Соңғы кездері оңай олжаға батуға құмарлар қатары көбейіп барады. Тіпті, «біреудің ала жібін аттама», «кісі ақысын жеме» дейтін үлкендердің нақылы аяқ асты болып қалғандай қазір. Күн сайын «жеп қойыпты, обып кетіпті» деген хабарды естисің, әйтеуір. «Түйені түгімен» жұтса да қақалмаймын деп ойлайды-ау деймін олар. Бірақ, түптің-түбінде еңбексіз табыстың еңсеңді басатыны анық. Сөйтіп, ұсталып, қолға кісен салынғанда ғана опық жеп жататындарын қайтерсің, шіркіндердің.
Мұғалжар аудандық соты осындай оңай ожаға кенелмек болған «Қандыағаш Мұнай Өнімдері» LTD» ЖШС-ның директоры Айбат Сусиновке үкім шығарды. 30 жастағы кәсіпорын басшысы өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені үшін айыпты болып отыр.
Сот материалдарынан белгілі болғандай, ол 2015-2016 жылдары 3,3 мың тонна мұнай ұрлаған. Дизель отыны мен жанар-жағармай мұнай қоймасынан «КамАЗ» автокөліктеріне еш кедергісіз тиеліп, шығарылып отырған. Кәсіпорын басшысы жұмысшыларына ұрланған «қара алтынды» журналға тіркемеу жөнінде тапсырма беріп келіпті. Салдарынан кәсіпорын құрылтайшысы «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС-на 445 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен айып тағылған серіктестік директоры Айбат Сусиновтің мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталды. Сондай-ақ, ол коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
«Қасқырға қой бақтырғандай» деп осындайда айтса керек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы