16 Қаңтар, 2017

«Шатқал» операциясы

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жансейіт ТүймебаевМұның кинорежиссер Леонид Гайдайдың атақты «Операция «Ы»-сына еш қатысы жоқ. Бірақ, өмірге керек. Шымкенттің халқы жыл сайын өсіп келеді. Көршілес аудандардан елді мекендер де қосылды. Бірақ, жаздың аптап күндерінде, әуе айналып жерге түскен ыстықта жан қорғалар саябақтар аз. Адамдар ыстық күн табаға салып қуырғанда қаладан безіп кете жаздайды. Осының бәрін ой елегінен өткізген облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бос жатқан шатқалдарды саябаққа айналдыруды ұсынды. Ал, ол қалада көп. Бұрынғы құрғап қалған су арналарының орнынан бөлек, табиғаттың өзі қиыстырған, табанына түссең қыста ық, жазда сая боларлықтай шатқалдар бас ие жоқ, елеусіз жатқан. Сол үшін «Шатқал» деген бағдарлама қабылданды. «Шатқалдарды» жақсы демалыс орындарына айналдыру мәселесіне басшылық жасау үшін облыс әкімі өзінің орынбасарларына пышақ үстінен бөліп берді. Бүгінде олар өзара жарысқа түсіп те кетті. Қаңтардың алғашқы аптасынан басталған бұл жұмыстың жақсы нышаны әз Наурыз мерекесін тойлау кезіне дейін жалғаспақ. Ол үшін шатқал табаны тегістеліп, жан-жағынан суағарлар жасалады, ортаға тротуар салынады. Түрлі көшеттер егіліп, гүлзарлар іске қосылады. Түнгі жарық тартылады. Қалада қоғам және мемлекет қай­раткері Асанбай Асқаров атындағы ден­дросаябақ бар. Ақсақал шетелге шық­қанда түрлі тропикалық көшеттерді де әкелдірген екен. Мың түрлі дарағы бар, алуан құстардың тұрақты мекеніне айналған дендросаябаққа кірсеңіз, хош иістен көкірек сарайыңыз ашылып қоя береді. Осы дендробақ әу басында қоқыс алаңы болған екен. Іскер басшының арқасында ертегідей мекенге айналды. Оның үстіне бүгінде саябақ саларлықтай қаладан бос жер жоқ. Сондықтан қала халқы облыс бас­шы­сының «Шатқал» бағдарлама­сы­нан жақсылық күтіп отыр. Игіліктер ең алдымен адамдар үшін жасалуы керек қой. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы