Футболдан Ресей құрамасының экс-капитаны, «Қайрат» командасының ойыншысы Андрей Аршавин Газета.ру басылымына сұхбат беріп, Қазақстандағы өмірі туралы айтып берді.
«Азия елі болғандықтан шығар, жабық киім көп. Дастархан басында ер адам басты орында, әйел адам тыңдаушы. Басқа жағынан да өзінің ерекшеліктері бар. Бұл жағдай елдің оңтүстігінде көп кездеседі. Қазақстанның солтүстік қалаларының ресей қалаларынан айырмашылықтары аз», – деді Қазақстанның негізгі мәдени ерекшеліктері туралы журналистің сұрағына жауап берген футболшы.
Аршавин қазақтың ұлттық тағамы еттің дәмін әлі татпағанын айтты. Себебі, оның сырт келбеті ұнамайды екен. Бірақ мұнда келгелі футболшы жылқы етін көп жейтін болыпты. «Қазақстанда жылқы еті көп тараған. Ол барлық мейрамханаларда бар, базардан да тез тауып алуға боалды», – деді ол.
«Қазақстанда ең танымал әнші – Қайрат Нұртас. Оның Ньюшамен айтатын әнін мен көп естідім. Бұл жақсы шыққан дүние болды», – деді «Зенит» пен «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысы.
Аршавиннің айтуынша, Алматыда оған тау ерекше ұнаған. «Алғаш келгенде қатты таң қалғаным рас. Себебі, мен таудың маңайында ешқашан тұрған емеспін. Бара-бара бұл да қалыпты жағдайға айналды», – деді спортшы.
«Жазды күндері Горький паркінде қыдырғанды жақсы көремін. Мені базардан да кездестіруге болады. Себебі, ол жерге жиі барамын. Сирек болса да, Шымбұлаққа барып тұрамын», – деді ол.
Қазақстан мен Ресей чемпионаттарында қандай айырмашылық бар екенін сұрағанында: «Ең бірінші ойыншылардың деңгейінде. Бірақ мен үшін ең басты проблема – сырт алаңда өнер көрсету. Алаңдардың сапасы өте нашар. Егер оларды жаңартса, тек «Қайрат» қана емес, басқа да ойыншыларға да жақсы футбол көрсетуге мүмкіндік зор болар еді», – деді легионер.
«Шымкентте ауа райы жылы болса да, оған деген күтім аз. Сондай-ақ, «Жетісу» командасын алайық. Талдықорған мен Алматының күн райы бірдей болғанмен, сапасы өте нашар. Амалсыздан ойнаймыз. Ал жасанды алаң туралы айтар болсам, Оралды, Атырауды тілге тиек етуге болады. Жасанды болғанмен, Павлодарға сапасы жоғарғысын төсеген. Ал Астана-Аренада ойнағым келмейді. Мұнда табиғи газон болмағанмен, заман талабына сай жасандысын қоюы керек сияқты. Себебі, әріптесіңе пас берсең, доптың қай бағытқа, қандай жылдамдықпен ұшатынын болжап біле алмай әбігер боласың. Шыны керек, кәсіби футболда мұндай жайт болмауы тиіс», – деді «Қайраттың» жартылай қорғаушысы.
Сұхбат барысында ол Қазақстан Кубогының финалында жанкүйерлерге лақтырып жіберген медалі туралы да қозғады.
«Ауа райы өте қолайсыз болатын. Бәрі аяқталғаннан кейін ішке қарай кіріп бара жатқан бетім болатын. Сол кезде жанкүйерлердің қолдауын көріп, біз үшін толассыз жауған қарға қарамастан стадионға келгендеріне іштей риза болып, медалімді соларға қарай лақтыруды жөн көрдім. Ол адамға менен қалған бір естелік болсын. Бірақ бір өкініштісі «Ақжайық» жанкүйерінің қолына түсіпті. Ал өз қолдаушыларымыз алғанда өмір бойы сақтап өтетініне сенімді болар едім. Дегенмен, жақсы ниетті жаман қырынан көрсеткісі келетіндерге таң қаламын. Ол адам медальді сатқысы келіпті, сатсын. Ол өзінің құқығы. Мен бұл жерде ешнәрсе де істей алмаймын. Егер де Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетіп жатсақ, дәл осылай жүлдемді жанкүйерлер жаққа лақтырар едім. Кімнің қолына түссе сол иесі болады. Осы жол дұрысырақ сияқты. Себебі, көпшіліктің арасынан біреуін таңдап ала алмаймын», – деді Андрей.