Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы «Хиуаз» атты жинақ жарық көрді. Белгілі журналист Тұрсын Қалимованың бастамасымен және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген бұл еңбек – елінің бейбіт өмірі мен бақыты үшін жан аямай күрескен, өмірі мен игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ардақтымызға деген құрметтің бір көрінісі.
Хиуаз Доспанованың есімі мен жанқиярлық ерліктері туралы алғаш рет туған нағашым Төкен Омарбековтен оқушы кезімде естіген едім. Майданға 1944 жылы шақырылып, Үшінші Украин майданында соғысқан, Харьков авиациялық училищесінің байланыс бөлімінде оқыған ол «Бүкіл халық болып Әлия мен Мәншүкті қастерлейміз. Қастерлеуге тұратын қазақтың тағы бір керемет қызы бар. Ол – жаужүрек ұшқыш Хиуаз Доспанова. Өзі Раскованың шәкірті» деп бастаушы еді әңгімесін. Бір немересіне Хиуаз есімін де берген болатын.
Жинақта даңқты ұшқыштың өзі жазған «Халқым үшін» («Әскери ұшқыштың жазбалары») және «Под командованием Расковой» атты көлемді естеліктері берілген. Ол авиация тарихында тұңғыш рет әйелдерден құралған №588 түнгі бомбалаушы әуе полкінің штурман-атқышы болған. Алғашқы жауынгерлік тапсырмасына жиырма жасында Краснодон жерінен ұшып, айналдырған бір жарым-екі жыл ішінде Оңтүстік майданда, Солтүстік және Күнгей Кавказда, Украина мен Белоруссияда, Польшада жау нысандарына 300 рет шүйліккен және соның барлығында жеңіске жеткен жаужүрек қыздың бұл естеліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Жау тылында көптеген әскери тапсырма орындаған, үш мәрте ауыр жараланып, қайтадан сапқа қосылған жап-жас қыздың отансүйгіштігі, ештеңеге де мойымас рухы, соншалықты намысқойлығы, миға сыймастай ержүректігі таң қалдырса, достыққа адалдығы, кішіпейілдігі мен көпшілдігі ерекше сүйсіндіреді.
Соғыс кезеңінде гвардия аға лейтенанты Хиуаз батыр Қызыл Ту ордені, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.Ерлікті атақ үшін жасамайды, дегенмен де Жұбан мен Сағынғали ақындар «қанатты қыз» атандырған Хиуаздың таңғажайып ерліктері үшін мұның барлығы аз еді.
Жинақтың «Есімі ел есінде қалар мәңгі» атты тарауы Хиуаз батырдың кейінгі кезеңіне арналыпты. «Қанатты қыз» соғыстан кейін де еліне үлкен еңбек сіңірген. Бейбіт өмірдегі еңбек жолын Батыс Қазақстанда аудандық партия комитетінің нұсқаушылығынан бастаған ол, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы кезінде де халық үшін маңызды істерді шешуге белсене атсалысқан. Ал 1951 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, алғашқы сессиясында Президиум хатшысы болып сайланған.
Көрнекті ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың осы жинақтағы сұхбатында айтылғандай, қазақтың ұлы қыздарының бірі, жастық шағын Отан үшін от пен оқтың ортасында өткізген Хиуаздың ерлігіне ел болып құрмет, қошемет көрсетуіміз керек. Құрмет, қошеметтің шыңы, әрине, Хиуаз Доспановаға Елбасы Жарлығымен 2004 жылы Халық қаһарманы мәртебелі атағы берілуі. Ал кейінгі ұрпақ даңқты ұшқыштың ерліктері мен отансүйгіштігін терең зерделеуі және мақтан етіп, өнеге алуы үшін Хиуаз Доспанованың есімі мектеп және жоғары оқу орындарының тарих оқулықтарына енгізілуі керек. Көркем шығармалар жазылып, көркем фильмдер түсірілсе, тіпті, орынды болар еді. Мұның бәріне қоғамның тарапынан, жекелеген азаматтардан бастамашылдық керек-ақ. Азаматтық қоғамның жақсы бір көрінісі де осы бастамашылдық және бастаған істі соңына дейін жеткізу. Бұл ретте Хиуаз Доспанова есімінің жаңғыртылып, мектеп оқулықтарында есімі Әлия және Мәншүкпен қатар аталып, Атырау халықаралық әуежайына қанатты қыздың есімін беру туралы бастаманы көтеріп жүрген белгілі журналист Тұрсын Қалимованың «Хиуаз» жинағында көтерілген мәселелердің шешімі табылады, онда айтылған жақсы ұсыныстардың барлығы да біртіндеп жүзеге асады деген ойдамыз.
Орайы келгенде, «Хиуаз» кітабының Астанадағы таныстырылымында Астанада Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың еңселі ескерткішінің бой көтерсе және қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүкті қатар атап, «Қос шынар» деген атауға Хиуаз Доспанова есімін қосып «Үш шынар» деп атауды ұсынамын», деген журналист Тұрсын Қалимованың тілегіне атқарушы билік өкілдері назар аударса деген тілегіміз бар.
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері