Қазіргі кезде арам ойларын жүзеге асырып алғаннан кейін нағашысына көрісуге кеткендей аяқасты шет елге зым-зия жоғалатын бөгде пиғылды жандардың көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Құқық қорғау органдары із кесіп, бұлтартпау шараларын қолданғанша, өзге елге табан жалтыратқанын бір-ақ естисің. Әп-сәтте миллиондаған, миллиардтаған қаржыны өңгеріп кету сияқты айла-шарғылары Остап Бендерді де жарты жолда қалдыратын болар. Мемлекет қаржысын шүлен таратқандай өз қалтасына басып, болмаса кісі қанын мойнына жүктеп, шет елдерде бас сауғалап жүрген алаяқтар мен қылмыскерлер Қызылжар өңірінде де аз емес.
Облыс прокурорының халықаралық келісімдерді пайдалануды қадағалау жөніндегі аға көмекшісі Жанар Ақмағамбетованың мәлімдеуінше, шет елдерде жасырынған қылмыскерлерді құрықтауға байланысты бірнеше өтініш қаралып, Бас прокуратураға жолданған. Сондай істің бірі 2006-2007 жылдары алаяқтық жолмен 59 миллион теңгені жымқырған «Петропавл шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының шағын несие ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы Б.Молдиновке қатысты қозғалған. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, алты жыл бойы өзге елде бой тасалап жүрген оны Қылмыстық кодекстің 177-бабы бойынша 3,6 жылға бас бостандығынан айыруға сот үкімі шыққан еді. Басын ала қашқан қылмыскерді енді Қазақстанға экстрадициялау келісіміне қол жеткізілді.
2002 жылы әйелін өлтіріп, 14 жыл бойы ұшарын жел, қонарын сай білген петропавлдық тұрғынға қатысты қылмыстық қудалау ісі өз нәтижесін берді. Ол да Қазақстанға әкелінеді. 2002 және 2005 жылдары аса ауыр қылмыс жасап, 11 жыл бойы қашып-пысумен жүрген екі азаматқа байланысты қылмыстық іс аяқталып, құжаттар құзырлы орындарға жіберілді.
Бұдан тысқары, Ресейдің күштік құрылымдары іздеу жариялаған төрт қылмыскер кері қайтарылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы