өрістетуде бағы жанған. Қазір бұл округке қарасты Ақсеңгір, Жайсаң, Көкдала ауылдары мен Жиренайғыр темір жол бекетінде 704 аула бар, онда 6449 адам тұрады. Осында әбден орнығып қалған орыс, украин, түрік отбасыларына бірлі-жарымды өзге ұлыстарды қоса есептегенде, оннан астам ұлт өкілдері мекен етеді. Дені өзіміздің қазақтар. Соңғы жылдары Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз қосылып, демографиялық ахуал мейлінше түзеле түсіпті.
Округте 2 орта, бір бастауыш мектеп бар. 17 шаруа қожалығы еңбек етеді. Халыққа қызмет көрсететін денсаулық сақтау, әлеуметтік және сауда нысандары тұрақты жұмыс істейді. Өтпелі кезеңдердің түрлі қиыншылықтарын бастан кешірген округтегі жалпы тұрмыстық жағдай жыл сайын жақсара түсуде. Мәселен, биыл Ақсеңгір ауылынан балабақша ашу үшін бюджеттен 46 млн. теңге қаралған. Құр қаңқасы ғана қалған бұрынғы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 85 млн.теңге бөлінсе, орталық көшеге толықтай асфальт төселмек. Және бір айта кететін жай, жыл сайын көктемгі су тасқындары кезінде ауылға айтарлықтай қорқыныш тудыратын іргедегі өзен арнасын батысқа қарай 400 метрге жылжыту көзделгелі де біраз уақыт өтіпті. Биыл осы мақсатқа қажетті 12 млн.теңге мөлшерінде қаржы сұралып, атқарылатын жұмыстардың алғашқы шаралары қолға алына бастағаны қуанышты жайт, әрине.
Рас, осының бәрі «Болар істің басына, жақсы келер қасына» деген халық қағидасынан тым алшақ кетпеген. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің басшылығымен жүзеге асырылмақ шаралар. Және, осы ауылдық округтің тізгінін ұстаған Әлімхан Қосбасаровтың да ұйымдастырушылық қабілетіне ауылдастары ризашылық білдіруде.
Тың игеру кезінде түлеген ауыл көшелері де түп-түзу. Орысша атаулар өз ыңғайымызға сай түзелген. «Шұғыла», «Отан», «Қызыр баба», Алматы, Жамбыл, тағы солай жалғаса береді. Жарасымды. Әсіресе, Қызыр баба көшесіндегі Наурыз қуанышы қызықтырды. Дастарқан басында төрт ұрпақтың өкілі түгелдей бас қосқан. Орта толтырған оралман ағайындардан сөз алған Өкей Үрімханұлының жүрекжарды лебізі тіпті жан тербетерлік.
– Мен Моңғолияда туып-өсіп, ержетіп, білім алдым. Отбасын құрап, ұрпақ өсіріп, ел қатарлы өмір сүрдім, 26 жыл еңбек еттім. Қайта құру басталып, «Қазақстанда қазақ саны аз, көбеймесе болмайды. Сондықтан Қазақстанға көшу қажет» деген үндеу арқау болды да, атамекенге бет бұрдым. Ағайын туысқа бұл пікірімді айтып едім, «таныс-туысың жоқ, болмаса бұрын барып көрген жерің емес, көшуге болмайды» деп ымыраға келмеді. Айтқанымнан қайтпадым. Туған-туыс, дос-жаран, мал-мүлік, үй баспана, жұмыс-мансапты тастап, болашақты болжап, атамекенге Моңғолияның ең алғашқы көшін бастап, отбасымдағы 10 адаммен келдім.
Оқулықтардан асыл сөзін естіп таныған Жамбыл бабаның киелі жеріне жетуді армандағанмын. Содан да болар, Құдай қолдап, 1991 жылы тамыз айында 4 отбасы келіп, осы Ақсеңгір ауылына қоныстандық. Алғашқы кезде қиыншылықтар болды. «Жаманшылықты аманшылық жеңеді» деген сөз рас екен. Төзімділігіміздің нәтижесінде ағайын, туыс жиналдық. Қазір тек Ақсеңгірдің өзінде Моңғолиядан келген 60-тай отбасы бар.
Киелі жердің топырағынан нәр алып, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Зайыбым Мәдениет екеуміз де зейнеткерміз. Ол да мұғалім мамандығын алған. Қырық жыл ұстаз болдым. Соңғы 15 жылда Ақсеңгір орта мектебінде шәкірт тәрбиеледім. Өсірген ұл-қыздарымыздан 15 немере, бір шөбере сүйдік. Тағдырға ризамыз, – дейді Өкей.
Иә, Ақсеңгірдегі ағайынның бүгінгі бақыты – осындай ауызбірлік пен ынтымақта. Оны сүттей ұйытып отырған Өкейдей ел ағасы атанған ерлердің, Мәдениеттей асыл аналардың ақ ниет, шын пейілдері. Ендеше, алты алаштың баласы түгел жиналған бақ-берекелі, ырысты Ақсеңгірдің түтіні түзу ұша берсін деп тіледік.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
–––––––––––––
Суретте: Наурызды тойлау сәтінен.