17 Қаңтар, 2017

Қауіпсіздік Кеңесі – батыл ойлар мен ұтымды ұсыныстар алаңы

861 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ООНҚазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы туралы сарапшылар мен мамандар, ғалымдар мен оқымыстылар өздерінің пікірлерін білдіруде. Біз төменде Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің халық­аралық байланыстар және инновация жөніндегі про­ректоры Баубек СОМ­ЖҮРЕКПЕН осы тақы­рыпта жүргізген әңгімемізді ұсынамыз. – Баубек Жұмашұлы, Қазақ­станның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшелерінің қатарына Орталық Азия мем­ле­кет­тері арасынан алғаш болып сайлануының себебі қан­­дай деп ойлайсыз? – Қазақстан – өз Тәу­ел­­­сіз­­­ді­гінің 25 жылы бойында бү­кіл әлемге мемле­кеттердің өза­­ра бейбітқатар өмір сү­ріп, дамуы керектігін айтып, осылай болғанда ғана бү­­кіл әлемнің қауіпсіздігі сақта­ла­тынын жеткізіп келе жатқан мемлекет. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық маңызы мен ық­па­лы зор Азиядағы өзара іс-қи­­мыл және сенім шарала­ры жө­ніндегі кеңес (АӨСШК) ша­қыру, Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшылары­ның съездері, Астана эконо­ми­калық форумы сияқты бастама­лары әлемдік қауіпсіздікті сақ­тауға қосылып жатқан зор үлес­тер. Бұларды әлемдік сұң­ғы­ла саясаткерлер мен сарап­шы­­лар көрмей отырған жоқ. Олар Орталық Азия мем­ле­кет­­тері басшыларының ара­сы­­нан осындай позитивті бас­­та­малардың көтерілгеніне әрі таң қалып, әрі риза болып отыр. Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы сияқ­ты аса беделді халықаралық ұйым­ның төрағалығына сайла­ғанда да осы мәселе­лер­дің ескерілгені анық. Одан әрі Қазақстан Ислам Ынты­мақ­тастығы ұйымы (ИЫҰ) сияқты аса ірі ұйымға да басшылық етті. Бұл оның Ислам әлемі ал­дындағы беделінің зор еке­нін көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан ядролық қару­сыз­дану мен оны жаппай жою туралы әлемдік бастамаларды белсенді түрде қолдап және өзі тарапынан да тың бастамалар көтеруде. Осындай мемлекетті бейбітсүйгіш әлем сыйламай, оған сенім артпай тұра алмайды. Сондықтан да Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы заңды деп есептеймін. – Қазақстанның БҰҰ-мен ынты­мақтасуы осы жолы ғана басталған жоқ қой. Осы жолғы ынтымақтастықтың маңызы қандай деп ойлайсыз? – Дұрыс айтасыз, өзінің тәу­елсіздік алғанына екі жарым ай ғана өткен уақыт­та Қазақ­стан БҰҰ мүшелерінің қата­рына енді. Содан бері оның бірнеше бағдар­ламасына белсене қатысып, қолдау біл­діріп келеді. Мәселен, Халық­аралық еңбек ұйымы, БҰҰ Ба­лалар қоры (ЮНИСЕФ) жә­не Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметтерін қолдап қана қоймай, өзі тарапынан толықтырып, жаңа күш-жігер беріп келеді. Ал Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ның бар­лық алты орга­нының ішіндегі ең бедел­дісі. Өйткені, ол БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті сақтау, ұлт­тар арасындағы достық қа­рым-қатынасты дамыту, ха­лық­аралық проблемаларды шешу сияқты ең басты мін­деттерін орындап, адамның құқы мен бостандығының бұзылмауын сақтау жөніндегі мемлекеттераралық келісімнің орталығы болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің барлық шешімдерінің орындалуы БҰҰ мүшелері үшін міндетті. Ал оның қарарларының орын­далмауы – халықаралық құқықтың бұзылуы деп есеп­теледі. Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ Жар­ғысына сәйкес бейбітшілікті қол­дау жөніндегі халықаралық опера­ция­ларды іске асыруға өкілетті. – Жалпы, Қауіпсіздік Кеңесі және оның мүшелері туралы да айта кетсеңіз. – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне он бес мемлекет мүше болып табылады. Соның ішінде Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және АҚШ сияқты бес мемлекет тұрақты мүше­лері болып табылады. Кезін­де БҰҰ Жарғысымен солай бекітілген. Бұлардың басқа­лар­дан артықшылығы сол, олар ауыспайды және сайланбайды. Ең басты артықшылығы – Қауіпсіздік Кеңесінің кез келген қарарына «вето» қою құқы бар. Бұлардың біреуі ғана қабылданған шешімге «вето» қойса, ол орындалмайды. Ал тұрақты емес мүше 10 мемлекет екі жылдық мерзімге сайланады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия республикалары арасынан бірінші болып сайланып отыр. Бұлардың Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына қарсы дауыс беру құқысы бар, бірақ көпшілік дауыспен ол қабылданып кетсе, «вето» қою құ­қы жоқ. Алайда, шешімдер кө­­біне­се консенсустық тәртіп­пен қабыл­данады. Егер бір мем­лекет қа­рарға табанды түрде қарсы болса, ол дауыс беру­ден қалыс қала алады. Қалай десек те, БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесі – әлемдегі бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосатын орган. Қазақ­стан­ның сондай органның қатарына баруы еліміз үшін үлкен жетістік деп санаймын. Бұл Қазақстанның әлемдік қауіпсіздіктің сақталуына қосып отырған үлесінің жо­ғары бағаланғандығы деп білемін. – Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жуырда Қауіп­­сіздік Кеңесіне Қазақ­станның жаһандық әріптес­тікті нығай­ту жөніндегі өзі­нің тұжырым­да­малық көз­қа­расын Саяси үн­деу ретін­де жариялады. Осы құ­жат ту­ралы пікіріңізді де айта кетсеңіз... – Бұл құжат Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде үнсіз қол көтеретін емес, өзіндік пікір мен ұсыныстар жасай алатын мемлекет екенін көр­сетті. Мысалы, Президент «Жа­һандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжым­дық жауапкершілік қалып­тастырылып, Кеңестің мүше елдері арасында ХХІ ғасырға сәйкес келетін мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңар­тылған моделін құрудың маңыз­дылығын нығайтуға ұмты­ламыз», деп батыл пікір білдірді. Осы мақсатқа жету үшін Қа­зақстан өзінің алдына қандай басым­дықтар қоятынын айтты. Со­ның ішінде Қазақстан «ядро­лық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселесі болып табылатынын» нақты жеткізді. Осыған орай қандай шаралардың атқарылғанын қалайтынын атап-атап көрсетті. Екіншіден, Қауіпсіздік Кеңесінің күш-жігері әлемдік текетірестердің қызуын азайту арқылы жаһандық соғыстың алдын алуға бағытталатыны айтылды. Үшіншіден, Қа­зақ­стан Орталық Азиядан сай­ланған мемлекет ретінде ай­мақтағы барлық елдердің мүдделерін үйлестіру жолымен бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ құруға ұмтылатынын білдірді. Төртіншіден, халықаралық терроризм мен экстремизмді құрықтау барлық мемлекет­тер мен халықаралық, өңір­лік ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана іске асатынын айтып, Қазақстан «бар­лық саяси және діни көш­бас­шылардың, әсіресе зорлық-зомбылық экстремизмі мен радикализмге қарсы үнқатысуды жандандыруға шақыратынын» мәлімдеді. Бесіншіден, Қазақстан Аф­рикада да толық бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздіктің іске асырылуына белсене қатыса алатыны жөнінде айтылды. Ал­тыншыдан, соғыс пен жанжал­дардың алдын алу арқылы ғаламдық табиғи апаттарға да адамзатты қарсы тұруға жұмылдыруға болатынын айта келіп, барлық мемлекеттердің Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемелерінің орындалуын қадағалаудың маңыз­дылығы жеткізілді. Жетін­шіден, Қазақстан БҰҰ жүйе­сінің өзіне де реформа жасап, оның ХХІ ғасырда адам­заттың басына төніп тұрған қатерлерге қарсы тұруға бейімделуі керектігі жолында ұсыныстар мен пікірлер жасай­тындығы айтылды. «БҰҰ соғыстан кейінгі кезең­дегі басқа да жаһандық құры­лым­дар сияқты ХХІ ғасырдың жоғары талаптарына сай кел­ті­рілуі тиіс», делінген Үндеуде. Міне, осындай батыл, соны пікірлер мен нақты ұсыныстар Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерін ойландырып, олардың тиімді жұмыс істеуіне игі ықпалын тигізеді деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»