16 Қаңтар, 2017

Ұлттық банк криптовалютаға қатысты ескерту жариялады

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
bank ҚР Ұлттық банкі криптовалюталарды пайдалана отырып халыққа инвестициялық қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін реттемейді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. «ҚР Ұлттық Банкі қазіргі уақытта Қазақстанда криптовалюталарды пайдалана отырып халыққа инвестициялық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс істейтіндігін хабарлайды. Бұл ұйымдар қазақстандықтарға криптовалюталарды сатып алу мақсатында қолма-қол ақша енгізу жолымен, сол сияқты қолма-қол ақшасыз тәртіппен интернет желісі арқылы олардың бағдарламаларына қатысуды ұсынады», – делінген хабарламада. Бұл ұйымдардың өкілдері сатып алған криптовалюталар бойынша жеке тұлға клиенттерге қаржы нарығындағы қолданыстағы мөлшерлемелермен салыстыруға келмейтін, белгілі бір уақыт өткеннен кейін жоғары кірістерді (тым артық пайыздар) уәде етеді. Жоғары сыйақылар айналымдағы ақшаның болуын қамтамасыз ете отырып, қатысушылардың айтарлықтай санын және жаңа клиенттердің ақшалай түсімдерін тарту есебінен төленеді. Ақша айналымы (ағыны) тоқтатылған немесе жетіспеген кезде ағымдағы міндеттемелерді өтеу үшін бұл ұйымдар жабылып, барлық төлемдер тоқтатылады. «Криптовалюталардың ресми ақша бірлігіне не өзге де нақты активтерге байланысы, сондай-ақ тиісті қамтамасыз етуі және оларға қызмет көрсету операциялары бойынша заң тұрғысынан жауапты субъектілерге қатысы жоқ. Бұдан басқа, криптовалюталардың айналыс процесі орталықтандырылмаған, және оны реттеу мүмкіндігі жоқ», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі. Бұл ретте осы ұйымдардың пайдасына ақша енгізген қатысушылардың салынған ақшаны қайтаруының құқықтық кепілдіктері жоқ, себебі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бұл ұйымға кіру және жеке тұлғалардың ақша енгізуі ерікті негізде жүзеге асырылады және ол қандай да болмасын құжаттандырылған рәсімдермен бекітілмейді.