16 Қаңтар, 2017

Адамдар өміріне төнген қауіп сейілді

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
sraoso_1Қостанай өңірінде көктем шыққанша «кәрі құда қыстың» әлегі таусылмайды-ақ. Қарасу ауда­нындағы Ушаков елді ме­кені облыс орталығынан 200 шақырымдай жерде жатыр. Ауыл негізгі ұлы жолдан 24 шақы­рымда орналасқан. Жол мен ауыл­­дың арасын қар көміп,  сырт­қы дү­ние­мен байланыс үзіліп қалған болатын. Әйтеуір ұялы бай­ланыстың арқасында ауыл­да­ғылар орталықпен хабарласып отырды. Жақында осындағы аяғы ауыр әйелдің денсаулығы нашарлап, бүкіл ушаковтықтар бір тарының қауызына тығылғандай болды. Бір-екі шақырым емес, бақандай 24 шақырымды қарға омбылап, ат та, арба да жүріп өте алмайды. Бұл ауылға тек Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары ғана жүрдек көлігімен кіре алды. Жедел дәрігерлік көмек көрсетілмесе, аяғы ауыр ананың жағдайы тым нашарлап кететін түрі бар екен. Оны құтқарушылар  жолдағы Әулиекөл аудандық ауруханасына жеткізіп салды. Сол жолы ауыл фельдшері іші ауыратынын айтып, мазаланған он жасар ер баланы да құтқарушыларға айтқан болатын. Фельдшер соқыр ішек болуы мүмкін деп диагноз қойған баланы құтқарушылар Қостанай қаласындағы облыстық балалар ауруханасына әкеліп тапсырды. Олар қар құрсауындағы ауылдан тағы да 8 адамды алып шықты. Адамдар өмірі мен денсаулығына төнген қауіп сейілді. – 24 шақырым – өте ұзақ жол. Шамалы қар үріп жауса жолды көміп тастайды. Оны әр қар жауған сайын тазалап отыру оңай емес, көп қаржыны талап етеді. Сондықтан Ушаков ауылының жағдайы үнемі құтқарушылар назарында болады, – дейді СӨАҰЖҚЖ бастығының орынбасары Сергей Шмидт. Құтқарушылар мұның сыртында облыс өңірінен өтетін республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында кезекшілік жасап, қарға кептеліп қалған жолаушы көліктері мен адамдарды үсіп кетуден сақтап қалды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ