Атырау облысын аралап өтетін Универсиада алауын Алматыға жеткізу боксшы студент Назым Ищановаға тапсырылды. Оның мұндай миссия атқаруы көп толғаудан соң таңдап алынды.
Еліміздің спортсүйер қауымына Назымның есімі жақсы таныс. Ол Вьетнамда өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған. Бұған қоса, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Атырау облысында алау эстафетасы 27 қаңтар күні өтетін болып белгіленген. Ол екі сатыдан тұрады. Алаугерлердің бірінші тобы Атырау мемлекеттік мұнай және газ университетінен Махамбет атындағы драма театрына дейін жүріп өтсе, екінші топ драма театрынан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне дейінгі бағытта барады.
Универсиада алауын алып жүретіндер қатарында облыстың бұрынғы және қазіргі танымал спортшылары, оқу озаттары, үздік студенттер және қоғам белсенділері бар. Олар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдында алауды Назым Ищановаға табыс ететін болады. Оны қабылдап алған Назым 29 қаңтарда Алматыда өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылуына Атырау облысының атынан қатысады. Сөйтіп, әр облыстан таңдалған 16 алау көтеруші универсиада төрінде алауды бір тостағанда біріктіреді.
Универсиада алауы Қазақстанның 22 мың шақырымдық атырабын көктей өтеді. Оның 200 шақырымында алауды адамдар алып жүріп өтеді деп жоспарланып отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ