16 Қаңтар, 2017

Аптаның экономикалық күнтізбесі

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5

Осы аптада жаһандық қаржы нарығының назары әлі де болса енді ғана қызметіне кіріскелі жатқан Дональд Трампта болады, деп жазады reuters басылымы. Трамптың жеңісінен кейін бей-жай күйде қалған қаржы нарығы алдағы бейсенбіде оның ресми түрде ант қабылдап Ақ үйге қызметке кірген кезде тұрақталатынын айтады инвесторлар. Соның ішінде инвесторлар бірінші кезекте Трамптың салық реформасы, инфрақұрылымдық жобалардың шығынын оңтайландыру  және Қытаймен сауда айналымы туралы мәлімдемесін асыға күтуде. Сонымен қатар АҚШ Федералды қорының Джаннет Йеллен бастаған бірқатар лауазымды тұлғалараның ресми мәлімдемелері де осы аптадағы нарыққа айтарлықтай өзгеріс әкелуі мүмкін. Соның ішінде трейдерлер алдағы айларда орталық банктің базалық үстемені көтеруге қатысты қандай да бір мәлімдеме жасалуы мүмкін екенін айтады. Естеріңізге сала кетейік, желтоқсандағы Федералды қордың соңғы отырысында 2017 жылы доллардың базалық үстемесі кемінде екі рет көтерілуі мүмкін екені айтылған еді. Сейсенбі күні Тереза Мэйдің халық алдына шығуы да саудагерлердің көптен күткені. Алдын ала болжамдар бойынша, үкімет басшысы өз әкімшілігінің Брекситке қатысты ұстанымдарын жеткізбек. Сәл ертеректе Мэй Британияның Еуроодақтан наурыздың соңына дейін шығатынын айтқан еді. Дегенмен, ірі кәсіпкерлер мен инвесторлардың араласуымен елдің одақтан шығу жайын тағы да талқыланатын болып шешілген еді. Сарапшылардың айтуынша, елдің одақтан шығуы фунттың құнын айтарлықтай түсіріп, экономикаға үлкен шығын әкелуі мүмкін. Еуроаймақтағы сауда мен жалпы еуроның құны үшін Еуропа орталық банкілерінің ресми кездесуі үлкен рөлге ие. Бейсенбідегі бұл кездесуде еуроаймақты қаржылық ынталандыру мәселелері қаралады деп күтілуде. Бейсенбі күні Еуропа орталық банкі еуроның пайыздық үстемесі туралы мәліметті жариялайды. Сонымен қатар бейсенбі күні Қытайдың өткен жылғы төртінші тоқсандағы экономикалық өсім қарқыны туралы мәлімет жарияланады. Бұл да Азиялық қор биржалары үшін трейдерлердің көптен күткен жаңалығы болмақ.