ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірлігіне ресми сапары барысында Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері туралы айтты. Сонымен қатар халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында ҚР-ның БАӘ-дегі және БАӘ-нің Қазақстандағы Елшіліктерінің қажеттілігі үшін Астана мен Әбу-Даби қалаларында жер телімдерін қайтарымсыз негізде өзара ұсыну туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында дипломатиялық төлқұжатқа ие азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгертулер енгізу туралы хаттама;
- ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам ісі және вакуф жөніндегі бас агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум;
- «АСТАНА ЭКСПО-2017» мен «ЭКСПОДУБАЙ 2020» бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандум;
- Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE арасында өзара түсіністік туралы меморандум;
- ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында консулдық мәселелер бойынша бірлескен комиссия құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
- ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Жер үсті және су көлігі федералды агенттігі арасында халықаралық жолаушылар мен жүктерді автокөліктермен тасымалдау туралы меморандум рәсімделді.