Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Валерий Брылевті қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасу барысында тараптар Қазақстан мен Беларусьтің өзара іс-қимылы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті және парламентаралық құрамдағы байланыстарды одан әрі белсенділендіруді жақтайтындарын айтты.
Қазақстан мен Беларусь парламентшілерінің екіжақты және көпжақты ынтымақтастығы табысты болғанын атап өте келіп, Төраға республика Кеңесінің төрағасы А.Рубинов пен Өкілдер палатасының төрағасы В.Андрейченкоға ізгі тілектестігін жеткізді.
«Қазақстан Беларусьті бұрынғы кеңестік кеңістіктегі негізгі мемлекеттердің бірі ретінде қарастырады», деді Қ.Тоқаев және ол Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара екіжақты іс-қимылды дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.
В.Брылев өз елі басшыларының ізгі тілектестігін Қ.Тоқаевқа жеткізе отырып, оны БҰҰ-дағы жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады. Дипломат атап өткендей, Қазақстан мен Беларусь арасында өрістеп келе жатқан өнімді қатынастарды одан әрі нығайтуда парламентаралық байланыстардың рөлі аса маңызды болып табылады.