16 Қаңтар, 2017

Ит-мысықты жаппай өртеген кім?

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтау қаласының іргесіндегі Өмірзақ ауылына барар жолдың теңіз жақ бетінен өртенген иттер мен мысықтардың өлекселері табылған. Көк түтіннен күдіктеніп, бір хабарын білмек болып келіп, өрт құшағындағы өлекселердің үстінен түскен тұрғын алауы әлі басылмаған өрттің ішінде жанып жатқан ондаған ит пен мысық бар екенін аңғарған. Қолқаны қапқан ащы иіс маңайға тараған жантүршігерлік оқиғаны маңғыстаулықтар жанашырлықпен қабылдады. Ақтау қалалық ветеринариялық қызметтің басшысы болса, оқиғадан хабарсыз екендігін жеткізді. Айтуынша, осы аптада қаңғыбас жануарларды ату шарасы Ақтаудың өз ішінде ғана жүргізіліп, аталған ауданда жүргізілмеген. Ақтаудан шыққан өлекселер Мұнайлы ауданындағы арнайы орынға – өлексе өртейтін пешке тасымалданған. Өңірде қаңғыбас жануарларды жою мәселесімен айналысатын ұйымдар баршылық екен. Ал қаланың шетін, тұрғындар демалатын орынды көк түтінге орап, жағымсыз иіспен тұншықтыра жануарларды өртеген кімдер болды екен?! Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы