17 Қаңтар, 2017

Қарағандыда 1300 адам пәтерді заңсыз жалға берген

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағандыда арендалық баспаналардың «көлеңкелі» нарығын азайтуға, сол арқылы облыс бюджетін толықтыруға мүмкін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жергілікті бюджетті толықтыру әдістері туралы аймақтық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Азамат Ахметов әкімдікте өткен кеңесте баяндап берді. Ол жоспардың жекелеген түрлеріне тоқталды. Олардың бірі баспаналарын жалға беретін азаматтарды анықтау және оларды салықтық міндеттемелерге тарту болып табылады. «Жоспарлы 10,9 млн. теңгенің орнына 12,3 млн. теңге түсті немесе 113,1 пайыз. 2015 жылмен салыстырғанда түсімдер 6,4 млн. теңгеге немесе 52,5 пайызға артты. Аталмыш тармақ бойынша жұмыстар облыстық ІІД-мен бірлесіп жүргізілді. Жүргізілген шұғыл іс-шаралар бойынша полиция қызметкерлері пәтерлерін жалға беретін азаматтардың төлеген салықтары бойынша мәліметтерді ұсынып отырды. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары ПИК мәліметтерін тексеру және БАҚ-та жылжымайтын мүлікті жалға беру бойынша ақпаратқа талдау жүргізу арқылы түсімдерді өз бетімен де қамтамасыз етті», - деп атап өтті департамент басшысы. Оның айтуынша, барлық жолдар арқылы жылжымайтын мүлікті жалға беріп отырған 1260 адам табылды. Үлкен көмекті мемлекеттік кірістер және ішкі істер органдары көрсетті. 52 жағдайда ПИК-тегі ақпарат берушілер қолғабыс етті. Нәтижесінде, қолға алынған шаралар бюджетке қосымша кірістер алып келді.