17 Қаңтар, 2017

Алар асуы әлі алда

547 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Универсиада МухинБылтыр Алатаудың баурайында шаңғыдан Қазақстан Кубогы сарапқа салынған жарыс өтіп, бір жағынан, студенттердің дүниежүзілік қысқы Универсиадасына қатысатын ұлттық құраманың сайдың тасындай мүшелері іріктелді. Оның сапында жақсы өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық Ринат Мухинге үлкен сенім артылып, ел намысын қорғайтын болды. Жас өрен мектепте оқып жүргенде бапкерлердің назарына ілігіп, олимпиялық резервтер дайындау орталығына қабылданды. Содан бері шебер­лігі шыңдалып, өзін жақсы қырынан танытып үлгерді. Ұлттық құрамаға алынғалы халық­аралық жарыстарда топ жармаса да, алар асуы, бағын­­дырар биігі алда екенін аңғарт­ты. Бүгінде оның есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. 2013 жылы Риддер қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 15 шақырымдық қашықтықта бірінші келіп, спорт шебері нормативін орындады. Бірнеше мәрте жастар біріншілігінің жеңімпазы атанды. Оның есінде 2014 жылы Германияда ұйымдастырылған Еуропа чемпионаты ұзақ сақталады. Мұндай байрақты бәсекеге тұңғыш рет қатысқанына қарамастан 10 шақырым бойынша сөре сызығын үшінші болып қиды. Шаңғы спорты халықаралық федерациясы аясында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында оныншы орынға табан тіреп, әлемнің 36 елінің намысын қорғаған бір мыңға тарта шаңғышылар арасынан қазақстандық шаңғышылардың ең үздігі болды. Алдыңғы үш орынды бөліскен германиялық Флориан Нотц, норвегиялық Симэн Крюгер, француздық Адриен Бакшнейнермен сө­реге құйрық тістесе келді. Алматыдағы бұл чемпионатта кілең мықты спортшылардың басы қосылғанын ескерсек, оған қатысу– мен үшін үлкен мәртебе. Өзім көрсеткен нәтижеге көңілім толды. Ең бастысы, мол тәжірибе жинақтадым, дейді өткен күн­дерді еске алған Ринат. Жыл өткен сайын Ринаттың тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалып келеді. Небір азулы қарсыластармен терезе теңестіретін дәрежеге жетті. 2016 жылы қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Владимир Сахновқа арналған «Ақ мара­фон» дода­сын­да 220-дан астам үміткер бақ сы­нады. 50 ша­қы­рым­­­дық қа­шық­тықта Ри­нат сөре сызығын бірінші қиып, 2013 жылғы әлем чем­пио­натының қола жүлдегері Николай Чебо­тьконы қапы қалдырды. Осылайша оның алдында кеткен есесін қайтарып, үздіктер қатарына қосылды. Швецияның Фалун қаласында өткен әлем чемпионатында ағайынды Чеботьколардан тағы да қара үзді. Юхан Ульссон, Морис Манифика, Андерс Глеэрсен секілді азуын айға білеген кілең жүйріктермен күш сынасты. Теріскейде жұртшылық жаппай айналысатын қысқы спорт түрлерінің бірі–шаңғы тебу. Соңғы кездері Ринатқа еліктеушілер, ізін қуушылар қарасы көбейіп келеді. Оның жаттықтырушысы Сергей Пер­минның айтуына қарағанда, еліміздің үздік шаңғышысы қазір нағыз бабында. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы