16 Қаңтар, 2017

«Барыс» өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасын жеңді

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
barys Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдап, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің алғашқы кезеңінде командалар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Алайда, қонақтар адуынды шабуылдап, 11-минутта Томаш Мертлдің көмегімен есеп ашты. Екінші тайм аса тартысқа толы өрбіді. Алма кезек соғылған шайбалардан қай ұжымның жеңіске жететінін алдын ала болжап білу мүмкін еместей болды. 24-минутта Найджел Доус мергендігімен танылып, таразы басын теңестірсе, арада бірер минут өтер-өтпес Кирилл Панюков «Барысты» алға шығарды. Ал  27-минутта Найджел Доус дубль иесі атанып, есептегі басымдықты арттырды. Міне, осыдан кейін қонақтар қайратына мініп, қауіпті шабуылдарын үдетті. 35-минутта Максим Майоров ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, есептегі айырмашылықты қысқартса, 36-минутта Александр Нестеров таблодағы көрсеткішті 3:3-ке жеткізді. Негізгі уақыттың соңына дейін осы есеп өзгеріссіз қалып, жеңімпаз овертайм арқылы анықталды. Бұл сында Кевин Даллмэн 65-минутта шешуші голды соғып, өз командасының кезекті жеңісіне септігін тигізді. Тағы бір айта кетерлігі осы матчтан кейін Найджел Доус ҚХЛ-де жалпы саны 300 ұпай жинады. Астаналықтар 50 ойыннан 73 ұпай жинап, «Шығыс» конференциясында әзірге 6-орында келеді. Келесі кездесуін Новокузнецкінің «Металлург» командасымен өткізеді.