16 Қаңтар, 2017

Қолдан құрастырылған «Барс»

394 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ERA_4159Кейбіреулердің сөздерінің астарынан «Өзі жынды ма? Темір-терсекте несі бар? Дайын көлікті мініп жүре бермей ме?» деген сыңайдағы ойларын сезіп қаламын», дейді Баянбай. Өз қолымен ерекше көлік құрастыруды бала кезінен армандаған сыңайлы. Әйтеуір, ес білгенінен техника көрсе, соны шұқылап көруге құмартады да тұрады екен. Енді отбасылық автобус құрастыруды ойлап жүр. Бұл көліктің ішіне ас бөлмені, жатын орынды, өзге де жолға қажет керек-жарақтарды сыйдырмақ. Өткен жылдың қараша­сының соңында ғаламтор беті­нен қызылордалық қазақтың көлік құрастырғаны туралы ақпаратты көзіміз шалып қалды. Әскери техникаға ұқсайтын «Барс» атты машина Баянбай Исраилов деген ел ағасы дейтіндей азаматтың туындысы екен. Жағымды жаңа­лықты оқырманға кеңейтіп жеткізуге біз де асықтық. Көлік иесімен кездесу қиынға соққан жоқ, өйткені ол бүгінде Астанада тұрады. «Барс» бір көргенде-ақ көңіл тоғайтады, көз сүйсін­діреді. «Қолдан құрас­ты­рылған» деуге қимайтындай, зауыт­тың кәнігі өніміндей. Жеңіл көліктер қатарына жат­­қыз­­ғанымен, ішіне алты-жеті адам еркін сыяды. Әңгі­меле­суге, демалуға, ұзақ жол­ға өте ыңғайлы. «Бұл – тек кеңес заманында шығарылған көлік­тер­дің жиынтығы. Негіз­гі «доноры» – «ГАЗ-66», дей­ді Баян­бай. Құжаттары ресім­делген, мемлекеттік нөмірі бар. Кәсібімізге кірісіп, көлік иесін сұрақтың астына алдық, кеңінен жауап берді. «Біздің ауыл күріш егеді. Науқаннан соң жарамсыз болып қалған техникалар далада қалады. 6-7 сыныптарда оқып жүргенімде соларды бұзып, ойнау маған сондай қызық болатын. Ал олар ауылдан 15-20 шақырым қашықтықта ғой. Қай жерде жатқанын жақсы білемін, сабақтан шыға сала сонда тартамын», дейді аға бала кезін есіне алып. Техникаға деген құмарлы­ғы бозбала Баянбайды Алматы политехникалық институтына алып барады. Автоматика-теле­механика мамандығы бо­йынша білім алады. Әскер қатарына барғанда да әуе қор­ғанысы күштерінде ма­ман­дығымен қызмет етеді. «Көлік жасау туралы ойым ел егемендігін алар тұста, мү­­лік­тер жекеменшікке беріле бас­таған жылдары туды. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік коми­тетіндегі қызметім кеудемде піскен осы идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Десе де, керек дүниелерді, жаңа ойларымды қағазға түсіріп, сызып қойып жүрдім. Мен осындай ойларға шырмалып жүргенде тараздық Локтев деген орыс ұлтының өкілі бір көлік құрастырды», дейді Баянбай. Бірақ ол жүк көлігінің қаңқасын қысқар­тып, үстіне «Волганың» шана­ғын орната салған. Журна­лис­тер жарыса жазған жаңа­лық кейіпкерімізге ұнай қоймаған сияқты. Өйткені, Локтевтің көлігіне мінген не, «Волгаға» мінген не, бәрібір еді. Иесі «Лав» деп атаған көліктен кейін, 2002 жылы Петропавлда Сухов деген тағы бір өнертапқыш түрлі темір-терсектен кәдімгі «Уазик» құрастырып шығарған. Ал Баянбайдың көксегені басқа көлік. «Жатсам-тұрсам ойымнан шықпайды. Жалпы нобайының үлгісін, ішкі жүйе­сіне қатысты материалдар­ды ғаламтордан қарап, ізденіп жинақ­тай бердім», дейді «Барс­тың» иесі. Енді жұмысты бастау үшін көмекші шебер керек. Өйткені, өзі дәнекерлеуші емес, не электрик емес. «Қазақ десең өзі­ңе тиеді, біз­дегі жөн­деуші шебер­лердің бар­лығы дерлік кәні­гі мамандар болмай шық­ты, –  дейді ол. – Біздің шебер деп жүргендеріміз майыс­қан есікті түзегеннен гөрі, жаңа­сын әкеліп сала сал­ған­ды жөн көре­ді екен. Ал өз қол­дарымен түзеп істейтін шебер некен-саяқ. Олардың өзі жұ­мыс­тарына миллиондап сұрай­ды, бірақ фантазиялары жоқ». Баянбай шебер іздеп, Шым­кентке жол тартты. Үміті алдамаған екен, іздеген адамын тауып, екі жыл бірге жұмыс істеді. Жасаған дүние­лері ұнамай, бірнеше мәрте қайта істеген кездері де аз емес. «Көлікті құрастыру кезін­де біраз оқиғалар болды. Мәселен, көз тию деген нәрсенің рас екеніне көзім жетті. Ойымыздағы көліктің қаңқасын құрап, моторын орнатып қойғанбыз. Көмекшім Артық «Көке, көшеге шығып, бір айналып келсек, қайтеді?» дегені. Көңілін қимадым, шық­тық. Қарабұлақ ауылының жұрты техникаға құмар екен. Соңымыздан ерген адамдарда есеп жоқ. «Бұл қандай көлік?», «Кім жасады?», «Қа­лай құрастырдыңдар?» деп сұрайды. «Артықтың қолынан шыққан», деймін. Бәрі таң қалып қарайды, қызығады. ...Машинаның жобасын бітірдік. Ұсақ-түйек шаруаларды Артыққа тапсырып, Астанаға кеткенмін. Араға бір апта салып келсем, бір құрылғының пышағы жарылып, көмекшімнің төрт сау­сағын бірдей кесіп түсіпті. Абырой болғанда, дәрігерлер сүйектерін жалғап, емдеп беріпті. Өз қолындай бол­ма­ғанымен, ыңғайға көнеді», дейді Баянбай өткен қиын­дықтарға ой жүгіртіп. Негізі мұндай құрастыр­малы дүниеге қызығатындар баршылық. Десе де, кейіп­керімізге «Не қыласың басың­ды ауыртып? Одан да кәдімгі көлік сатып алып, ойқастап жүре бермейсің бе?» деп ақыл айтатындар да жетерлік екен. Ал ол өз қолымен құрастырған көлікке жетпейтінін айтады. «Әйелдің толғағы сияқты, ойыңда жүрген дүние қолың­нан шыққанша жаныңа тыным таптырмайды ғой», дей­ді ағынан жарылып. Күн жы­лығанда «Барсымен» Қазақ­станды бір айналып шығуды жоспарлап жүр. Баянбай Исраилов алдағы мақсаттарын да жайып салды. «Бір автобус құрастыруды ойлап жүрмін. Онымен сапарлау өте ыңғайлы болады. Үйіміздегі ас үйді, жатын орынды, өзге де қажет жарақ­тарды ішіне сыйдырамын. Содан кейін өз көлігіммен Меккеге барып, қажылық парызымды өтесем деймін. Бұл – нағашыңның ауылына барып келгендей емес, жауапты сапар. Сондықтан үлкен дайындық керек», дейді «Барстың» иесі. Кейіпкеріміздің ісін өнер­табыс деуге келмейді, хобби деген жөн шығар. Десе де, құптарлық шаруа. Жеке өзі үшін үлкен жетістік. Сол жетіс­тігі өзгемізге ой салып, өзгеше дүние жасауға жол ашып жатса, қанеки... Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан Омаров, «Егемен қазақстан»