16 Қаңтар, 2017

Тасқын зардаптары әлі де бар

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алдыңғы жылы Бұқар жырау ауданында болған су тасқыны зардабынан баспанасыз қалған біраз халыққа жаңадан үй салынып берілгені белгілі. Дегенмен, қанша уәде берілгенімен, әлі күнге үйге қолы жетпеген жандар да бар. Аудан әкімі Нұркен Көпжанов бұл мәселе көктемге дейін шешіледі деп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік бөлімшесінде мәлімделді.  Естеріңізге сала кетсек, Қарағанды облысында 2015 жылдың көктемінде  болған су тасқынынан 35 ауылдық елді мекендегі 1760 тұрғын үй зардап шеккен болатын. Бұл табиғи зауалдан, әсіресе, осы Бұқар жырау ауданының халқы көп зардап шекті. Жер-дүниені басып кеткен тасқынның салдарынан мың жарымдай отбасы тұрып жатқан шаңырағынан айырылды. – Сол кезде үйлер жаңадан тұрғызылғанда олардың жобасы баспанасыз қалған халықтың өзімен ақылдасып жасалған болатын, – дейді аудан әкімі. – 240 үй салынды. Дегенмен, түрлі себептермен әлі күнге бас­пана ала алмаған адамдар бар. Оған, бір есептен, өздері кінәлі. Біреулерінің құжаттары түгел емес, енді біреулері үйді өз атына ресімдемеген. Иесі жоқ үйдің орнына жаңадан үй тұрғызып берсек, біз де заңнан аттаған болар едік. Тағы бір айтары, ережеге сәйкес біз зардап шеккен отбасыға бір баспанасын ғана қалпына келтіріп беруіміз керек. Ал кей адамдарда екі, тіпті үш үйден болған. Осындай мәселелер бойынша қазіргі уақытта 67 адамның 12-сінің ғана жағдайы шешілмей тұр. Олардың да көбінің баспанасы бар, далада жүрген жоқ. Бұған дейін үйі болмағандардың өзіне Қарағанды облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына көмек қорынан қаражат бөлінді. Бұл қор қалыпты жұмыс істеп тұр, оған қаржы тарту жағы да ескеріліп отырады. Су тасқынынан зардап шеккен жандардың проблемалары биылғы көктемге дейін толығымен шешіледі деп ойлаймын. Аудан басшысының барды бар, жоқты жоқ деп отырған ашықтығы көңілге үміт ұялатады. Ол сөзінде тұрып, енді бір-екі айдан соң бұл мәселе қайта қозғалмайды деп сенеміз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ