Қазақстан намысын Қысқы Универсиада-2017 ойындарында қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы Вероника Шевелева жауапкершілігі жоғары жарыстар алдындағы көңіл-күйімен бөлісіп, өзінің бағдарламасы жөнінде айтып берді.
– Универсиадаға қатысатынымды естігенде, қатты қуанып кеттім. Осындай деңгейдегі жарыстарға қатысу – үлкен құрмет. Өзіме сенімді жүрмін, білетінімнің бәрін көрсете аламын деп ойлаймын. Қазір біз көптеп жаттығып, мұз айдынында көбірек уақыт өткізуге тырысып жүрміз. Тамаша көңіл-күйдемін.
– Неге мәнерлеп сырғанаумен шұғылданамын деп шештіңіз?
– Анам өзі кезінде мәнерлеп сырғанаушы болғысы келген, бірақ ол арманына жете алмады. Сондықтан мені мәнерлеп сырғанауға әкелді. Бірінші рет жаттығуға барып, одан шыққан соң, енді мұнда ешқашан келмеймін деп өзіме айтқаным есімде. Бірақ, осы күнге шейін осы спорт түрімен айналысып жүрмін, қазір шамамен он жыл болып қалды.
– Универсиада өткізілетін алаңда ойын көрсеткеніңіз сізге басымдық бере ме, қалай ойлайсыз?
– Меніңше, бұл үлкен басымдық болмақ. «Алматы-Аренаның» мұз айдыны өте жақсы, біздің басқа алаңдарымызға қарағанда әлдеқайда жақсы. Қазақстан чемпионатында осында сырғанаған маған қатты ұнады, ондағы жағдай мен орта ерекше.
– Универсиадада көрсететін бағдарламаларыңызды анықтап қойдыңыз ба?
– «Город 312» тобының «Останусь» әнімен қысқа бағдарламаны көрсетемін. Маған бұл ән тым қатты ұнап кетті. Бағдарламаларды көрсету кезінде сөзі бар әнді қолдануға рұқсат бергенде, оны таңдап көрейін деп шештім. Басында орыс тіліндегі әнді алған дұрыс па деп күмәндандым, бірақ кейін көбісі сондай әндерді таңдай бастады. Нәтижесінде Қазақстан чемпионатында көрсеткен бағдарламам барлығына ұнады. Ал еркін бағдарламамен әлі жұмыс жасап жатырмын.
Универсиадада мәнерлеп сырғанау жарыстарында Қазақстан намысын Вероника Шевелевамен қатар, Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Артур Панихин, Айза Иманбек және Жансая Адыханова қорғамақ.
Әңгімелескен
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»