19 Наурыз, 2011

Елорданың әзірлігі қаралды

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық сайлау комиссиясының кешегі өткен отырысында Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысы қаралды. Отырыста Астана қалалық сай­лау комиссиясы төрағасының, қалалық әкімдіктің жауапты қыз­меткерлерінің, мүдделі ұйымдары мен мекемелерінің 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі ақпараттары тыңдалды. Астана қаласында 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 697257 адам тұрады, олардың 339985-і – сайлаушылар, бұл халықтың жалпы санының 48,8 пайызын құрайды. Кезектен тыс сайлауды Астана қаласы бой­ынша ұйымдастыру мен өткізуді қалалық, Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының сайлау ко­миссиялары мен 218 учаскелік сай­лау комиссиялары іске асы­рады. Қазақстан Республи­ка­сы­ның шет мемлекеттердегі өкіл­дік­тері жанынан 35 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Сайлау комиссияларының құ­ра­мында сегіз саяси партияның: ҚКП – 13, ЖСДП – 10, «Әділет» партиясының – 15, «Ауыл» ҚСДП – 181, ҚКХП – 179, «Руханият» партиясының – 182, Қазақстан Пат­риоттар партиясының – 182, «Нұр Отан» ХДП – 183 және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері бар. Президенттің сайлауды тағайындау туралы Жарлығы шық­қан соң, сайлаушылар тізімін то­лықтыру бойынша жұмыс ай­тарлықтай белсенді жүрді. Қала­ның халық есебіне жауапты ұй­ым­дары мен мекемелерінің жұмы­сы қажетті деңгейде үйлестірілді. Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласының сайлау комис­сия­лары, атқарушы органдары ал­дағы электоралдық науқанды ұй­ымдастырушылық, материалдық-техникалық және ақпараттық қам­тамасыз ету бойынша айтар­лық­тай жұмыс жүргізгенін атап өтті. Сайлау комиссияларының жергілікті атқарушы және өкілді ор­ган­дарымен өзара іс-әрекеттестігінде кейбір кемшіліктер де бар. Учаскелік сайлау комиссияла­рын оқыту бойынша белсенді жұ­мысты жалғастыру, оның аясында сайлау рәсімдерінің, бірінші кезекте дауыс беру күні мен дауыс­тарды санау кезіндегі сайлау рә­сім­дерінің заңдылығы мен ай­қын­дығына баса назар аудару қажет етіледі. Талқылау барысында Ортсайлауком басшысы қалалық сайлау комиссиясы көп адамдарды қамти отырып, үлкен жұмыс атқарғанын және бұл бұрын анықталған бір­қатар кемшіліктерді жедел түрде жоюға мүмкіндік бергенін баса айтты. Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов 2009 жылы «Сайлау туралы» Заң­ның 20-бабы 11-тармағына сайлау комиссиясы мүшелеріне еңбекақы төлеу тәртібіне қатысты өзге­ріс­тер енгізілгенін атап өтті. Бұл нормамен сайлау комиссиялары мү­ше­лерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына ақы төлеу белгіленген. Сондықтан басым көпшілігі бюд­жеттік ұйымдардың қызметкер­ле­рі (мұғалімдер, медицина қыз­меткерлері және т.б.) болып та­былатын учаскелік сайлау комис­сиялары мүшелерінің қауырт жұ­мысының ақысы тиісінше өтеле­тін болады. Отырыста Орталық сайлау комиссиясына тағы 229 халық­аралық байқаушыны аккредиттеу туралы және шығып қалғанның орнына «Қазақстан Республика­сын­дағы сайлау туралы» Конс­ти­туциялық Заңмен белгіленген тәр­тіпте жаңа мүше сайланғанға дейін Арман Жиенғалиевті Батыс Қазақстан облыстық сайлау ко­мис­сиясының мүшесі етіп тағай­ын­дау туралы қаулылар қа­былданды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.