17 Қаңтар, 2017

Қысқы ойынның жүлдесінен құр қалмаңыз!

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_8323Алдағы күндері Алматыда басталатын Универсиадаға жұртшылықты көптеп тартудың бір жолы – ұтыс ойындары. Ендеше, жанкүйерлер жарыстар басталмай жатып-ақ, күтпеген қуаныштарға кенеле бастады. Сонымен, үстіміздегі жыл­­­дың 11 қаңтарына дейін Уни­версиада-2017 ойындарына сатып алынған билеттер арасында өткізілген ұтыс ойынның бірінші кезеңі аяқталды. Енді бағы жанған 12 адам Универсиада ұйымдастырушылары мен Қыс­қы ойындардың ресми серік­тестерінен бағалы сыйлық­тарға ие болады. Арнайы ұтыс ойынының бірінші кезеңінде ұтқан билет­тердің тізімі 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың ресми сайты мен Facebook парақшасында жарияланды. Ұйымдастырушылардың ха­­­барлауынша, 2016 жылдың 20 желтоқсанында басталған жүл­делердің ұтыс ойыны екі кезеңде өткізіледі. Универсиада аясындағы спорттық оқиғаларға билет сатып алған жасы 18-ден асқан кез келген Қазақстан азаматы ұтыс ойынға қатыса алады. Ұтыс ойын сатып алынған билеттің бірегей тоғыз таңбадан тұратын нөміріне қарап өткізіледі. Шақыру билеттері және құны жоқ билеттер ұтыс ойынға қатыса алмайды. Ал 2017 жылдың 8 ақпанына дейін сатып алынған билеттердің барлығы ұтыс ойынның екінші кезеңіне қатысады. Екінші ке­зеңде Саппородағы Азия ойындарына 2 саяхат, сондай-ақ, «Базис-А» корпорациясының ұсынып отырған супер жүлдесі – «Алмалы» тұрғын ауданында орналасқан екі бөлмелі пәтер ұтысқа салынады. «Алмалы» тұрғын ауданы «Базис» құрылыс компаниясы салған Универсиаданың бас нысаны – Almaty Arena мұз сарайының қарсы жағында орналасқан. «Базис-А Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Павел Белович «Almaty Arena мұз сарайын салып жатқан кездің өзінде біз дамып жатқан ауданның әлеуетін байқап, Универсиада бас нысанының қарсы жағында жаңа әрі жайлы тұрғын ауданын салу жөнінде шешім қабылдадық. Оның үстіне, халықаралық жарыстарға билет сатып алғандар арасындағы ұтыс ойын кезінде бас жүлде ретінде «Алмалыдағы» пәтерді ұсыну айрықша мәнге ие болады деп есептедік», дейді. Сондай-ақ, Универсиада аяқталғаннан кейін алматылықтар мен «Алмалының» тұрғындары Almaty Arena мұз сарайында хоккей, мәнерлеп сырғанаумен қатар, жүзу, көркем гимнастика, бокс, күрес секілді тағы да басқа көптеген спорт түрлерімен шұғылдана алатын болады. Универсиада-2017 ойындарына билеттерді almaty2017.kz, ticketon.kz, kassir.kz, fisutickets.com сайттарында, сондай-ақ, Алматы және Астана қалала­рының кассаларында сатып алуға болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ